Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел ЖСН-інің ашық жарияланғанын анықтады: Сайттар жеке деректерді келісімсіз жариялай ала ма

ноутбук
Фото: Pexels

Әлеуметтік желі қолданушысының айтуынша, Uchet.kz сайтына оның жеке деректері, соның ішінде аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) келісімінсіз жарияланған. Ол сайттағы ақпараттың қалай алынғанын анықтау үшін ресурс менеджеріне хабарласқан. Алайда менеджер мәліметтер eGov және Ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz ақпараттық жүйелерінен алынатынын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Қолданушының сөзінше, бұл жауаптан кейін оның алдында басқа сұрақтар туындаған. Атап айтқанда, жеке коммерциялық ресурс мемлекеттік ақпараттық жүйелерден азаматтардың деректерін қандай құқықтық негізде алады және оларды ашық түрде жариялауға кім рұқсат берген?

"Мен бұл деректерді сайтта жариялауға және таратуға келісім берген жоқпын. Жеке деректерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алу, өңдеу және үшінші тұлғаларға ашық ұсыну үшін қандай құқықтық негіз бар? Бұл ақпаратты жариялауға кім рұқсат берді?" – деп жазды ол.

Автордың пікірінше, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде белгілі бір мәліметтердің болуы оларды кез келген жеке компания еркін пайдалана алады дегенді білдірмейді. Оның пайымдауынша, азаматтардың деректерін жинау, біріктіру және ашық қолжетімділікке шығару заңда көзделген негіздерге сүйенуі керек.

"Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қандай да бір мәліметтердің қолжетімді болуы кез келген жеке компанияға оларды жинауға, біріктіруге, өз сайтында жариялауға және үшінші тұлғаларға еркін ұсынуға құқық бере ме? Меніңше, олай емес. Деректерді таратуға келісім болмаса, оған заңда көзделген өзге де негіз болуы керек", – деді ол.

Сондай-ақ қолданушы бұл мәселеге қатысты Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне жүгінуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ол Uchet.kz әкімшілігінен және уәкілетті мемлекеттік органдардан азаматтардың жеке деректерін пайдаланудың заңдылығы туралы ашық түсініктеме беруді талап етпек.

"Жеке деректер – кез келген адамның өз бетінше билік ете алатын ортақ тауары емес. Бүгін бұл менің аты-жөнім мен ЖСН-ім болса, ертең кез келген азаматтың деректері осылай жариялануы мүмкін", – деп жазды желі қолданушысы.

ЖСН-ді келісімсіз жариялауға бола ма: министрлік қандай жағдайда рұқсат етілетінін түсіндірді

Министрліктің түсіндіруінше, азаматтың аты-жөні мен жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) жариялауға қатысты талап оның кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегеніне қарай өзгереді. Жеке кәсіпкер ретінде есепте тұрған адамның деректері кәсіпкерлік субъектісі туралы ақпаратқа жатуы мүмкін. Мұндай мәліметтерді пайдалануға заңда арнайы негіз қарастырылған.

Ведомство бұл ретте "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңның 9-бабы 3-тармағының 9-3) тармақшасына сілтеме жасаған. Аталған норма бойынша жеке кәсіпкер туралы ақпаратты іскерлік серіктестер тізілімін жасау үшін оның келісімінсіз пайдалануға жол беріледі.

"Заңнамаға сәйкес, мұндай мәліметтерді дербес деректер субъектісінің келісімінсіз іскерлік серіктестер тізілімін қалыптастыру мақсатында пайдалануға рұқсат етіледі", – деп хабарлады министрлік.

Ал жеке кәсіпкер мәртебесі жоқ азаматтардың деректерін жариялау мәселесі бөлек қаралады. Министрлік мұндай жағдайда алдымен ақпарат орналастырылған сайттың әкімшілігіне хабарласып, деректердің қайдан алынғанын және қандай негізде жарияланғанын анықтауды ұсынған.

Статистика бюросы жеке кәсіпкерлер туралы қандай ақпарат сақтайды?

