Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде балабақша қызметкері ұйықтап жатқан 1,5 жастағы баланың бетін тырнаған: Анасы оның басқа тәрбиешіге ерегісіп істегенін айтты

 
оооооо
Фото: Stan.kz

Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бегімбет ауылындағы "Айгөлек" бөбекжай-бақшасында 1,5 жастағы баланың бетін тәрбиешінің көмекшісі тырнағаны бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Баланың анасы полицияға арыз жазды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Бүлдіршіннің анасы Әлинұр Шонанованың айтуынша, оқиға 29 қыркүйекте болған. Баланы кешкісін балабақшадан әкесі алады. Анасы үйге келгенде баласының бетіндегі тырналған іздерді байқап, бірден балабақшаға барғанын айтты. Балабақша қызметкерлері бастапқыда баланың ұйықтап жатып өз бетін тырнағанын айтқан. Алайда анасы баласының тырнағы жоқ екенін айтып, балабақшадағы бейнебақылау жазбасын көруді сұраған.

“Балам 1,5 жаста. Баламның қолында тырнақ жоқ. Адам ойламатын нәрсені көрдім. Камерада тәрбиешінің көмекшісі ұйықтап жатқан баланың бетін тырнап алғаны көрінеді. Кішкентай баланы шырылдатып кеткен. Балам екі күннен бері ұйықтамай шошынып шықты. 48 жастағы үлкен әйелдің істегені. Сол жерде түсінгенім, тәрбиеші екеуінің арасында біраздан кикілжің бар. Балабақшаның бұрынғы меңгерушісі осы тәрбиешінің көмекшісінің туған апасы. Осыған дейін бұрынғы басшы мен тәрбиеші арасында дау бар. Әлі күнге дейін сот процесі жүруде. Тәрбиешіден көру мақсатында осылай жасаған. Сол күні ауылда бізде жарық өшіп қалды. Алдын ала күні бойы жарық болмайтыны хабарланды. Бірақ жарық ерте жанып, осы жағдай видеоға түсіп қалып тұр. Тәрбиешіден көру мақсатында “камера істемейді” деп сол күнді таңдаған. Менің балам есіктің алдында жатыр. Тез қашып кету үшін есіктің алдындағы баланы таңдаған секілді. Пол цияға арыз жаздым”,- деді анасы Әлинұр Шонанова.

Анасы баланы медициналық сараптамаға апарып, полицияға арыз жазған.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, оқиға Шалқар ауданы Айшуақ ауылдық округінің Бегімбет ауылындағы мемлекеттік "Айгөлек" бөбекжай-бақшасында болған. Мұнда 25 тәрбиеленуші бар.

“Қазіргі уақытта орын алған факті бойынша құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізуде. Оқиғаға қатысы бар қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Аталған жағдай білім басқармасының бақылауында”, – деп хабарлады басқарма.

Ал Шалқар ауданы әкімі оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатқанын растады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда балабақша мен мектептердің жұмысына қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарын лицензиялап, балалардың құқығының сақталуын бақылап, өңірлердегі білім басқармаларының жұмысын үйлестіреді.

Ислам Әден
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 10:15