Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атырау халқы неге тұншығып отыр? Улы ауаның адам денсаулығына қаупі қандай

 
Атырау
Фото: CaspianLife

 

Атырау тұрғындары соңғы күндері қаладағы өткір жағымсыз иіс пен ауаның ауырлағанына шағымданып жатыр. Әлеуметтік желіде тұрғындар бас ауруы, аллергия және тыныс алудың қиындағанын жазған. Эколог мұнай өңдеу зауыты маңындағы күкіртсутек мәселесіне назар аударса, дәрігер мұндай ауаның тыныс алу жолдары мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне қауіп төндіретінін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Еліміздің батыс өңірінде тұрып жатқан тұрғындар бұл жағдайға наразы. Тіпті ауаның ластығы соншалық, кей адамдардарда ұйқысыздық пайда болғанын да жарыса жазып жатыр.

“Не ғой, бүгін терезе ашып жатайық па, ауа таза сияқты?”
“Атырау! Терезелеріңді жабыңдар. Газ иісі мүңкіп тұр. Мына ауамен өмір қысқарады ғой”
"Атырау. Бейбіт митингке шығайық десек, шығармайсыздар. Бір сөзбен айтқанда, арқадан қағып қоя салуға дайын тұрасыздар. 2025 жылы, былтыр шыққымыз келген. Енді бүгін Атырау облысының әкімдігінде жиналыс өтіп жатыр. Ол жиналыстардан не пайда?! АМӨЗ емес пе, осының бәріне тікелей себеп болып отырған? Барып, шара қолдану соншалық қиын ба?! Тамағымыз ашып, миымыз ауырып, әлі отырмыз. Мына улау қашан бітеді?! Мұның шегі, аяғы бар ма өзі, қашан бітеді?! Экология департаментінің басшысы дереу орнынан кетсін!"
“Атырау! 06-07.09.26 түн. Түнгі сағат 2-де терезені ашып, "Тұман" фильмінің көрінісін көрдім. Сосын күкірт иісі келді. Атырауда тұрғанымызға қанша жыл болды, бірақ мұндайды бірінші рет көріп тұрмыз. Сосын ұйқысыз түн мен жедел жәрдем шақырулары көп. Таңертең дәріханадан полисорб пен бронх аурулары дәрілерін алуға 12 мың теңге жайдан-жай кетті. Жедел жәрдемдегі қыздар қоңырауларының өте көп және барлығы аллергия мен тұншығудан екенін айтты”
Комент Атырау
Фото: Әлеуметтік желіден

 

Экологтың пікірі

Эколог Лаура Маликованың айтуынша, Атырауда тұрғындарды алаңдатып отырған жағымсыз иіс кездейсоқ құбылыс емес. Сарапшы мұнай өңдеу зауыты маңында ауадағы күкіртсутек мөлшерінің шекті деңгейден асқаны тіркелгенін атап өтті.

“7 қыркүйектегі ақпаратқа қарайтын болсақ, мұнай өңдеу зауытының айналасындағы 3 постта күкіртсутек бойынша шекті нормадан асып тұр. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті концентрациядан асып кеткен. Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) күкіртсутек бойынша мониторинг жоқ. Бұған қарап ластаушы мекемелердің экологиялық талаптарды орындамай жатқанын көруге болады”, – деді Лаура Маликова.

Экологтың сөзінше, Экология министрлігі бұл мәселе бойынша тексерісті кеш ашты. Қазір ауаны тексергенімен, ештеңе де дәлелдей алмайды.

“Атырауда АМӨЗ-дің жанында “Тухлая балка” деген бар. Мағзұм Мырзағалиев министр болып тұрған кезде тазалаймыз деп, экология департаменті, әкімшілік және министрліктер арасында іс-шаралар жоспары жасалған. Бірақ ол қазір ескі кодекс. Қазіргі жаңа экологиялық кодекстің 37-бабына сәйкес Қоршаған ортаның нысаналық сапалық көрсеткіштің жаңа нұсқасын бекіту және ол жерде тарихи ластанғыш аймақтар немесе тазалауға жататын аймақтарды белгілеп құжат жасау керек. Ластанған жерлерді 5 жылда тазалау, оған қажетті қаражат қарастырылу қажет”, – деп мәлімдеді сарапшы.

Эколог-сарапшы стационарлық көздердің саны бойынша қазір қоршаған ортаға үлкен ауырлық салып тұрған Атырау екенін мәлімдеді. Сөзінше, Атыраудағы түсіктің, бала көтере алмау немесе баланың шетінеуі сынды оқиғалардың бастауы – күкіртсутек мәселелері және ұшпалы органикалық қоспалар болып тұр.

“Жалпы мәселе осылардан болады. Қаланың солтүстік жағында да қалдық төгетін жер телімдері бар. Олар да біздің қозғап отырған мәселелерге себепкер. Атырауда ауа таза болатын уақыт ол – қыс айлары. Салыстырмалы түрде орталық аймақта қыста ауа қатты ластанады”, – деді сарапшы.

