Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай
Қазақстанның Мемлекеттік Туын балконға ілуге, көлік салонында орналастыруға болады. Алайда оны жарнамада, киім-кешек немесе тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға шектеу қойылған. Ал мемлекеттік рәміздерді қорлаған адам қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін. Туды кез келген жерге орналастыруға бола ма? Оның бейнесін мемге қолдануға рұқсат етіле ме? Әнұран орындалғанда орнынан тұрмаған адамға айыппұл салына ма? Stan.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарды заңгер Альбина Бахтиярқызымен талқылады.
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қатысты қандай істер қозғалды?
Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлау деректері әр жылдары тіркелген. Кейбір оқиғалар бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үкімі шықса, енді біріне қатысты тергеу басталғанымен, оның нәтижесі туралы ашық ақпарат жарияланбаған. Мәселен, 2022 жылғы шілдеде Павлодар облысында құрылыс қалдықтарының арасынан Қазақстанның екі мемлекеттік Елтаңбасы табылды. Оларды экологтар байқап, полицияға хабар берген. Оқиға орны алюминий зауытынан шамамен 10 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы дерек бойынша Павлодар облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 372-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Тергеу-жедел тобы оқиға орнына шықты. ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабы (Мемлекеттік рәміздерді қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің өкілдері.
2023 жылғы қазанда Атырау облысындағы Қарабатан кен орны аумағында орналасқан вахталық лагерьдің қоқыс үйіндісінен Қазақстанның мемлекеттік Туы табылды. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда көк Тудың қалдықтардың арасында жатқаны көрінеді. Осыдан кейін Атырау облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жарияламаған.
2024 жылғы сәуірде Түркістан облысының Сауран ауданындағы Ибата ауылының тұрғыны орталық көшеде ілінген Мемлекеттік Туды суретке түсіріп, видеоны TikTok парақшасына жариялаған. Жазбасында туды қорлайтын сөздер қолданған. Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығынан кейін видеоны өшіргенімен, ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша іс қаралды.
2024 жылғы 28 мамырда Түркістан қалалық соты оны мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Тағы бір оқиға 2024 жылғы қарашада Алматы облысының Талғар ауданындағы Еркін ауылында тіркелді. Әлеуметтік желіде тараған видеода қоқыс үйіндісінен үш мемлекеттік Елтаңба мен Қазақстан туына ұқсас көк материал табылғаны көрсетілді. Осы жағдайға байланысты Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.
"Талғар аудандық полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша қажетті жедел іс-шараларды бастады. Кінәлі тұлғаларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады", – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал Талғар ауданының әкімдігі қоқыс арасынан табылған мемлекеттік рәміздердің жанында білім беру мекемесіне тиесілі құжаттар болғанын мәлімдеді. Әкімдік өкілдері рәміздердің қоқыс орнынан алынғанын және олардың мемлекеттік мекемелерге тиесілі емес екенін айтқан. Алайда бұл істің соңғы нәтижесі туралы ашық ақпарат жарияланбаған.
2025 жылғы наурызда Атыраудағы мұз айдынында түсірілген тағы бір сурет қоғамда резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде Қазақстан туының арабша жазу мен қылыш бейнесі қосылған нұсқасын ұстап тұрған төрт адамның фотосы тарады.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл дерек бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Сондай-ақ суреттегі төрт адамның барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенін мәлімдеді. Олардың екеуі кәмелетке толмағандықтан, ата-аналарының қатысуымен жауап алынған.
"Әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім болғандықтан, ата-анасының қатысуымен жауап алынуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды", – деп жазылған полиция департаментінің хабарламасында.
Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға қандай жаза қарастырылған?
Заңгер Альбина Бахтиярқызының айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін Қылмыстық кодекстің 372-бабында жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап бойынша кінәлі адамға 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары тағайындалуы мүмкін. Сондай-ақ 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Заңгер бұл жазалардың баламалы екенін атап өтті. Яғни сот істің мән-жайы мен адамның жеке басын ескеріп, жазаның бір түрін таңдайды.
"Бұлар – баламалы жазалар. Сот істің мән-жайын және адамның жеке басын ескеріп, олардың бірін тағайындайды", – деді Альбина Бахтиярқызы.
Маманның сөзінше, мемлекеттік рәміздерді қорлаған адам бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Алайда мұндай жаза барлық жағдайда автоматты түрде тағайындалмайды. Қылмыстық кодекстің 52-бабына сәйкес, сот жазаның түрін таңдағанда қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілігін, кінәлінің жеке басын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескереді. Неғұрлым қатаң жаза жеңілірек жаза арқылы жазаның мақсатына жету мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылады.
