Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар америкалықтарға қарағанда IPhone-ның құнын бір жарым есе көп төлейді

ипхон 18
Фото: Apple

Қазақстанда сатылым басталған кезде жаңа iPhone-дардың құны дәстүрлі түрде Apple-дің АҚШ-тағы ресми бастапқы бағасынан айтарлықтай жоғары. Соңғы бес буын ішінде екі нарықта 256 ГБ жады бар Pro нұсқаларының бағасындағы айырмашылық 40%-дан 57,7%-ға дейін болды. Биылғы жылы айырмашылық соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпаарттық агенттігі хабарлайды.

EnergoProm мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қыркүйегінде АҚШ-та iPhone 14 Pro 256 ГБ 1099 доллардан сатылымға шықты. Сол кездегі орташа айлық бағам бойынша бұл шамамен 522,7 мың теңге еді. Ал Қазақстанда смартфонның бастапқы бағасы 770 мың теңге болды. Яғни Қазақстандағы баға АҚШ-пен салыстырғанда 47,3%-ға қымбат болды.

Бір жылдан кейін iPhone 15 Pro 256 ГБ моделінің АҚШ-тағы бағасы өзгермеді – 1099 доллар. 2023 жылғы қыркүйектегі бағам бойынша бұл 514,2 мың теңгеге тең. Қазақстанда смартфон 720 мың теңгеден сатылды. Екі елдегі баға айырмашылығы 40% болды. 2024 жылы iPhone 16 Pro 256 ГБ АҚШ-та тағы да 1099 доллар бағасымен шықты. Қыркүйектегі орташа бағаммен есептегенде, бұл 527,5 мың теңге шамасында. Қазақстандағы бастапқы бағасы 810 мың теңгеге жетті. Осылайша, еліміздегі смартфон бағасы АҚШ-тағы бағадан 53,6%-ға жоғары болды. Өткен жылдың қыркүйегінде iPhone 17 Pro 256 ГБ АҚШ-та қайтадан 1099 доллардан сатылды. Сол кездегі бағам бойынша бұл шамамен 594,3 мың теңге еді. Қазақстанда модельдің бастапқы бағасы 860 мың теңге болды. Яғни айырмашылық 44,7% құрады.

iPhone 18 Pro бағасы тағы өсті

Биыл Apple компаниясы 256 ГБ жады бар Pro нұсқасының бастапқы бағасын көтерді. АҚШ-та iPhone 18 Pro 1199 доллардан сатылымға шықты. Алайда теңгенің өткен жылдың қыркүйегіне қарағанда нығаюы бұл өсімді біршама өтеді. Қыркүйектегі орташа бағам бойынша АҚШ-тағы смартфон бағасы шамамен 539 мың теңге болды. Ал Қазақстанда iPhone 18 Pro 850 мың теңгеден сатылып жатыр. Бұл былтырғы iPhone 17 Pro моделінің бастапқы бағасынан 10 мың теңгеге арзан**. Бірақ АҚШ бағасымен салыстырғанда Қазақстандағы iPhone 18 Pro 57,7%-ға қымбат. Бұл – соңғы бес буындағы iPhone модельдері арасындағы ең үлкен баға айырмашылығы. Бұған дейін iPhone 17 Pro 256 ГБ моделінің қазақстандықтар үшін қаншалықты қолжетімді екенін де есептеген едік. 2026 жылдың маусымында бұл смартфон Қазақстанда жеңілдіксіз 837 мың теңге, яғни шамамен 1700 доллар тұрды. Бұл АҚШ-тағы бағадан 45%-ға жоғары. Сол кезде Қазақстандағы салықтар мен міндетті төлемдер шегерілгеннен кейінгі орташа айлық жалақы шамамен 629,4 доллар болды. Демек, қазақстандыққа мұндай смартфонды сатып алу үшін шамамен 2,7 айлық жалақысын жұмсау қажет болған.

Ал өңірлер арасындағы салыстыру кезінде тамыз айындағы жеңілдікпен көрсетілген 790 мың теңге баға және міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру жарнасы мен жеке табыс салығы шегерілгеннен кейінгі есептік орташа жалақы – 365,5 мың теңге алынды. Есеп бойынша, Қазақстанда iPhone 17 Pro 256 ГБ сатып алу үшін орта есеппен 2,2 айлық жалақы қажет болған.

оооооо
Фото: Ұлттық банк

Осыған байланысты жаңа смартфонның қазақстандықтар үшін қолжетімділігі де өзгерді. Жаңа iPhone Pro моделінің бастапқы бағасын орташа айлық жалақымен салыстырғанда, соңғы бес жылда бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген.

2022 жылы iPhone 14 Pro 256 ГБ сатып алу үшін орта есеппен 2,6 айлық жалақы қажет болды. 2023 жылы iPhone 15 Pro үшін бұл көрсеткіш 2,1 айлық жалақыға дейін төмендеді. 2024 жылы iPhone 16 Pro да шамамен 2 айлық жалақыға тең болды.

