Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа әуе рейстері мен мұнай кен орны: Тоқаев пен Оман Сұлтаны не туралы сөйлесті?

басшылар
Фото: Ақорда

6 қазанда Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид келіссөз жүргізді. Кездесуде екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту, жаңа әуе рейстерін ашу және бірлескен жобаларды дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы Оман Сұлтанын қарсы алып, оның Қазақстанға жасаған сапарын тарихи оқиға деп атады. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары.

“Сіздің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуіңіз мен үшін үлкен мәртебе. Бұл сапар екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін. Өзара әріптестіктің әлеуеті зор, ендігі міндет – оны толық пайдалану”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан Оман үшін сенімді серіктес болуға күш салатынын айтты. Сонымен қатар екі ел арасында тікелей әуе рейстерін көбейту туризмнің дамуына ықпал ететінін жеткізді.

“Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Екі ел арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз. Сіздің сапарыңыз аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанынан хабардармын”, – деді президент.

Тоқаевтың пікірінше, бұл екі елдің мұнай саласындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екенін көрсетеді.

басшылар
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Оман қандай келісімдер жасайды?

Тоқаев Оманды Қазақстанның араб елдері арасындағы сенімді әріптестерінің бірі деп атады. 

“Келесі жылы айтулы дата – Қазақстан мен Оман арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде тату достыққа, өзара құрмет пен қолдауға негізделген серіктестіктің жаңа кезеңі үшін берік іргетас қаланды. Жақында Оман премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саид бастаған жоғары деңгейдегі делегацияның Астанаға жасаған жемісті сапары мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жандана түскенін айқын көрсетеді”, – деді президент. 

Президенттің сөзінше, келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады. 

“Келіссөздер қорытындысы бойынша экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын, соның ішінде энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, денсаулық сақтау және басқа да салаларды қамтитын екіжақты келісімдерге қол қоямыз. Бұдан бөлек, серіктестігіміздің басым бағыттарын белгілейтін Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз”, – деді президент. 

Сонымен қатар президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында “Доңға” мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры,  қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

басшылар
Фото: Ақорда

 

Оман Қазақстанмен қандай салаларда жұмыс істегісі келеді?

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саид Қазақстанға көрсеткен қонақжайлығы үшін  Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

“Оман Қазақстанмен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-логистика, қаржы қызметтері, туризм, технологиялар және жасанды интеллект салаларында ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді”, – деді Оман сұлтаны. 

Ол екі елдің географиялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керегін айтты. 

“Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәліздерінің бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка елдерінің басты нарықтарына төте шығатын теңіз жолдарын қамтамасыз етеді. Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз”, – деді Оман Сұлтаны. 

Кездесу соңында Хайсам бен Тарик Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне қолайлы уақытта Оманға сапармен келуге шақырды.

Айта кетейік, бұған дейін Solidcore Resources штаб-пәтері Оманның мемлекеттік инвесторы қатысуымен Астанада салынатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 14:53