"17 рет жылдың үздік актері атандым": Азамат Сатыбалды өнердегі жетістіктерін көрсетті
Танымал актер Азамат Сатыбалды өнердегі інісі Еркебұлан Тоқтарға үйіндегі құнды кітаптары мен осы уақытқа дейін алған марапаттарын көрсетті. Өнер иесі өзі үшін ең қымбат марапатқа да тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актер үйіндегі ең үлкен байлығы кітаптары екенін жеткізді. Оның айтуынша, қазақтың ауыз әдебиетін қамтитын, небәрі 120 данамен жарық көрген құнды кітаптарды кездейсоқ сатып алған.
“Мынау – менің үйдегі байлығым. Мына кітаптар өте құнды. Небәрі 120 данасы жарық көрген. Мен мұны кездейсоқ сатып алдым. Мұнда қазақтың бүкіл фольклоры, қара өлеңі, мақал-мәтелі, ертегілері – бәрі бар. Академияда оқып жүргенде курстастарымызбен кітап оқып жарысатынбыз. Үйге келгенде спортзалға бармай, театрдағы жұмысыма дайындалмай, осы кітаптардың кем дегенде бір парағын оқымай ұйықтамайтын едім”, – деді Азамат Сатыбалды.
Сондай-ақ актер Еркебұлан Тоқтарға өнерде жүріп алған марапаттарын көрсетті.
Өнер иесінің айтуынша, 25 жылға жуық өнер жолында ол 17 рет жылдың үздік актері атанған. Алайда сол марапаттардың арасында өзі үшін орны бөлек диплом бар екен.
“Ал мынау – менің жетістіктерім. Мен үшін ең қымбат марапат – Асанәлі Әшімовтің “Үздік кино актері” дипломы. Оны 2022 жылы алдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ал мына марапатты Мәскеудегі халықаралық театр фестивалінде алғанмын. Театр өнерінде жүргеніме 25 жылдай болып қалды. Осы жылдар ішінде 17 рет жылдың үздік актері атандым. Ең кейінгі марапатымды биыл “Сыншылар таңдауы” бойынша “Үздік ер адам рөлі” аталымында алдым”, – деді актер.
Аға буын өкілінің жетістіктерін көрген Еркебұлан Тоқтар да оған құрметін білдірді.
“Өмірін өнерге арнаған адамның марапаттары осындай болады”, – деді Еркебұлан Тоқтар.
Әңгіме барысында Азамат Сатыбалды қазіргі кино саласына қатысты пікірін де айтты. Оның сөзінше, фильмнің құндылығы қанша қаражат тапқанымен емес, көрермен жадында қаншалықты ұзақ сақталатынымен өлшенуге тиіс.
“Қазір біз киноны ақшамен өлшейтін болдық. Киноны оның ғұмырының ұзақтығымен өлшеуіміз керек. Қаншалықты ұзақ өмір сүрсе, соншалықты мықты кино деген сөз”, – деді өнер иесі.
Еске салайық, бұған дейін танымал актер әрі продюсер Азамат Сатыбалды 28 жасында салған төрт қабатты зәулім үйін көпшілікке көрсеткені хабарланды. Өнер иесі баспанасын тұрғызу тарихын айтып, неліктен осы күнге дейін үйінің ішкі көрінісін өзгертпегенін түсіндірген еді.
Алматыда қандай діни ұйымдар бар? Олардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық (Фоторепортаж)
