"Қазатомөнеркәсіптің" ұсталған бұрынғы топ-менеджері Қуаныш Омарбеков туралы не белгілі
"Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы топ-менеджері Қуаныш Омарбековтің ұсталғаны қоғам назарын аудартты. Ол үш жылға жуық уақыт ұлттық компанияның өндіріс бағытын басқарған. 40 жастағы Омарбеков еңбек жолын қайдан бастаған, қандай компанияларда басшылық қызмет атқарған және "Қазатомөнеркәсіпке" қалай келген? Stan.kz оның өмірбаяны мен мансап жолына шолу жасады.
Қуаныш Алтынбекұлы Омарбеков 1986 жылы туған. Ол 2023 жылғы маусымнан бастап "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры қызметін атқарып, басқарма мүшесі болған. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін уран өндіру және логистика саласында басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
Омарбеков төрт жоғары оқу орнында білім алған:
- 2007 жылы Алматы экономика және статистика академиясын қаржы мамандығы бойынша бітірген;
- 2014 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде құқық бакалавры дәрежесін алған;
- 2017 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында MBA бағдарламасын аяқтаған;
- 2022 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде "Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту" мамандығын меңгерген.
Оның атом саласындағы еңбек жолы 2011 жылы "Қазатомөнеркәсіп" тобына кіретін "Торгово-транспортная компания" мекемесінің филиалында материалдық-техникалық қамтамасыз ету инженері қызметінен басталған.
- 2018–2022 жылдары "KAP Logistics" компаниясының бас директоры болған. Ал 2022 жылғы желтоқсанда "СП "Ақбастау" акционерлік қоғамының бас директоры болып тағайындалған.
- 2023 жылғы 23 маусымда "Қазатомөнеркәсіптің" өндіріс жөніндегі бас директоры қызметіне келген. Сол айдың 29-ынан бастап компания басқармасының мүшесі болған.
- 2023 жылғы 29 маусымнан бастап "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма мүшесі, ал 2023 жылғы 23 қарашадан бастап Өскемен металлургиялық зауытының (ҮМЗ) директорлар кеңесінің төрағасы болған.
"Қазатомөнеркәсіптегі" міндеті қандай болды?
Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Омарбеков өндіріс блогының жұмысына жауап берген. Оның міндетіне уран өндіру мен барлау жұмыстарын басқару, өндірістік активтерді бақылау, сондай-ақ компанияның еншілес ұйымдарының қызметін үйлестіру кірген.
Еске салсақ, ҰҚК "Қазатомөнеркәсіптің" топ-менеджерлерін ұстағаны туралы хабарлаған едік. Іс "Самұрық-Қазына" және ҚТЖ-ның экс-басшылығымен байланысты. Омарбековпен бірге іс бойынша басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Осы оқиғадан бір күн өткен соң "Қазатомөнеркәсіп" оның және коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужиннің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанын мәлімдеді.
Қазақстандықтар Pinduoduo-дан дәретхана қағазына дейін алатын болған: Бұл отандық кәсіпкерлерге қалай әсер етеді
