Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ипотекаға кепілгер болудың тәуекелі қандай

Гарант
Фото: info.homsters.kz

Жақын адамыңыздың баспана алуына көмектесу үшін кепілгер болуға келістіңіз делік. Алайда ипотека бірнеше жылға рәсімделетінін ескерсек, бұл шешімнің салдары да ұзаққа созылуы мүмкін. Қарыз алушы төлем жасамай қалса, банк кепілгерден ақшаны талап ете ала ма? Мұндай міндеттеме адамның өзіне ипотека рәсімдеуге кедергі келтіре ме? Stan.kz кепілгер болудың қаржылық тәуекелдерін және Қазақстан заңнамасында қарастырылған жауапкершілік тәртібін зерттеді.

Біреудің қарызы үшін өзіңіз жауап беруіңіз мүмкін

Ипотека рәсімдегенде банктер қарыз алушының төлем қабілетін бағалайды. Егер адамның табысы жеткіліксіз болса немесе банк қосымша қамтамасыз етуді қажет деп тапса, кепілдік немесе кепіл болушылық сияқты құралдар қолданылуы мүмкін.

Бұл жағдайда басқа адам қарыз алушының міндеттемесін орындауына жауапкершілік алады. Бірақ кепілгер ипотекаға алынған үйдің ортақ иесі болмайды. Оның міндеті – жылжымайтын мүлікке үлес алу емес, кредит шарты бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету.

Азаматтық кодекстің 329-бабында кепілдік берушінің басқа адамның міндеттемесі үшін толық немесе ішінара жауап бере алатыны көрсетілген.

Ал 332-бапта кепілдік беруші мен кепіл болушының жауапкершілік көлемі ажыратылған. Кепілдік беруші, егер шартта өзгеше көзделмесе, борышкермен бірдей көлемде жауап береді. Бұған негізгі қарыз, сыйақы, айыпақы және қарызды өндіріп алуға байланысты сот шығындары кіруі мүмкін.

Кепіл болушы болса, шартта көрсетілген сома шегінде жауап береді. Егер оның жауапкершілігі қосалқы сипатта болса, кредитор алдымен негізгі борышкерден қарызды өндіруге ақылға қонымды шаралар қолдануға тиіс.

Сондықтан кепілгер болуға келіскенде құжаттың атауына ғана емес, жауапкершіліктің нақты көлеміне де назар аудару қажет.

Кепілгердің өзі ипотека рәсімдей ала ма?

Басқа адамның ипотекасына кепілгер болған азаматтың өзіне баспана сатып алуға заң жүзінде тыйым салынбайды. Бірақ жаңа несие рәсімдегенде оның қаржылық жағдайы қайта бағаланады.

Банктер қарыз алушының ресми табысын, қолданыстағы кредиттерін, ай сайынғы төлемдерін және жалпы борыштық жүктемесін ескереді. Егер табысы барлық міндеттемені өтеуге жеткіліксіз болса, несие мақұлданбауы мүмкін.

Мұнда кепілгер мен қоса қарыз алушының жағдайын шатастырмау керек.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің түсіндіруінше, қоса қарыз алушының табысы кредит сомасын есептеу кезінде ескеріледі. Ол негізгі қарыз алушымен бірге міндеттемені өтеуге жауап береді. Ал кепілдік берушінің міндеті шарттағы жауапкершілікке байланысты туындайды.

Демек, басқа адамның ипотекасына кепілгер болғаны үшін азаматтың өзіне жаңа ипотека берілмейді деуге болмайды. Бірақ банк оның барлық қаржылық міндеттемесін және тәуекелдерін бағалауы мүмкін. Сондықтан өз баспанасын сатып алуды жоспарлап жүрген адам үшін бұл мәселені алдын ала анықтап алған жөн.

Қарыз алушы төлем жасамаса, кепілгерге не болады?

Мәселен, азамат 25 миллион теңге ипотека рәсімдеп, оған басқа адам кепілдік берді делік. Бірнеше жылдан кейін негізгі қарыз алушы табысынан айырылып, төлем жасауды тоқтатты.