Ұлттық статистика бюросы кәсіпкерлік субъектілері туралы мәліметтер арнайы статистикалық бизнес-тізілімде жинақталатынын хабарлаған. Онда жеке кәсіпкерлердің аты-жөні, ЖСН-і, тіркелген мекенжайы және қызмет бағыты туралы ақпарат болуы мүмкін. Алайда бюроның мәліметінше, Uchet.kz сияқты коммерциялық ресурстарға ақпарат беру немесе ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыру жөнінде келісім жасалмаған. Сондай-ақ ведомство жеке кәсіпкерлер туралы мәліметтерді өзге сайттарға жариялау үшін арнайы жолдамайтынын атап өткен.

Бюро деректердің ашық болуы оларды кез келген мақсатта пайдалануға мүмкіндік бермейтінін ескерткен. Яғни ақпарат көпшілікке қолжетімді болған күннің өзінде, оны жинау, өңдеу және тарату заң талаптарына сай жүргізілуі керек.

"Жекелеген мәліметтердің көпшілікке қолжетімді болуы бөгде ақпараттық ресурстарды дербес деректерді жинау, өңдеу және тарату кезінде заңнамада белгіленген мақсаттар, негіздер мен тәртіпті сақтау міндетінен босатпайды", – делінген ведомство жауабында.

Ал eGov.kz порталының жұмысын қамтамасыз ететін "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ коммерциялық сайттардағы жарияланымдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Компанияның түсіндіруінше, азаматтың деректері басқа интернет-ресурста пайда болғаны олардың міндетті түрде eGov жүйесінен алынғанын дәлелдемейді.

Заңгер не дейді?

Заңгер Абзал Қасымжановтың айтуынша, коммерциялық сайттың мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәлімет алуы оның жеке деректерді жариялауға автоматты түрде құқығы бар екенін білдірмейді. Ресурс ақпаратты қандай заңды негізде жинағанын, өңдегенін және ашық қолжетімділікке шығарғанын түсіндіруі керек.

“Біз деректерді eGov-тан алдық” деген уәждің өзі оларды жариялауға рұқсат бермейді. Сайт мәліметтерді қандай заңды негізде алғанын және неге оларды барлық келушілерге көрсетуге құқығы бар екенін түсіндіруі керек”, – деді заңгер.

Сонымен қатар адвокат дербес деректерді жинау мен өңдеу үшін, әдетте, азаматтың келісімі қажет екенін, алайда заңда бұған қатысты ерекшеліктер қарастырылғанын атап өтті. Сондықтан адамның ЖСН-ін келісімсіз жариялау әр жағдайда автоматты түрде заңсыз деп бағаланбайды. Мұндай әрекеттің заңдылығы нақты құқықтық негізге байланысты тексерілуі керек.

Қасымжановтың сөзінше, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде сақталған мәліметтерді еркін таратуға болады деген түсінік те дұрыс емес. Деректердің мемлекеттік базада болуы мен оларды көпшілікке жариялауға рұқсат етілуі – екі бөлек мәселе.

"Мемлекеттік жүйеде мәліметтің сақталуы оны кез келген жерде жариялауға құқық бермейді. Жүйедегі ақпарат пен заң бойынша жариялауға рұқсат етілген мәліметтерді ажырату қажет", – деді ол.

Заңгер 2026 жылғы 12 маусымдағы профильді министрліктің ұсынымдарында аты-жөні мен ЖСН заңмен қорғалатын құпиядан бөлек пайдаланылған жағдайда жалпыға қолжетімді деректер ретінде қарастырылатынын да ескеру керектігін айтты. Дегенмен, бұл түсіндірме деректерді өңдеуге заңда көзделген негіздің болуын алмастырмайды.

Оның айтуынша, Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасалған жағдайда да нақты қандай мәлімет алынғанын анықтау маңызды. Өйткені бастапқы статистикалық деректер, жалпы ереже бойынша, құпия болып саналады. Ал заңда құпия саналмайтын ақпараттың жекелеген түрлері, соның ішінде жеке кәсіпкердің аты-жөні көрсетілген.

