Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9 қазаннан бастап мектептерде смартфон қолданудың жаңа ережелері енгізіледі: Оқушылар нені білуі керек

мектеп
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының смартфон қолдану тәртібін нақтылайтын бұйрық қабылдады. Құжатта телефонды сабақ кезінде қандай жағдайда пайдалануға болатыны және қандай талаптарды сақтау керегі көрсетілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Қай кезде телефон қолдануға болады?

Құжатқа сәйкес, сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға болмайды. Алайда бұған қатысты бірнеше ерекшелік бар:

  • Мұғалімнің нұсқауымен оқу мақсатында, яғни тапсырманы орындау үшін қажет болған жағдайда;
  • оқушының немесе басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде;
  • оқушыға денсаулығына байланысты телефон қажет болған жағдайда.

Сабақ басталғанға дейін оқушы телефонын дыбыссыз режимге қойып, діріл мен дыбыстық хабарламаларды өшіруі немесе толық сөндіруі тиіс.

Сонымен қатар мектептер телефондарды сақтауға арналған арнайы орындар ұйымдастыра алады.

Телефон сабаққа қажет болса

Егер сабақ барысында смартфон оқу тапсырмасын орындау үшін қажет болса, мұғалім:

  • Телефон қолдануды қажет ететін оқу тапсырмасын анықтайды;
  • Тапсырманың мазмұнын, телефонды қалай және қанша уақыт қолдану керегін түсіндіреді;
  • Тапсырманы өз бетінше орындау талаптарын және телефонды пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін түсіндіреді;
  • Телефонды қашан қосып, қашан пайдалануды тоқтату керегін айтады.

Бұл жағдайда оқушы смартфонды тек мұғалім берген тапсырманы орындау үшін пайдалануы керек. Телефонның фото, аудио және видео түсіру функцияларын да мұғалімнің нұсқауымен ғана қолдануға болады.

Бұйрық 9 қазанда күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда оқушылардың мектепте телефон пайдалануына байланысты ата-аналарға айыппұл салу мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған. Жаңа ережеге сәйкес, егер оқушы сабақ кезінде ұялы телефон қолданса, жауапкершілік ата-анасына жүктеледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова пікір білдірді. Оның айтуынша, кейбір ата-аналар балаларына телефонды үнемі қосулы ұстауды талап етеді, бұл сабақ барысында қиындық туғызады. "Мұғалімдер оқушылардан сабақ кезінде телефондарын сөндіруді сұрағанымен, кейбір оқушылар ата-аналары телефонды өшіруге рұқсат бермейтінін айтады. Ал оқу процесі толық зейін қоюды қажет етеді" деді депутат. Жоспарланған өзгеріске сәйкес, оқушы алғаш рет ережені бұзса, оған ескерту жасалады. Егер тәртіп бұзушылық қайталанса, ата-анасына 5 АЕК көлемінде, яғни шамамен 19,5 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін. Айыппұлды мектеп әкімшілігінің шақыртуымен келген полиция қызметкері рәсімдей алады.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 14:25