Мұндай жағдайда банк кепілдік немесе кепіл болушылық шартына сәйкес кепілгерге талап қоя алады. Оның қанша ақша төлеуге міндетті болатыны шарттағы жауапкершілік көлеміне байланысты.

Егер кепілдік беруші қарызды негізгі борышкердің орнына өтесе, ол ақшаны кейін борышкерден қайтаруды талап етуге құқылы. Бұл құқық Азаматтық кодекстің 334-бабында қарастырылған.

Алайда бұл кепілгердің ақшасын бірден және еш қиындықсыз қайтара алатынын білдірмейді. Егер негізгі қарыз алушы ақшаны қайтармаса, кепілгер сотқа жүгінуге мәжбүр болуы мүмкін.

Сондай-ақ кепілгердің мүлкіне немесе банктік шоттарына өндіріп алу шаралары бірден қолданылады деп айтуға болмайды. Мұндай әрекеттер заңда белгіленген тәртіппен, тиісті негіздер болған жағдайда жүзеге асырылады.

Кепілгер міндеттемеден қашан босатылады?

Кепілгер болуға келіскен адам бұл жауапкершіліктен кез келген уақытта өз еркімен бас тарта алмайды. Оның міндеттемесі заңда және шартта көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылады.

Азаматтық кодекстің 336-бабына сәйкес, кепілдік пен кепіл болушылық өздері қамтамасыз еткен негізгі міндеттеме тоқтаған кезде де тоқтайды. Сондай-ақ шартта көзделген басқа жағдайлар болуы мүмкін.

Мысалы, ипотека толық өтелсе, оны қамтамасыз еткен кепілдік міндеттемесі де тоқтайды. Ал негізгі міндеттеме кепілгердің келісімінсіз өзгеріп, оның жауапкершілігін арттырса немесе басқа жағымсыз салдарға әкелсе, заңда көрсетілген жағдайларда кепілдік тоқтатылуы мүмкін.

Сондықтан ипотека алты немесе он жыл бұрын рәсімделгеніне қарап, кепілгердің міндеттемесі автоматты түрде аяқталды деп есептеуге болмайды. Оның күшінде екенін шарт пен міндеттеменің қазіргі жағдайына қарап анықтау қажет.

Кепілгер болуға келіспес бұрын нені тексеру керек?

Біреудің ипотекасына кепілгер болу – жай ғана жақын адамға көмектесу емес, қаржылық жауапкершілік алу. Сондықтан қол қоймас бұрын мына мәселелерге назар аударған жөн:

  1. Шарттың түрін анықтаңыз. Кепілдік беруші ретінде ме, әлде кепіл болушы ретінде ме жауап беретініңізді біліңіз.

  2. Жауапкершілік көлемін тексеріңіз. Негізгі қарыздан бөлек сыйақы, айыпақы және сот шығындары кіре ме?

  3. Қарыз алушының төлем қабілетін бағалаңыз. Оның табысы мен тұрақты шығындары ипотеканы өтеуге жете ме?

  4. Өз қаржылық жоспарыңызды ескеріңіз. Алдағы уақытта өзіңіз ипотека немесе басқа несие алуды жоспарласаңыз, ықтимал салдарын анықтаңыз.

  5. Міндеттеменің аяқталу тәртібін біліңіз. Қандай жағдайда кепілгерліктен босатылатыныңызды шарттан қараңыз.

Біреуге баспана алуға көмектесу жақсы ниеттен туындауы мүмкін. Бірақ ипотека бірнеше жылға созылатындықтан, кепілгерлікке келісу де ұзақ мерзімді қаржылық шешім екенін ұмытпаған жөн.

Айта кетейік, бұған дейін біз қаржы сарапшысымен бірге “Қазақстанда пәтерді ипотекаға алған тиімді ме, әлде ақша жинап алған тиімді ме” деген сауалға жауап іздеп көрдік.

Айнура Дарибаева
Бейсенбі, 19 Қараша, 2026 10:11