Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында ауруханаға оттегі жүйесі арқылы ақша жымқырған бұрынғы бас дәрігер 8 жылға сотталды

оттегі арқылы ақша жымқырған
Фото: ҚМА

Түркістан облысында ауруханаға медициналық жабдық сатып алуға бөлінген 117 миллион теңгені жымқырған бұрынғы бас дәрігер мен кәсіпкер сотталды. Олар жансақтау бөліміндегі науқастарға қажет оттегі жүйесін нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алғандай көрсетіп, бюджет ақшасын өзара бөліскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қаржылық мониторинг агенттігі Қазығұрт аудандық ауруханасына медициналық жабдық сатып алуға бөлінген ақшаны жымқыру ісін тергеп бітірді.

“Тергеу мәліметінше, аурухананың бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер реанимациядағы науқастарға қажет оттегі жүйесін сатып алуға бөлінген ақшаны жымқырған. Олар медициналық жабдықты бірнеше бөлек тауар ретінде көрсетіп, өздеріне тиесілі компаниялар арқылы нарықтағы бағадан қымбатқа сатып алғандай рәсімдеген. Алайда іс жүзінде жабдықты жеткізіп, орнату жұмыстарын басқа ұйым жүзеге асырған. Нәтижесінде мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келтірілген”, – делінген хабарламада. 

Тергеу мәліметінше, олар жымқырған ақшаның бір бөлігіне жылжымайтын мүлік сатып алып, оны туысының атына жазып қойған. Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне елордадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде бұрынғы шенеунік қайын әпкесіне кезексіз үй алып беремін деп сотталып кеткен еді. Айыптау материалдарына сәйкес, әйел жалға алушының қайтыс болуына байланысты тұрғын үйді жалдау шартын өз атына ауыстыру туралы өтініш берген. 

Гүлсезім Мұхатай
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 11:41