Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балалардың болашағына тыйым салмайық": Қазақстандық депутат Roblox-ты бұғаттауға қарсы шықты

Roblox ойыны тыйым салуға қарсы
Фото: land.mediaget.com

Қазақстанда Roblox-ты бұғаттау туралы ұсынысқа Мұрат Әбенов қарсы шықты. Оның айтуынша, бұл платформаны балалар жай ғана ойын ойнау үшін емес, бағдарламалау мен басқа да пайдалы дағдыларды үйрену үшін де пайдаланады. Ол тыйым салудың орнына, Roblox-ты Қазақстанда дамытуға жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Roblox – балалар мен жасөспірімдер арасында танымал онлайн ойын платформасы. Онда қолданушылар дайын ойындарды ойнап қана қоймай, өздері де ойын құрастырып, басқа адамдармен бөлісе алады. Платформада түрлі виртуалды әлемдер, жарыстар мен тапсырмалар бар.

Әбенов өз жазбасында Кеңес Одағында 1952 жылы кибернетикаға қарсы науқан басталғанын еске салды. Оның пікірінше, сол кездегі технологияға күмәнмен қарау елдің компьютерлік даму жағынан артта қалуына әсер еткен. Ол бүгінгі Roblox-қа қатысты ұсыныстарды осы тарихи жағдаймен салыстырды.

"1952 жылы "Литературная газета" басылымында кеңестік идеолог Михаил Ярошевскийдің кибернетиканы жалған ғылым деп атап, оған тыйым салуды талап еткен мақаласы жарияланды. Билік бұл ұсынысты қолдады. Нәтижесінде Кеңес Одағы компьютерлік технологияларды дамыту бәсекесінде жеңіліп, бұл бағытта ондаған жылға артта қалды. Бүгінде "Roblox-қа тыйым салу керек" деген ұсыныстарды естігенде, осы оқиға ойыма оралады. Платформаны жабуды талап етіп жүрген қазақстандық шенеуніктің өзі оның не екенін толық түсінбеуі мүмкін. Оны ашып көрмеген, пайдаланбаған адам өзгенің үрейлі әңгімесіне сүйеніп, жаңа технологияға баға беріп отыр", – деп жазды Мұрат Әбенов.

Roblox-ты Қазақстанда 2 миллионға жуық адам пайдаланады

Мұрат Әбеновтің айтуынша, Roblox-ты тек балалар уақыт өткізетін ойын ретінде қарастыруға болмайды. Оның сөзінше, Қазақстанда платформаны 1,5–2 миллион адам пайдаланады. Ал былтыр Roblox әлем бойынша жас әзірлеушілерге 1,5 миллиард доллар төлеген.

"Roblox-ты зиянды ойын деп атау қағаз бен қарындашты сапасыз кітап дегенмен бірдей. Балалар бұл ортада ойын түрінде Lua бағдарламалау тілін, 3D модельдеуді, физиканы, ағылшын тілін және командамен жұмыс істеуді үйренеді. Roblox – әлемдегі ірі цифрлық экожүйелердің бірі әрі балаларға бағдарламалауды үйренуге мүмкіндік беретін тегін IT алаңы. Мәселенің ең түсініксіз тұсы да осы. Заңсыз онлайн-казиноларды, астыртын букмекерлік кеңселер мен алаяқтарды толық тоқтата алмай отырған еліміз енді балалардың дамуына мүмкіндік беретін платформамен күресуге кіріскендей. Бұл қаншалықты қисынды?", – деп жазды ол.

Аружан Қосубаева неге шетелде жүр?

Мұрат Әбенов жазбасында Roblox арқылы танылған қазақстандық жас бағдарламашы Аружан Ардаққызы Қосубаеваны да мысалға келтірді. Оның айтуынша, 2006 жылы туған қыз тоғыз жасынан бастап осы платформаны меңгеріп, кейін халықаралық деңгейде танылған. Қазір оның әлеуметтік желілердегі аудиториясы 16 миллион адамға жеткен.

Әбеновтің жазуынша, Аружан соңғы екі жылда АҚШ-тың ірі брендтерімен және MrBeast командасымен жұмыс істеп келеді. Биыл қыркүйекте Сан-Францискода өткен Roblox әзірлеушілерінің конференциясында сөз сөйлеп, сол айда платформаның марапаттау рәсімінде де сахнаға шыққан. Оның пікірінше, Аружанның жетістігі Қазақстанда осындай жастардың дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру қажеттігін көрсетеді.

