Мерзімінен бұрын зейнетке шығу: Қазақстанда зейнетақы аннуитетінің үлгілік шарты өзгерді
2026 жылдың 16 қазанынан бастап Қазақстанда зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартына өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Uchet.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қаражат көздеріне, мұрагерлерге төленетін төлемдерге қатысты талаптарды нақтылап, төлемдерді кешіктіргені үшін сақтандыру компанияларының жауапкершілігін күшейтті.
Зейнетақы аннуитеті – азаматтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) зейнетақы жинағын сақтандыру компаниясына аударып, сол қаражаттың есебінен ай сайын тұрақты төлем алып отыруына мүмкіндік беретін сақтандыру өнімі.
Зейнетақы аннуитеті бойынша сақтандыру сыйлықақысы қандай қаражаттан қалыптасады?
Шартта сақтандыру сыйлықақысының үш көзі бөлек көрсетіледі. Олар:
- басқа сақтандыру ұйымынан аударылатын сатып алу сомасы;
- БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары;
- сақтанушының өз қаражаты.
Егер шарт екі сақтанушыға жасалса, сомалар олардың әрқайсысы бойынша жеке көрсетіледі.
Сақтанушы бір мезгілде сақтандырылған тұлға болып саналады. Ал сақтандыру компаниясы оның пайдасына өмір бойы сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға міндетті.
Сақтандыру сыйлықақысының жетіспейтін бөлігін өз қаражатынан толықтыратын сақтанушы бұл соманы біржолғы және толық көлемде төлеуі тиіс.
Зейнетақы аннуитеті бойынша мұрагерлерге қандай төлемдер беріледі?
Сақтанушы немесе сақтандырылған адам қайтыс болған жағдайда сақтандыру компаниясы оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға әрбір сақтанушы үшін айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) кемінде 35 еселенген мөлшерінде (2026 жылы 151 375 теңге) біржолғы төлем жасауға міндетті.
Егер сақтандырылған адам көзі тірісінде кепілдендірілген сақтандыру төлемдерін толық көлемде алып үлгермесе, қалған соманы шартта көрсетілген тұлғалар, ал олар болмаған жағдайда мұрагерлер ала алады.
Төлемді алушы қаражатты біржолғы немесе ай сайынғы төлем түрінде алуды өзі таңдайды. Біржолғы төлем мөлшері сақтандыру сыйлықақысын есептеу кезінде қолданылған индекстеу мөлшерлемесі мен кірістіліктің тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемесі ескеріле отырып анықталады.
Егер сақтандырылған адам алғашқы ай сайынғы төлемді алмай тұрып қайтыс болса, шартта көрсетілген тұлғаларға немесе мұрагерлерге сатып алу сомасы біржолғы төлем ретінде беріледі.
Сақтандыру ұйымдарына қандай мерзімдер мен міндеттер белгіленеді?
Сақтандыру компаниясы сақтанушыны сақтандыру төлемдерінің мөлшерін есептеу нәтижелерімен таныстыруға міндетті.
Сақтандыру сыйлықақысы түскен жағдайда компания бұл туралы сақтанушыға қаражат есепшотына түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде хабарлауы керек. Хабарламада аударылған зейнетақы жинақтарының сомасы көрсетіледі.
Егер зейнетақы аннуитеті туралы шарт жаңа сақтандыру ұйымымен жасалса, бұрынғы сақтандыру компаниясы сатып алу сомасын сақтандыру бойынша деректер базасын қалыптастырып, жүргізетін ұйымнан тиісті ақпаратты алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде жаңа сақтандыру компаниясына аударуы тиіс.
Егер сақтандырылған адам сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайтып, қаражатты БЖЗҚ-ға қайтару туралы өтініш берсе, сақтандыру компаниясы тиісті соманы қорға 20 күнтізбелік күн ішінде аударуға міндетті.
Аннуитет төлемдерін кешіктірген сақтандыру компаниясына қандай өсімпұл салынады?
Сақтандыру төлемдерін уақытында жүзеге асырмаған жағдайда сақтандыру компаниясы әрбір кешіктірілген күн үшін төленбеген соманың 1,5%-ы мөлшерінде өсімпұл төлеуге міндетті.
Бұл ретте өсімпұлдың жалпы мөлшері төленбеген соманың 50%-ынан аспауы тиіс.
Банктік реквизиттер өзгерген жағдайда сақтанушы не істеуі керек?
Сақтанушы өзінің жеке деректері немесе банктік реквизиттері өзгерген жағдайда бұл туралы сақтандыру компаниясына 10 күнтізбелік күн ішінде хабарлауға міндетті.
Егер сақтанушы жаңа реквизиттер туралы компанияға хабарламаса, ай сайынғы төлемдер дұрыс деректер ұсынылғанға дейін тоқтатылады.
Шартқа енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар тараптар қол қоятын қосымша келісім арқылы рәсімделеді.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға зейнетақы аннуитеттерінің жаңа нұсқалары ұсынылатыны туралы жазған едік.