Деректер заңсыз жарияланса, кім жауап береді?

Адвокаттың түсіндіруінше, егер заң бұзушылық анықталса, деректерді заңсыз жинау мен жариялауды ұйымдастырған тұлға жауапқа тартылуы мүмкін. Мәліметті басқа жерден көшіріп алғанын айту жауапкершіліктен автоматты түрде босатпайды. Сонымен қатар ақпаратты бастапқыда таратқан дереккөздің әрекеті де бөлек бағалануы мүмкін.

"Әр қатысушының жауапкершілігі оның нақты әрекетіне қарай анықталады. Деректерді заңсыз жинау және өңдеу үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал қылмыс құрамы болған жағдайда Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша жауапкершілік туындауы мүмкін. Бірақ ЖСН-нің интернетте жариялануының өзі қылмыстық жауапкершілікке автоматты түрде әкелмейді", – деді Абзал Қасымжанов.

Азамат өз деректерін жариялаудан қалай қорғай алады?

Заңгер мұндай жағдайға тап болған азаматтарға алдымен деректер жарияланған парақшаны тіркеп алуға кеңес береді. Ол үшін сайттың сілтемесін, скриншоттарды және ақпарат анықталған күнді сақтап қойған жөн.

Одан кейін сайт иесіне жазбаша талап жолдап, мәліметтің қайдан алынғанын, қандай мақсатта өңделетінін және оны жариялаудың құқықтық негізі қандай екенін сұрауға болады. Егер деректер заңсыз жиналған немесе өңделген болса, азамат оларды таратуды тоқтатуды және өшіруді талап етуге құқылы.

"Заңсыз жиналған немесе өңделген деректерді азаматтың талабы бойынша жалпыға қолжетімді деректер көзінен бір жұмыс күні ішінде алып тастау көзделген", – деп түсіндірді.

Егер сайт иесі талапты орындамаса немесе нақты жауап бермесе, азамат дәлелдер мен хат алмасуды тіркеп, Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне, соның ішінде eOtinish арқылы шағымдана алады. Бұдан бөлек, сотқа жүгініп, құқық бұзушылықты тоқтатуды, дәлелденген шығындарды өтеуді және моральдық зиян үшін өтемақы талап етуге болады. Өтемақы мөлшерін сот анықтайды.

Заңгердің пікірінше, бұл жағдайда сайт әкімшілігіне қойылатын негізгі сұрақ – белгілі бір адамның аты-жөні мен толық ЖСН-ін жариялауға мүмкіндік беретін нақты заң нормасының бар-жоғы.

“Ақпарат интернетте болған” деген жауап заңдық тексерудің орнына жүрмейді”, – деп түйіндеді Абзал Қасымжанов.

 

Uchet.kz сайтының ашық түсіндірмесінде жеке кәсіпкерлер мен компаниялар туралы ақпарат stat.gov.kz, kgd.gov.kz және басқа да мемлекеттік ресурстардан алынатыны көрсетілген. Алайда сайт деректерді мемлекеттік жүйелерден тікелей ала ма, әлде ашық ақпаратты өзі жинай ма – бұл жағы әзірге белгісіз. Ұлттық статистика бюросы да коммерциялық сайтпен деректер алмасу туралы келісім жоқ екенін мәлімдеген.

Бюро өкілдері жеке деректердің ашық болуы оларды кез келген мақсатта пайдалануға мүмкіндік бермейтінін ескерткен.

"Жекелеген мәліметтердің көпшілікке қолжетімді болуы бөгде ақпараттық ресурстарды дербес деректерді жинау, өңдеу және тарату кезінде заңнамада белгіленген мақсаттар, негіздер мен тәртіпті сақтау міндетінен босатпайды", – делінген ведомство жауабында.

