Қазақстанда мектеп пен балабақшаға қатысты жаңа ережелер енгізілді: Министрліктің өкілеті кеңейді
Қазақстанда балабақша мен мектептердің жұмысына қатысты бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарын лицензиялап, балалардың құқығының сақталуын бақылап, өңірлердегі білім басқармаларының жұмысын үйлестіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда Оқу-ағарту министрлігінің өкілеттіктері кеңейді. Үкімет ведомствоның жұмыс тәртібін қайта қарап, білім беру ұйымдарын лицензиялау, балалардың құқығын қорғау және өңірлердегі білім басқармаларының жұмысын үйлестіру бойынша бірқатар жаңа міндет жүктеді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов 25 қыркүйекте қол қойған.
Енді министрлік нені бақылайды?
Ең басты өзгерістің бірі – білім беру ұйымдарын лицензиялау. Министрлік енді балабақша, мектеп, колледж және басқа да білім беру ұйымдарына лицензия мен оған қосымшаларды беретін болады.
Бұл талап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, бастауыш, негізгі және жалпы орта білімге, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру салаларына қатысты.
Бұдан бөлек, діни білім беру, балаларға білім беру-сауықтыру қызметін көрсету және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бағыттары да қамтылған.
Бұл ретте қаулы лицензия алу талаптарын өзгертпейді. Құжат негізінен министрліктің осы саладағы өкілеттігін нақтылап отыр.
Балалардың құқығы да бақылауда болады
Министрлік енді кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарының сақталуын да бақылайды.
Бақылау өңірлік және жергілікті білім басқармаларына, білім беру ұйымдарына және балалардың құқығын қорғау функциясын атқаратын ұйымдарға жүргізіледі.

Яғни олардың мемлекеттік мекеме немесе басқа меншік нысанында болуы бақылауға кедергі болмайды.
Сонымен қатар шетел азаматтары асырап алған балалардың құқықтарына қатысты бақылау жүргізу өкілеттігі де министрліктің ережесіне енгізілді. Мемлекеттік мектептер, колледждер және басқа да білім беру ұйымдарындағы спорт залдары мен нысандарын жалға беру тәртібін де министрлік реттейді.
Атап айтқанда, спорт нысандарын сабақтан тыс уақытта қалай пайдалануға болатыны және оларды жалға беру тәртібі бекітіледі.
Өңірлік білім басқармаларының жұмысы да өзгереді
Министрлік енді облыстардың, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармасы басшыларына қойылатын біліктілік талаптарын келіседі. Сондай-ақ өңірлік білім басқармалары мен оларға қарасты аудандық және қалалық білім бөлімдерінің міндеттері мен функциялары нақты бөлінеді. Қаулының негізгі бөлігі 25 қыркүйекте күшіне енді. Ал кейбір нормалар 2027 және 2028 жылдардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мұғалімдерге кешкі 18:00-ден кейін ата-аналардың хабарламаларына жауап бермеу ұсынылды. Оқу-ағарту министрі ұстаздардың жеке уақытына құрметпен қарауға шақырды. Алайда бұл талап әзірге заңмен нақты бекітілмеген, ата-аналар мен педагогтер өзара келісім арқылы байланыс уақытын белгілей алады.
"Қазақстандық өнімді сөреге қойғызбайды": Ақтаудан Алматыға бизнесін дамытуға келген кәсіпкер өндірісін жабуды ойлап жүр