Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"4,2 миллион дерек тарап кеткен": Министрлік Daryn.online платформасына жүргізілген тексеру туралы мәлімдеме жасады

Компьютер
Фото: depositphotos.com

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік комитеті "Daryn.online" ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрліктің тексеру жүргізуіне Daryn.online платформасы пайдаланушыларының жеке деректері таралып кеткені туралы ақпарат себеп болған. Желіде тараған ақпаратта платформадағы 4,2 миллион деректің тарап кеткені айтылған.

Осы ақпараттан кейін "Daryn.online" ЖШС-не қатысты "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заң талаптарының сақталуы, оның ішінде дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған міндетті ұйымдастырушылық және техникалық шаралардың орындалуына қатысты тексеріс жүргізілген.

“Тексеру нәтижесінде 4,2 миллион жазбадан тұратын дербес деректердің таралу фактісі расталмады. "Daryn.online" ЖШС ақпараттық жүйесінде нақты сақталған дербес деректер көлемі 90 мыңнан астам жазбаны құрайды, бұл жарияланымдарда көрсетілген көлемдегі деректердің әшкереленуі мүмкін еместігін көрсетеді”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар тексеру барысында дербес деректерді қорғау жөніндегі міндетті шараларды тиісінше орындамауға байланысты заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталған.

Осыған байланысты "Daryn.online" ЖШС әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылып, әкімшілік айыппұл салынды.

Еске салсақ, бұған дейін Daryn.online білім беру платформасы әлеуметтік желілерде тараған 4,2 миллион пайдаланушының деректері жаңа ғана тарап кетті деген ақпаратты жоққа шығарып, жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Дана Русланқызы
Жұма, 31 Шілде, 2026 20:49