Ал заң бойынша жеке кәсіпкер туралы кейбір мәліметтерді іскерлік серіктестер тізілімін қалыптастыру үшін оның келісімінсіз пайдалануға болады.  Азамат өзінің жеке деректері қайдан алынғанын және қандай мақсатта қолданылып жатқанын сұрауға құқылы. Егер мәліметтер заңсыз жиналған немесе өңделген болса, оларды жоюды талап ете алады. Ал дербес деректерді заңсыз жинау немесе өңдеу фактісі анықталса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 79-бабы бойынша айыппұл қарастырылған.

Егер сайт әкімшілігі азаматтың өтінішіне жауап бермесе, ол eOtinish.kz арқылы Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдана алады.

Жеке деректердің таралуы несімен қауіпті?

Жеке деректер – белгілі бір адамды анықтауға мүмкіндік беретін ақпарат. Оған азаматтың аты-жөні, ЖСН-і, телефон нөмірі, мекенжайы, құжаттарындағы мәліметтер, денсаулығы мен қаржылық жағдайына қатысты ақпарат жатады. Мұндай деректер банктерде, медициналық мекемелерде, интернет-дүкендерде, мемлекеттік сервистер мен басқа да ұйымдардың ақпараттық жүйелерінде сақталады. Егер бөгде адамдар оларға заңсыз қол жеткізсе, мәліметтер интернетке тарап кетуі немесе арнайы ресурстарда сатылымға шығарылуы мүмкін. Дегенмен жеке деректердің таралуынан туындайтын қауіп жария болған ақпараттың түрі мен көлеміне байланысты.

Мәселен, адамның ЖСН-ін ғана білу алаяқтарға оның банк шотындағы қаражатқа автоматты түрде қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Алайда ЖСН-мен бірге телефон нөмірі, тұрғылықты мекенжайы, несие тарихы немесе басқа да мәліметтер тарап кетсе, алаяқтарға азаматты алдау әлдеқайда оңай болады. Олар өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, сеніміне кіруге тырысуы мүмкін.

Сондай-ақ жеке ақпаратты жалған қоңыраулар мен хабарламалар жіберу, түрлі аккаунттарға қол жеткізуге әрекет жасау үшін пайдалануы ықтимал. Сондықтан сырт көзге аса қауіпті көрінбейтін мәліметтердің өзі бөтен адамдардың қолына түскен жағдайда сақтық танытқан жөн.

Қазақстанда қандай ірі деректердің таралу деректері тіркелді?

Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтардың жеке ақпаратының таралуына қатысты бірнеше жағдай қоғамда қызу талқыланды. Солардың бірі – 16 миллионнан астам қазақстандықтың деректері қамтылған базаға қатысты оқиға. 2025 жылдың жазында интернетте осындай мәліметтерден тұратын архивтің пайда болғаны туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін мемлекеттік органдар деректердің шығу тегін және олардың қандай ақпараттық жүйелерден тарауы мүмкін екенін тексерді. 2025 жылдың соңында Қазақстанның спорттық тізіліміндегі мәліметтердің таралғаны туралы да ақпарат шықты. Форумдардың бірінде жарияланған мәліметке сәйкес, база шамамен 286 мың жазбаны қамтыған. Бұған қоса, Kundelik білім беру платформасын пайдаланушылардың деректеріне қатысты да ақпарат тарады. Осы оқиғадан кейін компанияға айыппұл салынғаны хабарланды.

2026 жылы билік өкілдері жеке деректердің жаппай таралуына қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесін де көтерді. Атап айтқанда, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін айыппұл көлемін арттыру және ірі көлемдегі деректердің таралуына байланысты қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды.

Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (ЕНУ) түлектеріне университет ректоры Ержан Сыдықов атынан белгісіз тұлғалардың хабарлама жіберіп жатқаны туралы ақпарат тарады. Түлектер өздерінің жеке деректерінің тарап кеткенін алға тартады.

 

Ислам Әден
Сейсенбі, 24 Қараша, 2026 16:02