Астаналық әйел жекеменшік балабақша қызметкерін баланы ұрып-соқты деп айыптады
Астаналық әйел әлеуметтік желіде қаладағы жекеменшік балабақша қызметкерін қызын аяусыз ұрып-соқты деп айыптап, баланың бетіндегі жарақаттың суретін жариялады. Балабақша әкімшілігі болған жайтқа қатысты мекемеде қызметтік тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жазба авторының айтуынша, оқыс жағдай Астанадағы “Сова” жекеменшік балабақшасында болған.
“Балабақша балаға зиян келтіретін емес, оны қауіптен қорғайтын жер болу керек. Кеше бізде дәл осындай жағдай болды. Сеніп жіберіп отырған балабақшада қызымды ұрып жіберген. Балабақша әкімшілігі бейнебақылау камерасы жұмыс істемейді деп көрсетпеді. Астана каласында орналасқан "Сова" балабақшасы”, – деп жазды автор.
Редакция балабақша әкімшілігіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрады. Қазір балабақшада қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
“Балабақша әкімшілігі оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Педагогтің айтуынша, бала ойын кезінде құлап, соның салдарынан жарақат алған. Дегенмен, қызметтік тексеру әлі аяқталмағандықтан, қазір түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Тексеру нәтижесі бойынша оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін қосымша түсініктем береміз. Сондай-ақ шындыққа сәйкес келмейтін және нақты фактілермен расталмаған ақпаратты таратқаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз”, – деп ескертті мекеме әкімшілігі.
Сондай-ақ балабақша баланың құқықтары мен құпиялылығын қорғау мақсатында оның жеке деректері және оны анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер жарияланбайтынын атап өтті.
Мекеме балабақшада бейнебақылау камерасының жұмыс істемейтінін және жүйенің техникалық ақауы мен оны шешу жолдарына қатысты акт барын атап өтті.
Астаналық әйел жекеменшік балабақша қызметкерін баланы ұрып-соқты деп айыптады
