Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазгидромет" Ташкенттегі ауаның ластануына Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Ташкент
Фото: gazeta.uz

Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдарында Ташкент қаласындағы ауаға шаң массалары Қазақстан аумағынан таралғаны туралы ақпарат жарияланған. Алайда "Қазгидромет" жүргізген зерттеу бұл мәліметтің ғылыми тұрғыдан дәлелденбегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Қазгидромет" мамандары 2026 жылдың 15–22 қарашасы аралығындағы Ташкент, Сарыағаш және Шымкент аудандарындағы синоптикалық жағдай мен ауа массаларының кері траекторияларына талдау жасаған.

Зерттеу нәтижесінде қарастырылып отырған кезеңде Ташкент маңында атмосфералық қысымның әлсіз өрісі қалыптасып, жер бетіндегі желдің жылдамдығы бәсеңдегені анықталған. Атмосфераның төменгі қабаттарында Иран, Қызылқұм шөлі және Өзбекстанның оңтүстік-батыс аудандары тарапынан оңтүстік-батыс бағыттағы ауа ағындары басым болған.

Сондай-ақ мамандар NOAA HYSPLIT моделін пайдаланып, ауа массаларының кері траекторияларын есептеген. Есептеу нәтижелері Қазақстан аумағынан Ташкентке қарай ауа массаларының тікелей тасымалданғанын растамаған.

"Қазгидрометтің" мәліметінше, Өзгидрометтің бюллетенінде 20 қарашада PM-10 бөлшектерінің концентрациясы Бұхарада 291,9 мкг/м³, Науаида 272,2 мкг/м³, Жизақта 181 мкг/м³, Самарқанда 170,1 мкг/м³ болғаны көрсетілген. Ал Ташкентте бұл көрсеткіш 23,9–75,4 мкг/м³ аралығында тіркелген.

"Қазгидромет" қорытындысы бойынша, жарияланған мәліметтер мен жүргізілген есептеулер Ташкенттегі PM-10 және PM-2.5 ұсақ бөлшектерінің жоғары концентрациясына Қазақстан аумағы себеп болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге жеткіліксіз.

Сонымен қатар шекара маңындағы мониторинг станцияларында тіркелген PM-10 және PM-2.5 көрсеткіштері ластаушы заттардың нақты қай аумақтан таралғанын анықтауға негіз бола алмайды.

"Қазгидромет" Ташкенттегі ауа сапасына қаланың ішкі ластау көздері де елеулі әсер ететінін атап өтті. Олардың қатарында автокөлік қозғалысы, жылыту жүйелері, өнеркәсіп, құрылыс жұмыстары және қолайсыз метеорологиялық жағдайлар бар.

Бұған қоса, мамандар 2015–2025 жылдар аралығындағы көпжылдық метеорологиялық деректерге де талдау жүргізген. Оның нәтижесі Сарыағаш ауданынан Ташкент бағытына қарай ауа массаларының тұрақты тасымалдануы байқалмайтынын көрсеткен.

Бақылау деректеріне сәйкес, бұл өңірде батыс және оңтүстік-батыс бағыттағы ауа ағындары 35–71% жағдайда басым болған. Ал Сарыағаштан оңтүстікке қарай, яғни Ташкент бағытына ауа массаларының тасымалдану жиілігі небәрі 3-5%-ды құраған.

"Қазгидромет" келтірген қорытындылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ресейдің Росгидрометі және Беларусьтің Белгидрометі сарапшыларының қорытындыларымен де расталған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның 12 қаласында ауа сапасы нашарлайтыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 22:17