Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда энергетикалық сусындарға толық тыйым салу ұсынылды

Энергетикалық сусын
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, елге әкелуге және сатуға толық тыйым салу туралы петиция жарияланды. Оны "Әкелер одағы" қоғамдық бірлестігі бастамалаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Петиция Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған. Үкімет деңгейінде қаралуы үшін құжатқа кемінде 50 мың адамның қолы жиналуы керек. Алайда әзірге петицияға 100-ге де жетпейтін адам қол қойған.

Қазақстанда 2025 жылдан бастап энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Ал 2026 жылдан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілді. Дегенмен петиция авторлары қолданыстағы шектеулер жеткіліксіз деп санайды.

Олардың пікірінше, энергетикалық сусындар тек жастардың ғана емес, ересектердің де денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан олар бірқатар елде мұндай сусындарды сатуға жас шектеуі енгізілгенін алға тартып, Қазақстанда бұдан да қатаң шаралар қабылдауды ұсынады.

Петицияда энергетикалық сусындардың қан қысымын көтеруі, құрамындағы қанттың көп болуы және қант алмастырғыштардың ықтимал зияны туралы зерттеулерге сілтеме жасалған. Сондай-ақ авторлар ересектердің шаршау мен ұйқының қанбауын энергетикалық сусындар арқылы өтеуге тырысатынына алаңдайды. Мұндай әдет ұйқының бұзылуына және сусындарға тәуелділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін деп есептейді.

Бұдан бөлек, петиция авторлары тыйымды айналып өтуге мүмкіндік беретін әрекеттерге жол бермеуді талап етеді. Атап айтқанда, өндірушілер өнімнің атауын өзгерту арқылы шектеуден жалтармауы керек. Сондай-ақ энергетикалық сусындардың жарнамасына, тегін таратылуына және әлеуметтік желілерде насихатталуына тыйым салуды ұсынады.

Петиция авторлары энергетикалық сусындарды заңсыз сатқандарға жауапкершілік енгізу қажеттігін де атап өткен.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте 21 жасқа толмаған адамға энергетикалық сусын сатқан дүкеншіге 216 мың теңге айыппұл салынғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 19:45