Тоқаев Оманның ең жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтің келіссөздерінен кейін екі ел басшысына жоғары мемлекеттік наградалар табысталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оман Сұлтаны Тоқаевқа елдің ең жоғары мемлекеттік наградасы — “Әл Саид” орденін тапсырды. Ал Қазақстан президенті Хайсам бен Тарик Әл Саидті “Алтын Қыран” орденімен марапаттады.
Салтанатты рәсімде Тоқаев Оман Сұлтанының Қазақстанға сапары тарихи маңызға ие екенін айты. Оның айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Президент Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық әрі сенімді серіктесі деп атады. Екі елдің 30 жылдан астам уақыт бойы өзара сенім, түсіністік пен қолдау негізінде ынтымақтасып келе жатқанын айтты.
“Бүгін мәртебелі Сұлтанды Астанада қарсы ала отырып, біз екіжақты қарым-қатынасымызды тарихи маңызы бар жаңа деңгейге көтеріп отырмыз. Бұл — Оман Сұлтанының Қазақстанға және жалпы Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Бұл сапарды елімізге деген шынайы құрметтің және екі мемлекеттің сауда мен өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенінің белгісі деп қабылдаймын. Бізді мұнай-газ сияқты дәстүрлі салалармен қатар, көлік пен логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, сауда байланыстарын нығайту және ауыл шаруашылығы өнімдерімен алмасу секілді бағыттар да қызықтырады. Оман сияқты стратегиялық серіктесіміз бар екеніне қуаныштымыз. Біз де елдеріңіз үшін сенімді серіктес болуға бар күшімізді саламыз”, — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының екі ел арасындағы байланысты нығайтуға жеке көңіл бөліп келе жатқанын да айтты. Ол Хайсам бен Тарик Әл Саидті көрнекті мемлекет қайраткері деп атады.
Айта кетейік, бұған дейін 6 қазанда Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид келіссөз жүргізгені туралы жазған едік. Кездесуде екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, жаңа әуе рейстерін ашу және бірлескен жобаларды дамыту мәселелері талқыланған.
Ойнап жүрген балалар қазақстандықтың қымбат iPhone-ын доппен теуіп сындырып алған: Өтемақы мәселесі жанжалға ұласты
