Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда ерекше балаға дөрекі қарым-қатынас жасаған жекеменшік балабақшаға қатысты тергеу басталды

Балақай
Фото: Видеодан скрин

Алматыда ерекше білім беруді қажет ететін балаға дөрекі қарым-қатынас көрсеткен балабақша қызметкерлерінің әрекеті тексеріліп жатыр. Әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиғаның видеосын жәбірленуші баланың анасы Threads желісіндегі парақшасында жариялады. Кадрлардан ересек адамның баланың бетінен дөрекі ұстап, қолынан жұлқылағанын көруге болады.

"Біз баламызды сеніп тапсырған жер оны ренжітіп, ұрып-соғып, балағаттап, қорлайтын орынға айналды. Менің балам – ерекше бала. Ол сөйлей алмайды, үйге келіп, анасына өзіне не істегенін айтып бере алмайды. Ол көмек сұрауды немесе өзін қорғауды сөзбен жеткізе алмайды", – деп жазды қала тұрғыны Threads желісінде.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қазір Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлері видеоны зерделеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Сондай-ақ баламен жұмыс істеген маманның және түзету орталығы басшылығының әрекеттеріне де құқықтық баға берілмек.

Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға қатысты болуы мүмкін заңсыз әрекеттерге, әсіресе ерекше қамқорлық пен қолдауды қажет ететін балаларға дөрекі қарым-қатынас көрсету деректеріне ерекше назар аударылатынын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Абай облысындағы арнайы орталықта ерекше балалар жүйелі түрде зорлық көріп келгені туралы жазған едік. Прокуратура мәліметінше, тексеру барысында санитарлар тарапынан тәрбиеленушілердің дәрменсіз күйін пайдаланып, оларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетудің 100-ден астам дерегі анықталған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 22:58