Шетелден iPhone сатып алған қазақстандықтар телефондарын тіркей алмай жатыр
Қазақстандықтар желіде шетелден өздері сатып әкелген жаңа iPhone 18 смартфонын IMEI арқылы верификациялауда қиындыққа тап болып жатқанын айтып, жаппай шағымданып жатыр. Stan.kz мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты.
Threads қолданушыларының бірі шетелден сатып алған жаңа iPhone-ын үшінші күн қатарынан верификациялай алмай жүргенін жазған.
“Жүйеде бұл модельді уақытша верификациялау мүмкін емес деген хабарлама шығады. Осы “уақытша” қашан аяқталады? Бұл модель жүйенің базасында бар ма? Өйткені ресми түрде әкелінген телефондар тіркеліп жатыр. Сонда адамдар телефонды тек ресми жеткізушілерден сатып алсын деген шектеу ме, әлде басқа себебі бар ма?” – деп жазды ол.

Бір қолданушы смартфонды БАӘ-ден сатып алғанын, елге кіргені туралы анықтамасы болғанына қарамастан, жүйе өтінім беруге мүмкіндік бермей тұрғанын жазды.
“Барлық құжатым бар. Бірақ осы модельді верификациялау қолжетімсіз деп шығады. Не істеу керегін білмей отырмын”, – дейді ол.
Тағы бір желі қолданушысы Ресейден сатып алынған телефонға берген өтінімдерінің бірнеше рет кері қайтарылғанын жазған. Ал АҚШ-тан әкелінген iPhone иесі телефонның “сұр тізімге” енгізілгені туралы SMS алғанын айтады. Оның сөзінше, өтінім сайтта әлі де тексеріліп жатыр.

Бұдан бөлек, азаматтар техникалық қолдау қызметінен нақты жауап ала алмай отырғандарын да жазды.
“Күн сайын сайтқа кіріп тексеремін. Техникалық қолдауға да жаздым. Шамамен қашан шешілетінін сұрадым, бірақ шаблон жауап қана келді”, – дейді қолданушылардың бірі.
Тағы бірі:
“Телефонды шетелден сатып алдым, шекарадан өткенім туралы мәлімет те бар. Бірақ өтінім бере алмаймын. Қайдан телефон сатып алу – өз таңдауым”, – деп жазды.
Ал кей тұрғындар құны миллион теңгеге жуық құрылғы сатып алып, оны толық пайдалана алмай отырғандарына наразы. Жағдайға шағымданған кей қолданушылар мәселені жаппай көтеруді ұсынып отыр.
"Қолдау қызметіне көптеп өтініш жазу керек", "Ұжымдық талап арыз берейік" деген пікірлер де пайда болды.

Компания не дейді?
Stan.kz редакциясы осы жағдайға қатысты Қазақстанда мобильді құрылғылардың IMEI-кодын верификациялаумен айналысатын ATS Mediafon KZ компаниясына жүгінді. Ұйым iPhone 18 желісін тіркеуге қойылған уақытша шектеудің себебін түсіндірді.
Компания мәліметінше, қазір iPhone 18 модельдерін верификациялау техникалық тұрғыда уақытша шектелген. Бұған жеке тұлғалардан түскен өтінімдерді тексеру кезінде анықталған күмәнді әрекеттер мен қауіптер себеп болған.
“Жеке тұлғалардың өтінім беруі кезінде анықталған тәуекелдер мен ауытқуларды ескере отырып, верификация жүйесін баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау уақытша техникалық тұрғыда шектелді”, – деп мәлімдеді ATS Mediafon KZ.
Компания өкілдерінің сөзінше, қауіпсіздік мониторингі кезінде азаматтардың жеке деректері мен электронды цифрлық қолтаңбасын олардың хабарынсыз және келісімінсіз үшінші тұлғалардың пайдаланған жағдайлары анықталған.
Сондай-ақ екінші IMEI-кодты тексеру жүйесін заңсыз пайдалану белгілері және Мобильді азаматтар базасындағы абоненттік нөмірлерді рұқсатсыз өзгерту қаупі тіркелген.
Компания жеке тұлғалардан өтінімдердің көптеп түсуіне байланысты тексеру тетіктерін күшейтіп, құрылғыларды заңсыз верификациялауға жол бермеу қажет болғанын атап өтті.
Қазір жүйені осындай әрекеттерді анықтап, алдын алатындай етіп қайта баптау жұмыстары жүріп жатыр. Компания бұл шара азаматтардың жеке деректерін қорғауға да бағытталғанын жеткізді.
Алайда техникалық жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. ATS Mediafon KZ мерзімі кейінірек хабарланатынын мәлімдеді.
Жүйедегі жұмыстар аяқталғаннан кейін iPhone 18 желісіндегі құрылғыларды верификациялау қайта қолжетімді болмақ.
Компания құрылғысын заңды түрде сатып алып, талаптарды сақтаған азаматтар функция қалпына келген соң телефондарын кедергісіз верификациялай алатынын мәлімдеді.
Шетелден телефон әкелуге тыйым салынбаған
Айта кетейік, қолданыстағы тәртіп бойынша азаматтың телефонды міндетті түрде Қазақстандағы ресми сатушыдан сатып алуы талап етілмейді. KZ-IMEI жүйесінің ресми нұсқаулығында шетелден смартфонды жеке пайдалану үшін өзі әкелген азаматтың құрылғыны верификациялауға өтінім бере алатыны көрсетілген.
Бұл ретте бір өтінімде екі құрылғыдан артық көрсетуге болмайды. ЕАЭО елдерінен әкелінген құрылғылар бойынша бір адам жылына екі телефонға дейін, ал басқа мемлекеттерден әкелген жағдайда айына екі құрылғыға дейін верификациялауға өтінім бере алады.
2026 жылғы 19 сәуірден бастап Қазақстанға шетелден әкелінетін смартфондарға қатысты тағы бір талап енгізілді. Енді жеке тұлға құрылғыны кедендік шекарадан өткізген кезде жолаушы декларациясында оның IMEI-кодын көрсетуге тиіс.
Сондықтан верификация кезінде телефонның қайдан әкелінгені, шекарадан өту деректері, құрылғының IMEI-коды және өтінімдегі өзге мәліметтердің сәйкестігі тексеріледі.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар 223 су жаңа iPhone 18-ді елге заңсыз алып кірмек болғаны хабарланған еді. Жалпы 10 жолаушының жүгі тексерілген. Солардың бірінің сөмкесінен 50 смартфон табылған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, анықталған жағдайларға қатысы бар адамдардың төртеуі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Тағы төрт адам құрылғыларды жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей әкелген. Табылған барлық iPhone мен AirPods уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Анықталған 10 жағдай бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр.
