Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде мектептер мен ауруханалардың жылу жүйесін жаңарту жеке компанияларға тапсырылмақ

мектеп
Фото: Видеодан скрин

Енді мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың жылу мен электр қуатын қалай пайдаланып отырғанына да назар аударылады. Бұған дейін елімізде энергия үнемдеу талаптары негізінен ірі кәсіпорындарға ғана қойылып келген еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрылтай депутаты Арман Қалықовтың айтуынша, елдегі әлеуметтік мекемелердің энергияны қаншалықты тиімді пайдаланып отырғанын анықтап, артық шығынды азайту қажет.

"Қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар нысанның энергия тұтынуына тереңдетілген талдау жүргізуді жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде энергияны қалай тиімді пайдалануға болатыны жөнінде ұсыныстар әзірленеді", – деді депутат.

Ғимараттардағы жылу мен электр қуатының шығынын азайту үшін жеке инвесторлардың көмегіне де жүгіну ұсынылды. Ол үшін осы салада жұмыс істейтін компанияларды іріктеу тәртібі жеңілдетілмек. Депутаттар осылайша жылуды үнемдеп қана қоймай, мектептер мен ауруханаларда қажетті температураны сақтауға болады деп есептейді.

Айта кетейік, Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары. Ал елдегі энергия тұтыну көлемі 2021 жылдан 2025 жылға дейін 10,8 пайызға өскен.

Құрылтай депутаттары энергия үнемдеуге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай депутаттары энергия үнемдеу талаптарына сай келмейтін тауарларды сатып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Құжатта лауазымды тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарға айыппұл салу ұсынылған.

 

Қарлығаш Асқарова
Сәрсенбі, 25 Қараша, 2026 10:59