"Бір сұрақ туындайды: неге осындай дарынды қыз Қазақстанда емес, АҚШ-та жүріп, әлемді аралауға мәжбүр? Жауап қарапайым. Қазақстанда Roblox пен креативті IT индустриясын дамытуға қажетті толыққанды экожүйе әлі қалыптаспаған. Өз таланттарымызға ел ішінде жағдай жасаудың орнына, кейбір шенеуніктер мен пікір білдірушілер мұндай платформаларды тұтас жабуды ұсынып отыр", – деп жазды Халық кеңесінің мүшесі.

Әбенов Аружанның Астана IT университетінен сабаққа қатыспағаны үшін оқудан шығарылғанын да сынға алды. Оның айтуынша, қыз оқуын онлайн жалғастыруды сұрағанымен, университет бұған келіспеген. Ал Аружан барлық емтиханды тапсырып, оқу орнының жобаларына және халықаралық жарыстарына қатысуға дайын болған.

"Өзін цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған оқу орны деп таныстыратын университет әлемге танылған, нақты жетістіктері бар студентіне неге қашықтан білім алуға мүмкіндік бермеді? Оны тек дәріске қатыспағаны үшін оқудан шығару қаншалықты дұрыс? Осындай бюрократия мен немқұрайдылықтың салдарынан Аружан шетелге кетуге мәжбүр болды", – деп жазды ол.

Осы орайда Мұрат Әбенов Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Аружанды университетке қайта қабылдау мәселесіне көмектесуді сұрады.  

 

 "Тыйым салғаннан гөрі қауіпсіз орта қалыптастыру керек"

Мұрат Әбенов Roblox-ты бұғаттау балалардың платформаны пайдалануын толық тоқтатпайтынын айтады. Оның пікірінше, олар VPN арқылы шектеуді айналып өте алады. Ал тегін VPN қызметтері жеке деректердің қауіпсіздігіне қатер төндіріп, ата-аналық бақылау мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Ол мұндай тыйымның орнына ата-аналарға цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіру, платформамен келіссөз жүргізу және мектептерде арнайы үйірмелер ашу қажет деп санайды.

"Егер аулада біреу доп теуіп жүріп терезені сындырып алса, біз бүкіл ел бойынша футболға тыйым салмаймыз ғой. Оның орнына ойын ережесін үйретіп, қауіпсіз алаңдар саламыз. Roblox-қа да осылай қарау керек. АҚШ, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея мен Сингапурда Roblox-қа қатыстының бәрін жабу керек деген талап жоқ. Керісінше, бұл платформаны білім мен кәсіби дамуға пайдалануға тырысады", – деп жазды Әбенов.

Ол Қазақстанда Roblox компаниясының ресми өкілдігін ашу мәселесін қарастыруды, ата-аналарға платформаның қауіпсіздік баптауларын үйретуді және мектептер мен оқушылар сарайларында Roblox Studio үйірмелерін көбейтуді ұсынды. Әбеновтің пікірінше, балаларды цифрлық технологиялардан шектеудің орнына, оларды жаңа өнімдер жасауға үйрету керек. Сонда жас әзірлеушілер өз қабілетін шетелде емес, Қазақстанда дамытуға мүмкіндік алады.

"Бағбан өсімдікті сындырмайды, оның өсуіне жағдай жасайды. Баланың қабілетін де тыйыммен шектемей, қауіпсіз орта қалыптастырып, дұрыс бағытта дамыту қажет. Онлайн-казинолармен күресу оңай емес. Ол үшін нақты жұмыс пен саяси ерік қажет. Ал балалардың болашағына тыйым салу әлдеқайда оңай сияқты. Бірақ тарихта технологияны шектеу арқылы дамудан қалып қойған елдер аз емес", – деп түйіндеді Мұрат Әбенов.

Еске салсақ, GTA 6 ойынының шығуына байланысты әлемде еңбек демалысын алатындар көбейгені туралы жазған едік. Қызметкерлерді басқаруға арналған бағдарламалық жасақтама әзірлейтін Personio компаниясы GTA 6 ойынының шығу кезеңіне сәйкес келетін еңбек демалысына өтініштер санын зерттеген. Нәтижесінде 19 қарашадан бастап мұндай өтініштер саны осы кезеңдегі орташа көрсеткіштен шамамен 38%-ға артқаны анықталған.

Stan.kz
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 18:00