Өткен жылы iPhone 17 Pro үшін шамамен 2 айлық жалақы қажет болса, 2026 жылы iPhone 18 Pro бағасы орташа есеппен 1,7 айлық жалақыға тең.

Алайда бұл есептеуде салықтар мен міндетті төлемдер шегерілмеген есептелген орташа айлық жалақы қолданылады. Сондықтан көрсеткіш смартфон бағасының есептелген жалақыға қатынасын көрсетеді. Ал салықтар мен басқа да міндетті төлемдер ұсталғаннан кейінгі қолға тиетін табыспен есептегенде, смартфон сатып алуға қажет айлық жалақы саны көбірек болады.

Индекстің төмендеуіне негізінен жалақының өсуі әсер еткен.

Қазақстандағы орташа айлық жалақы:

  • 2022 жылдың III тоқсанында – 299,8 мың теңге;

  • 2023 жылдың III тоқсанында – 350,5 мың теңге;

  • 2024 жылы – 390,3 мың теңге;

  • 2025 жылы – 429,4 мың теңге;

  • 2026 жылдың II тоқсанында – 486,4 мың теңге болды.

Осы кезеңде орташа жалақы 62,2%-ға өскен. Ал жаңа iPhone Pro моделінің бағасы 770 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін, яғни 10,4%-ға ғана қымбаттаған.

оооооо
Фото: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

Ел бойынша орташа көрсеткіш өңірлер арасындағы айтарлықтай айырмашылықты жасырады. Биыл iPhone-ның ең төменгі индексі Маңғыстау және Атырау облыстарында, сондай-ақ Астанада тіркелген. Бұл өңірлерде iPhone 18 Pro бағасы шамамен 1,3 айлық орташа жалақыға тең. 2026 жылдың II тоқсанында орташа жалақы Маңғыстау облысында 673,7 мың теңге, Астанада 647,9 мың теңге, ал Атырау облысында 631,6 мың теңге болды.

Ұлытау облысы мен Алматыда жаңа смартфонды сатып алу үшін шамамен 1,4 айлық орташа жалақы қажет.

Қарағанды облысында iPhone 18 Pro бағасы шамамен 1,8 айлық жалақыға тең. Ал Ақтөбе, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында бұл көрсеткіш 1,9 айлық жалақы болды.

Абай және Қызылорда облыстарында смартфон бағасы 2 айлық жалақыға, ал Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында шамамен 2,1 айлық жалақыға тең.

Жетісу облысында мұндай смартфонды сатып алу үшін шамамен 2,2 айлық орташа жалақы қажет.

Ең жоғары көрсеткіш Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелген. Бұл өңірлерде iPhone 18 Pro бағасы шамамен 2,3 айлық орташа жалақыға тең. Аталған өңірлердегі орташа жалақы 363,1 мыңнан 377,7 мың теңгеге дейін өзгереді. Осылайша, өңірлердегі ең төменгі және ең жоғары көрсеткіш – 1,3 және 2,3 айлық жалақы арасында айырмашылық бір толық айлық жалақыға жетеді.

оооооо
Фото: Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

Жаңа жиналмалы iPhone Duo моделінің бағасы да ерекше қызығушылық тудырады. Оның АҚШ-тағы бастапқы бағасы 1999 доллар. Қыркүйек айындағы орташа бағам бойынша бұл шамамен 898,6 мың теңге. Қазақстандағы ресми бағасы әзірге жарияланған жоқ. Егер оның бағасы соңғы бес жылдағы Pro модельдеріндегі сияқты АҚШ бағасынан 40–57,7%-ға жоғары болса, Қазақстанда iPhone Duo шамамен 1,26–1,42 млн теңге тұруы мүмкін. Мұндай баға жағдайында жиналмалы iPhone қазіргі iPhone 18 Pro-ға қарағанда қолжетімділігі төмен болады. Қазақстан бойынша есептелген орташа айлық жалақы 486,4 мың теңге болған жағдайда, болжамды баға шамамен 2,6–2,9 айлық жалақыға тең болады. Ал салықтар мен міндетті төлемдерді есептегенде, смартфонның адамның қолына алатын жалақысына түсіретін қаржылық салмағы бұдан да жоғары болады.

Осылайша, соңғы бес жылда iPhone Pro моделінің есептелген орташа айлық жалақыға шаққандағы бағасы төмендеген. Яғни индекс 2,6 айлық жалақыдан 1,7 айлық жалақыға дейін азайған. Алайда смартфон бағасын қолға тиетін жалақымен салыстырғанда, қажетті айлық жалақы саны көбірек болады. Сонымен қатар Қазақстандағы iPhone бағасы мен АҚШ-тағы ресми бастапқы баға арасындағы айырмашылық сақталып қана қоймай, биыл соңғы бес буындағы ең жоғары деңгейге жетті. Ал бағасы әлдеқайда қымбат болатын iPhone Duo-ның нарыққа шығуы жаңа Apple құрылғысын сатып алу үшін қажет айлық жалақы санын қайтадан арттыруы мүмкін.

Stan.kz
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 13:15