"Оңай емес": Актер Азамат Сатыбалды бірнеше күн бойы ашығып жүргенін айтты
Актер Азамат Сатыбалды бірнеше күн бойы тек су ішіп, ашығып жүр. Өнер иесі бұл тәсілге қызығушылық танытқандарға бірден ұзақ мерзімге ашығуға асықпау керегін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі мұны әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Актер ашығудың екінші күнінде көңіл-күйінің жақсы екенін айтып, оқырмандарынан су ішіп ашығуға қатысты көп сұрақ келіп жатқанын жеткізген.
“Негізі бір күннен бастаған дұрыс. Ең бастысы – ниет. Оңай емес, қиындықтар бар. Бірақ жеңуге тырысу керек”, – деді ол.
Бірнеше күннен кейін Азамат Сатыбалды тәжірибесін жалғастырып жатқанын хабарлаған. Төртінші күні ол мұндай қадамға дайындықсыз баруға болмайтынын айтып, әр адам алдымен ағзасының жағдайын ескеруі керегіне назар аударды.

Актер өзінің мұндай тәсілді алғаш рет қолданып отырмағанын да атап өтті. Сөзінше, ол он жылдан астам уақыт бойы жылына екі рет ашығып келеді.
“Не істесеңіздер де, зерттеп, біліп алып жасаңыздар. Бұл ойыншық емес. Менің ағзам бұған үйренген. Сондықтан абайлау керек. Денсаулықпен ойнауға болмайды”, – деді Азамат Сатыбалды.
Өнер иесінің видеосын көрген желі қолданушылары оның сыртқы келбетіне алаңдап, ашығуды тоқтатуға кеңес берген. Кейбір оқырман актердің жүдеп кеткенін айтып, денсаулығына абай болуын сұраған.
Еске салайық, бұған дейін ғалымдар ашығуды әдетке айналдырғанның қандай пайдасы бар екенін айтқаны хабарланған еді.
Ауылда тұратын математика мұғалімі 3 сағатта шетелдік видеоны қазақша сөйлететін қосымша жасап шықты