Қазақстандық әйел TikTok-тағы тікелей эфирі үшін психикалық орталыққа жатқызылды (видео)
Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир кезінде былапыт сөздер айтқан. Осы оқиғадан кейін әйел психикалық денсаулық орталығына мәжбүрлі түрде емделуге жіберілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Абай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полицейлердің назарына әйелдің әлеуметтік желідегі тікелей эфирі іліккен. Эфир барысында ол әдепсіз сөздер айтып, балағаттаған.
Құқық қорғау органдары әйел жеке басын жедел анықтаған. Тексеру барысында әйелдің бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағаны, биыл тамыз айында сот оны осыған ұқсас әрекеті үшін әкімшілік қамауға алғаны анықталды.

Бұл жолы полицейлер әйелдің үйіне жедел жәрдем бригадасымен бірге барған. Сондай-ақ оның бірге тұратын азаматы да әйелдің үстінен шағым түсірген.
"Әйел психикалық денсаулық орталығына үш ай мерзімге мәжбүрлі түрде жатқызылды", – делінген полиция хабарласында.
Полиция департаменті әлеуметтік желілерде қоғамдық тәртіпті бұзу заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.
Еске салсақ, бұған дейін астаналық әйел TikTok-тағы тікелей эфирі үшін айыппұл арқалағаны туралы жазған едік.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді