Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күніне 4 энергетикалық сусын ішкен алматылық ота үстелінен бір-ақ шықты

энергетикалық құты
Фото: magnific.com

Алматыда бірнеше ай бойы күніне 3-4 құты энергетикалық сусын ішкен жас жігіт асқазаны тесіліп, перитонитке шалдыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыда дәрігерлер асқазаны тесіліп, перитонитке шалдыққан жас жігіттің өмірін сақтап қалды. Дәрігерлердің айтуынша, науқас бірнеше ай бойы күніне үш-төрт құты энергетикалық сусын ішкен. 

Іші қатты ауырған ер адам Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Тексеру барысында оның асқазанындағы ойық жара тесіліп, соның салдарынан іш қуысына қабыну тарағаны анықталды. Дәрігерлер жағдайдың өмірге қауіп төндіретінін айтып, науқасқа шұғыл ота жасады.

Аурухана хирургі Ілияс Сағиевтің түсіндіруінше, асқазанның ойық жарасы тесілген кезде оның ішіндегі заттар құрсақ қуысына түсіп, қабыну процесін туындатады. Мұндай жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет.

Дәрігерлер науқасқа дереу ота жасап, асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартқан. Емнен кейін ер адамның жағдайы жақсарып, хирургтің бақылауында болу шартымен үйіне шығарылған.

Науқастың айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын үш-төрт құты энергетикалық сусын ішіп жүрген.

Дәрігерлер энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудырып, қыжыл мен жүрек айнуын күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе, ойық жара сияқты асқазан аурулары бар адамдар тамақтануына ерекше мән беруі керек.

"Бұл науқастың асқазанындағы жараның тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп нақты айта алмаймыз. Алайда оларды көп мөлшерде тұтыну ұсынылмайды. Әсіресе, асқазан аурулары бар адамдарға абай болған жөн", – деді Ілияс Сағиев.

Ер адам бастапқыда күніне бір энергетикалық сусын ішкенін, кейін оның мөлшері тәулігіне сегіз-он құтыға дейін жеткенін айтқан.

Еске салсақ, Қазақстанда энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатқандарға айыпппұл салынатыны туралы хабарлаған едік. Алғаш рет заң бұзған жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш, шағын бизнеске 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Құқық бұзушылық бір жылда қайталанса, айыппұл мөлшері артады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 09:50