Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елордалық балабақшада тәрбиеші балаларды орындыққа байлап, аяқ киіммен ұрған

бала тәрбиеші балабақша
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Астанадағы оңалтуға арналған балабақшаның тәрбиеші балаларды орындыққа байлап, ұрып-соғып жатқан видео тарады. Балаларға күш көрсеткен тәрбиешіні желі қолданушылары жерден алып, жерге салып, оның жауапқа тартылуын талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіде тараған видеодан балалардың орындыққа төсек жаймамен байланып, жылап отырғанын көруге болады. Енді бір кадрда тәрбиеші аяғына киіп отырған аяқ киіммен баланың басынан ұрған. 

“Мұндай жауыз адамды неге жұмысқа алады? Баланы байлап қойып, басынан аяқ киіммен ұрып жатыр. Өзінде бала жоқ па? Өзім балабақшада жұмыс істеп көргенмін. Балаларымды балабақшаға беруге қорқамын. Тез арада тауып, жауапқа тарту керек”, – деп жазды жазба авторы.

Балалардың қорғансыз күйін көрген желі қолданушылары ашуға мінді. 

“Камераға түспегені қаншама екен. Байғұс балаларды байлап қойыпты. Жауап берсін мына кісі, елдің алдына шықсын, сотталсын”, “Түрмеде шіріп кетсе екен”, “Мұндай тәрбиешілердің шашын жұлатын едім”, “Жабу керек мына балабақшаны”, “Неге осындайларға бір шара қолданбайды? Жұмыстан шығара салады болды, ол барады да басқа балабақшаға жұмысқа кіреді”, “Балабақшада кез келген адам жұмыс істемеуі керек” ,”Неге ұрады? Қалай ғана қолы барады”, “Мына балабақшаның басшылығы қайда қарап отыр”, – деп жарыса жазды желідегілер.

Желі қолданушыларының болжамынша, бұл Астанадағы “Результат” оңалтуға арналған балабақша. 

Болған жағдайға қатысты Астана полициясы қылмыстық іс қозғады.

“Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнежазбаның 2025 жылғы қазан айында түсірілгені анықталды. Полиция қызметкерлері түзету бағытындағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеген әйелдің жеке басын анықтады. Ол полиция басқармасына жеткізілді. Қазір зардап шеккен балалардың ата-аналары анықталды”, – деп мәлімдеді елорда полициясы.

Ведомство оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Бұғ,ан дейін Ақтөбеде балабақша қызметкері ұйықтап жатқан 1,5 жастағы баланың бетін тырнағаны туралы жазған едік. Анасы үйге келгенде баласының бетіндегі тырналған іздерді байқап, бірден балабақшаға барған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 11:04