Атырауда балаға қатігездік көрсетті деп айыпталған тәрбиеші сотталған болып шықты
Атыраудағы жекеменшік балабақшада баланы соққыға жықты деп айыпталған тәрбиешінің бұған дейін де жауапкершілікке тартылғанын анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.
Балабақша басшылығы 27 жастағы тәрбиешінің бұрын сотталғанын растады. Алайда оның қай бап бойынша сотталғаны айтылмады.
Директордың айтуынша, жұмысқа қабылданған кезде тәрбиеші соттылығы жоқ екені туралы анықтама тапсырған. Алайда басшылық құжаттың 2025 жылы берілгеніне мән бермеген.
"Бұған дейін тәрбиешіден мұндай әрекетті байқамадық. Ол бізде екі ай жұмыс істеді. Әйел соттылығы жоқ деген анықтама тапсырды. Бірақ кейін қателік жібергеніміз белгілі болды. Бізге 2025 жылы берілген құжат әкелінді. Оны қарап, анықтама бар екен, демек бәрі дұрыс деп ойладық. Құжаттың берілген күніне мән бермедік", – деді жекеменшік балабақша директоры Нагима Аманқосова.
Жекеменшік балабақша үш ай бұрын ашылған. Қазір онда 24 бала тәрбиеленіп жатыр. Зардап шеккен баланың ата-анасы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген балабақша басшылығы да жауапкершілікке тартылуы керек деп санайды.

Еске салайық, бұған дейін Атырау тұрғыны қаладағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиешінің бір жасар ұлын ұрып-соққанын айтып, шағымданды. Әйелдің айтуынша, видеолардан тәрбиешілердің бүлдіршінге дөрекі қарым-қатынас жасағанын, оны қолынан жұлқылап, жерге лақтырып, қараусыз қалдырғанын көруге болады.
Кейін баланың денесінде қолтық тұсындағы ісіну, тістің іздері, құлағындағы тырналған жарақаттар және басқа да дене жарақаттары анықталған.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалған.