Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұғалім ата-ананың мерекеге сыйлаған гүл мен массаж сертификатын қайтарып берген: Қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді

Ұстаздарға сыйлық
Фото: depositphotos.com

Алматы облысында 1-сынып оқушысының ата-анасы мұғалімге сыйлаған гүл шоғы мен массаж сертификаты ұстазға ұнамай, кері қайтарылғанын айтты. Сөзінше ұстаз өзінің педагог-магистр екенін және мұндай сыйлық өз деңгейіне сай келмейтінін айтып, ата-аналардан енді сыйлық әкелмеуді сұраған. Мұғалімнің сөзі ата-ананың наразылығын туғызып, олардың арасында түсініспеушілікке ұласқан. Оқиғаға қатысты жазысқан хаттар әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде Аяжан есімді ата-ана 1-сыныпта оқитын қызының мұғалімі ұстаздар күнінде өзіне берген сыйлықты ұнатпағанына наразылығын білдірді.

“Енді ұстаздың мәртебесіне қарай сыйлық беруіміз керек пе? Гүл шоғы мен массажға арналған сертификат ұсынған едік. Ал оған сыйлықтарымыз ұнамапты. Енді ата-аналар қайтадан ақша жинап, мұғалімге сыйлықтың орнына ақша бермек. Бала мектепке барғанына небәрі бір ай болды. Қызық, магистр дәрежесі бар мұғалімдерге қандай сыйлық беру керек екен? Сыйлықтардың да қандай да бір деңгейге бөлінетін тәртібі бар ма?”, – деп жазды ол. 

Аяжан кейін сол мұғаліммен ата-ананың сөйлескен жазбасын желіге салды. Айтуынша, бұл оқиға Іле ауданында, Өтеген батыр ауылында орналасқан мектептерде болып отыр. 

Сыйлық менің деңгейімде емес , мұғалім
Фото: Желі жазбасынан скрин

Мұғалім:

– Сәлеметсіз бе! Келесі жолы маған да, басқа ата-аналарға да сыйлық әкелудің қажеті жоқ. Мен педагог-сарапшымын, педагог-магистрмін. Мұндай сыйлықтар менің деңгейіме сәйкес келмейді. Мені дұрыс түсініңіздер. Тіпті ата-аналар тобында мені Мұғалімдер күнімен қарапайым түрде де құттықтай алмадыңыздар.

Ата-ана:

– Сәлеметсіз бе! Балам сізге өз қолымен сыйлық жасап, қуантқысы келген еді. Сонда бұл сыйлық сіздің деңгейіңізге сәйкес келмейді дегеніңіз бе? Мен ата-аналар тобынан шықтым. Балам үшін ренжідім. Ол сізді қуантқысы келген еді. Ренжімеңіз, бұл әңгімені әлеуметтік желіге жариялаймын!

Мұғалім:

– Сіздердің өзара тіл табыса алмауларыңызға мен кінәлі емеспін. Сіздер ата-анасыздар. Сол себепті оның зардабын мен тартып отырмын. Мұндай ата-аналарды бірінші рет көріп тұрмын. Тіпті қарапайым құттықтаудың өзі болмады.

Ата-ана:

– Сіз сыйлыққа бола ренжідіңіз. Бұдан басқа не күттіңіз? Бала тарапынан көрсетілген ықыласқа қуанбадыңыз ба? Мен сізді қорқытып тұрған жоқпын. Бірақ сыйлыққа осылай реакция білдірген мұғалімді де бірінші рет көріп тұрмын…

“Бәлкім, ол Dyson күтті ме екен?: Сыйлыққа тыйым салынған”

Бұл жазба желіде қазақстандықтардың қызу талқысына түсті. Көпшілік мұғалімнің бұл қылығын ерсі санап, кей ұстаздар өз оқушыларының құттықтау хаттарын салды. 

Мұғалімдер сыйлығы
Фото: Желі кадрларынан скрин

 

"Мынау енді шектен шығу ғой. Мен мемлекеттік мекемеде жұмыс істеген кезімде шоколадтың өзін алмайтынмын  Бізге сыйлық алуға тыйым салынған еді. Бәлкім, ол Dyson күтті ме екен?"
"Бізде де осындай жағдай болды. Мұғалім гүлдердің солып қалғанын, ал конверттегі ақшаның да оның деңгейіне сай келмейтінін айтып, сыйлығымыздың өзін қорлау деп қабылдаған еді. Балалар өлең жаттап, әрқайсысы шоколадтан сыйлаған еді. Соның бәрін де қайтарып бермек болды. Біз қатты таңғалдық, мұндай реакцияны күтпедік"
"Мынауың тым шектен шыққан екен... Менің алдыма гүл мен үш шоколад әкелсе, қатты қуанар едім. Балалар маған ашықхаттар салып, ермексаздан жасаған бұйымдарын әкелетін. Мен олардың бәрін әлі күнге дейін сақтап жүрмін" 
 "Енді не істейміз, педагог-магистрге алтын беруіміз керек пе?", – деп жазды жұртшылық

Дегенмен ұстаздың бұл әрекетін ақтағандар да болды. Олар мұғалімнің сөзін ата-аналар қате түсінген шығар деп топшылады. 

"Меніңше, бұл жерде мұғалімді дұрыс түсінбей қалған сияқты. Ол "сыйлық тым арзан, қымбатырақ сыйлаңдар" деп айтқан жоқ қой. Керісінше, "маған сыйлық әкелудің қажеті жоқ" деді. Бәлкім, ол өзінің педагог ретіндегі мәртебесіне байланысты жалпы ата-аналардан сыйлық қабылдамағаны дұрыс екенін айтқысы келген шығар. Ал "менің деңгейіме сәйкес емес" деген сөзді сәтсіз жеткізген болуы мүмкін. Өйткені орыс тілі ол үшін ана тілі болмауы да ықтимал"
"Сірә, жағдай былай болған сияқты: мұғалім бір ата-анадан келген жеке сыйлықты, оның үстіне массаж сертификатын қабылдамаған. Өйткені массаж — бәрібір жеке процедура. Мұғалімге массажға сертификат беру де әдептілікке жатпайды деп ойлаймын”
"Білім бөлімі оны қолдауы мүмкін, өйткені ата-аналардан сыйлық қабылдауға тыйым салынған. Негізі, сыйлық қабылдайтын мұғалімдер осы ережеге қайшы әрекет етеді. Бұл — арандату үшін әдейі жасалған жалған ақпарат сияқты", – деп жазды екінші тарап

“Ата-аналарға артық шығын болмауы керек: Министрлік не дейді”

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге гүл және басқа да сыйлықтар тарту етуге жол берілмейтінін мәлімдеген еді. Кейін бұл мәлімдеме ата-аналар мен гүл бизнесінің наразылығын тудырды. Бұдан соң ведомство гүл сыйлауға толық тыйым жоқ екенін нақтылады. Дегенмен ведомствоның мәліметінше, мұғалімге гүл сыйлау жақсы дәстүр болғанымен, ол міндетке, жарысқа немесе ата-аналарға артық шығынға айналмауы керек.

"Ең бастысы – гүл шоғының көлемі мен бағасы емес, баланың мұғалімге деген құрметі. Сондықтан гүл сыйлау әр баланың және оның ата-анасының ерікті таңдауы болып қалуы керек. Білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашы болмауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұндай міндетті ата-аналарға жүктемеуі тиіс", – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік ұстаздарға алғыс білдіруді міндетті түрде материалдық сыйлықпен байланыстырмауды да ұсынды. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 17:43