Ойнап жүрген балалар қымбат iPhone-ды доппен теуіп сындырып алды: Өтемақы мәселесі жанжалға ұласты
Әлеуметтік желіде қазақстандық далада ойнап жүрген балалар абайсызда қасынан өтіп бара жатқан әйелдің ұялы телефонын сындырып алғаны туралы жазба жарияланды. Әйелдің сөзінше, телефон iPhone 17 Pro Max телефонын ол несиеге алған, ал несиені толық бітуіне әлі 600 мың теңге көлемінде қарыз бар. Заң тұрғысынан кім не істей алады? Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Өз жазбасында әйел балалардың анасын шақыртып, өтемақы талап еткенде анасы одан бас тартқан.
“Анасын шақырсам менің де телефонымды көшедегі біреу сындырды мен ештеңе демедім деп тұр. 102 ге қоңырау шалсам бұндай істі қарамайды екен”, – деп жазды әйел.
Сондай-ақ әйел телефон сатып алатынорталыққа апарса 450 мың теңгеге ғана бағалап тұрғанын айтып, әрі қарай не істеу керектігін білмей тұрғанын жазып, халықтан көмек сұрады.
Қазақстан заңнамасында мұндай жағдай бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілік қарастырылған. ҚР Азаматтық кодексінің 925-бабына сәйкес, 14 жасқа толмаған бала келтірген зиян үшін оның заңды өкілдері жауап береді. Олар зиян өз кінәсінен болмағанын дәлелдей алса, жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Егер бала зиян келтірген кезде оны қадағалауға міндетті білім беру, тәрбиелеу немесе басқа мекеменің қарауында болса, тиісті жағдайда жауапкершілік сол мекемеге де жүктелуі мүмкін. Ал 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар келтірген зиян үшін жалпы негізде өздері жауап береді. Егер олардың мүлкі немесе табысы шығынды өтеуге жеткіліксіз болса, жетіспейтін бөлігін заңды өкілдері өтеуі мүмкін. Бұл ҚР Азаматтық кодексінің 926-бабында көрсетілген.
Жалпы ереже бойынша, заңсыз әрекеттен келтірілген мүліктік зиян толық көлемде өтелуге тиіс. Сондықтан мұндай жағдайда телефонның нақты жөндеу құны немесе келтірілген залал мөлшерін құжаттармен дәлелдеу маңызды.
Осы оқиға бойынша Stan.kz тілшісі заң тұрғысынан тереңінен қаузап, заңгер Абзал Қасымжановтан сұрады. Заңгер өз жауабында, полицияның іс әрекетіне пікір білдірді. Сөзінше, Бұл жағдайды полиция арқылы телефонның ақшасын өндіріп алу мәселесі ретінде шешу қиын. Өйткені мұнда негізгі мәселе — біреудің мүлкіне келтірілген зиянды өтеу. Яғни бұл – азаматтық дау.
“Егер 102 қызметкері арызды қабылдамай қойған болса және адам мұны заңсыз деп есептесе, прокурорға немесе сотқа шағымдануға болады”, – деп жауап берді заңгер.
Заңгердің айтуынша, телефонның 600 мың теңгелік қалған кредиті өтемақы сомасына автоматты түрде қосылмайды. Яғни телефон бүлінгенімен, оның иесі банк алдындағы кредитін төлеуді жалғастыруға міндетті. Шығынды есептеген кезде телефонның нақты қаншалықты бүлінгені және оны жөндеуге немесе қалпына келтіруге қанша қаражат қажет екені ескеріледі. Телефонның бастапқы бағасы, бұған дейін төленген ақша және қалған кредит сомасы қосылып, бірден өндірілетін шығын ретінде есептелмейді.
Сондай-ақ заңгер Абзал Қасымжанов қандай дәлелдер қажет екенін де атап өтті. Айтуынша, телефонның бүлінгенін ғана емес, оны нақты кім бүлдіргенін, оқиғаның қалай болғанын және қандай көлемде шығын келгенін де дәлелдеу қажет.
Сондықтан мына материалдарды жинаған жөн:
-
телефонның зақымданған жерлерінің фото және видеосы;
-
ауладағы бейнебақылау камераларының жазбалары;
-
куәгерлердің байланыс деректері;
-
балалардың ата-аналарымен хат алмасу, әсіресе олардың оқиғаның мән-жайын мойындаған хабарламалары;
-
баланың жасы және оның заңды өкілдері туралы мәліметтер;
-
телефонды сатып алғанын растайтын чек немесе басқа құжаттар;
-
телефонның моделі мен IMEI нөмірі;
-
сервис орталығының телефондағы зақымдарды, оны жөндеуге болатынын және жөндеу құнын көрсететін жазбаша қорытындысы;
-
телефонның құнына қатысты дау туындаса, бағалаушының есебі.
“Фото, чек және кредит шарты пайдалы болғанымен, олардың өзі телефонды нақты осы баланың бүлдіргенін және оны қалпына келтіру құнын толық дәлелдей алмайды”, – деді заңгер.
Сөз соңында заңгер егер баланың ата-анасы шығын өтеуден бас тартса не істеу керектігін де тілге тиек етті. Сөзінше, алдымен ата-анасына жазбаша талап жіберген дұрыс. Онда оқиғаның мән-жайын жазып, келтірілген шығынды растайтын құжаттарды тіркеп, нақты соманы көрсетіп, оны ерікті түрде өтеуді ұсынуға болады.
“Онда келтірілген шығынның сомасы көрсетіліп, оны өтеу мерзімі ұсынылады. Мысалы, 10 күн ішінде төлеуді талап етуге болады. Сондай-ақ тараптар жөндеу ақысын төлеу немесе шығынды бөліп төлеу туралы өзара келісімге келе алады. Егер келісімге келу мүмкін болмаса, азамат шығынды өтеу туралы сотқа талап арыз бере алады. 14 жасқа толмаған бала келтірген зиян бойынша талап оның ата-анасына немесе заңды өкіліне қойылады. Ал 14 18 жастағы жасөспірімдер келтірілген зиян үшін өздері жауап береді, бірақ қажетті жағдайда ата-анасына да жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Егер сот шығынды өтеу туралы шешім шығарса, бірақ жауапкер оны өз еркімен орындамаса, ақшаны сот орындаушысы арқылы өндіріп алуға болады”, – деп сөзін қорытындылады заңгер.
Еске сала кетейік, Қазақстандықтар желіде шетелден өздері сатып әкелген жаңа iPhone 18 смартфонын IMEI арқылы верификациялауда қиындыққа тап болып жатқанын айтып, жаппай шағымданып жатыр.
Ойнап жүрген балалар қымбат iPhone-ды доппен теуіп сындырып алды: Өтемақы мәселесі жанжалға ұласты
