Экология министрлігі Атыраудағы ауаның ластануына не себеп болғанын атады
Атырау тұрғындары қыркүйек айының басында өткір жағымсыз иіс пен ауа сапасының нашарлағанына шағымданған еді. Экология министрлігі қыркүйектің алғашқы және екінші онкүндігінде Атыраудағы атмосфералық ауаны бақылау бекеттерінде ластаушы заттардың концентрациясы тіркелгенін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Экология министрлігінің мәліметінше, Атыраудағы ауаны негізгі ластаушы зат – күкіртсутек болып шықты.
“Атырау қаласындағы ауаның күкіртсутекпен (H₂S) ластануының жоғары деңгейі бірнеше фактордың жиынтығына байланысты: "Атырау облысы Су Арнасы" КМК кәріз нысандары , "Квадрат" булану алаңы, жылыту қазандықтары мен ЖЭО ластанудың негізгі көздері. Қолайсыз метеорологиялық жағдайларға желдің аздығы, түнгі уақыт және ластаушы заттардың таралу жылдамдығының төмендігі қосымша әсер еткен”, – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік орталық және жергілікті уәкілетті мемлекеттік органдар ауаның ластануын азайту мақсатында Атырау облысындағы экологиялық жағдайды жақсарту, атап айтқанда, атмосфераға шығарындыларды азайту, инфрақұрылымды жаңғырту, экологиялық бақылауды күшейту бойынша бірқатар іс-шараны іске асырып жатқанын атап өтті.
Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда Атырау облысы бойынша экология департаменті жоспардан тыс тексеру бастамақ.
Еске салсақ, бұған дейін Атырау тұрғындары қаладағы өткір жағымсыз иіс пен ауаның ауырлағанына шағымданып жатқаны туралы жазған едік. Әлеуметтік желіде тұрғындар бас ауруы, аллергия және тыныс алудың қиындағанын жазған. Эколог мұнай өңдеу зауыты маңындағы күкіртсутек мәселесіне назар аударса, дәрігер мұндай ауаның тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіп төндіретінін ескертті.
Астанада параспортшылар федерация басшысына жалақысының бір бөлігін беруге мәжбүр болғанын айтты