Лаура Маликова АМӨЗ-дің мониторингін де сынға алды. Сөзінше, АМӨЗ өз мониторинг нәтижесінде біраз өзгерістер енгізеді. Бірақ АМӨЗ ҚазМұнайГаз-дың балансында болғандықтан ешкім оған ешқандай да сын айта алмайтынын тілге тиек етті. Сондай-ақ эколог қала тұрғындары жағымсыз иіс немесе түтін байқаса, қайда және қалай шағымдануы керек екенін де түсіндірді.

“Бірінші кезекте жедел жәрдем шақыру керек. Сол арқылы денсаулықтың нашарлағанын ресми түрде растау қажет. Одан кейін экология департаментіне хабарласып, экологиялық кодекске сәйкес ауаны тексертіп мәселені анықтаған жөн. Экология департаменті экология министрлігінің қарамағындағы комитетке кіреді. Шағымдардың негізінде олар тексеріс ашады”, – деді эколог.

Сөз соңында эколог-сарапшы 2025 жылғы ең ауасы ластанған аймақтарды атап берді. Оның ішінде ең ластанған Қарағанды қаласы болып есептелген. Одан кейін Ұлытау облысы, Алматы облысы, Атырау облысы, Шығыс Қазақстан, Астана, Шымкент, Солтүстік Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы, Абай облысы.

“Адам есінен танып, тыныс тоқтап қалуы мүмкін”: Дәрігер пікірі қандай?

Редакция мәселе шешілмейтін болса, алдағы уақытта Атырау тұрғындарын не күтіп тұрғанын маманнан сұрады. Медицина ғылымдарының докторы профессор, Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті Дамиля Нұғманова Атырау тұрғындарының денсаулығы бойынша пікір білдірді. Сөзінше, астма, өкпе және тыныс алу жолдарының аурулары бар адамдар үшін бұл газ қауіпті.

“Ондай ауаны ұзақ уақыт жұтып жүре берсе, қан тамырларына зиян келтіріп, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыруы мүмкін. Жүкті әйелдер үшін де қауіп бар, себебі мұндай әсер мерзімінен бұрын босану немесе баланың шала туу қаупін жоғарылатуы ықтимал”, – деді Дамиля Нұғманова.

Сарапшының сөзінше, күкіртсутек те тыныс алу жолдары мен көзді тітіркендіреді. Ал оның мөлшері ауада өте жоғары болса, адам есінен танып, тыныс алуы тоқтауы мүмкін.

“Жалпы, ауаның ластануы адам ағзасына бір ғана жолмен әсер етпейді. Оның әсері бірден байқалуы мүмкін: адам жөтеледі, тынысы тарылады, басы ауырады немесе әлсіздік сезінеді. Ал ұзақ уақыт бойы лас ауамен тыныстау жүрек пен қан тамырларына, жүйке жүйесіне, иммунитетке, бауыр мен бүйрекке және репродуктивті денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал”, – деп сөзін қорытындылады Дамиля Нұғманова.

Министрлік бұл мәселе бойынша қандай жұмыстар атқарып жатыр?

Мемлекеттің ресми сайтында 11 шілде күні  Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Атырау облысының әкімімен, аумақтық бөлімшелердің басшыларымен, қоғам белсенділерімен жұмыс кездесуін өткізгені, кездесу барысында атмосфералық ауаның ластануы, экологиялық бақылау, қалдықтарды басқару, табиғатты қорғау іс-шаралары, Каспий теңізінің құрғауы, көгалдандыру және т.б. сияқты мәселелер талқыланғаны жазылған.

"Министр өз сөзінде ірі кәсіпорындардың экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шараларды қамтитын кешенді экологиялық рұқсат алуына тоқталды. Ұсыныстардың бірі аймақты көгалдандыруға үлес қосатын тұзды алып тастауды болдырмау мақсатында Каспий теңізінің құрғаған түбіне отырғызу үшін құрғақшылыққа және тұзға төзімді өсімдіктерді өсіруге арналған питомник құру болды”, – деп жазылған ресми мәлімдемеде.

Қазгидрометтің ресми сайтында ауа ластығы қазіргі уақытта Қазақстандағы ең лас ауа Атырау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Қостанай облыстарында жоғары және қауіпті көрсеткіштер көрсетіп тұр. Бұл өңірлерде ауа құрамындағы зиянды заттардың мөлшері белгіленген шекті деңгейден асып, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе өнеркәсіптік кәсіпорындар шоғырланған және көлік қозғалысы жоғары қалаларда атмосфералық ауаның сапасы өзекті мәселеге айналып отыр.

Карта Казгидромет

Еске сала кетейік, бұған дейін Қытай лас ауамен қалай күресті және Қазақстан одан не үйрене алатынын жазған болатынбыз.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 16:49