"Адам тек қайталап жасаған жағдайда ғана бас бостандығынан айырылады деу дұрыс емес. 372-бапта мұндай міндетті шарт жоқ. Сот әрекеттің сипатын, қоғамдық қауіптілігін, адамның мінез-құлқын, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды бағалайды. Сонымен бірге бас бостандығынан айыруды тағайындауға қатысты заңдағы шектеулерді ескереді", – деп түсіндірді заңгер.
Мемлекеттік Туды балконға ілуге және көлікке орналастыруға бола ма?
2026 жылғы 12 шілдеден бастап мемлекеттік Туды пайдалану тәртібі өзгерді. Үкіметтің 2026 жылғы 26 маусымдағы №556 қаулысымен енгізілген өзгерістерге сәйкес, жеке және заңды тұлғалар патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті білдіру және елдің жетістіктерін қолдау мақсатында Мемлекеттік Туды ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға, сондай-ақ балкондарға орналастыра алады.
Балконға ілінген Ту 45 градус бұрышпен орналасуы керек. Ал жеке тұрғын үйлерде Туды жерден кемінде үш метр биіктікте орналастыру қажет. Тәуліктің қараңғы уақытында оны жарықтандыру міндетті емес. Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты Туды ілу мүмкін болмаса, оны үйге іргелес аумақтағы жеке ту тұғырына орнатуға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі көлік құралдарының салонында Мемлекеттік Туды пайдалана алады. Бұл ретте мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптары сақталуға тиіс. Тудың көлеміне қарамастан, ол ұлттық стандартқа сәйкес болуы керек. Оны жерге, еденге, суға немесе өзге де беттерге тигізуге болмайды. Туды тігінен орналастырған жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде тұруы керек. Бұдан бөлек, Туда жыртылу, тозу, жамау, тесілу, ластану, өңінің оңуы немесе мыжылу сияқты ақаулар болмауы керек. Оны қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, мақсатына сай емес пайдалануға және мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиетін төмендететін өзге де әрекеттерге жол берілмейді.
Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабын ретінде пайдалануға болмайды. Алайда Тудың бейнесін спорттық киім мен спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға рұқсат етіледі.
Туды пайдалану тәртібін бұзғандарға қандай айыппұл салынады?
Мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жаза да қарастырылған. Бұл ретте әрекеттің сипаты мен заң бұзушылықтың түрі ескеріледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 418-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес, Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы бұза отырып пайдалану, орнату немесе орналастыру үшін мынадай жаза көзделген:
- -жеке тұлғаларға – ескерту немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл;
- лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 10 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК мөлшерінде айыппұл.
Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабында Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Мемлекеттік Әнұранды заңнама талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану міндетті болған жағдайда оларды пайдаланбағаны үшін лауазымды тұлғаларға да 50 АЕК айыппұл салынады. Осы бапта көрсетілген әрекеттерді әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталау 100 АЕК айыппұлға әкеп соғады.
Мемлекеттік Туды мемге немесе жарнамаға қолдануға бола ма?
Заңгер мемлекеттік Тудың өзін пайдалану мен оның бейнесін қолданудың аражігін ажырату қажет екенін айтты. Оның сөзінше, материалдың мем немесе әзіл түрінде жасалуы оның заңды не заңсыз екенін өздігінен анықтамайды. Мұндай жағдайда жарияланымның мазмұны, қолданылу тәсілі, контексті және адамның әрекеті ескеріледі.
"Мемлекеттік рәмізді қорлау белгілері болса, “бұл жай әзіл еді” деген түсініктеме жауаптылықтан автоматты түрде босатпайды. Бірақ Тудың бейнесі кездесетін кез келген әзілді бірден қылмыс деп тануға да болмайды", – деді Альбина Бахтиярқызы.
Ал жарнамаға қатысты нақты шектеу бар. Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес, Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға тыйым салынады.
Заңгердің айтуынша, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзу әкімшілік жауаптылыққа, ал қорлау белгілері бар әрекет Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл екі құқықтық ұғымды шатастырмау керек.
Әнұран орындалғанда орнынан тұрмау заң бұзушылық па?
Альбина Бахтиярқызының түсіндіруінше, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" Конституциялық заңның 9-бабына сәйкес, Мемлекеттік Әнұран көпшілік алдында орындалған кезде қатысушылар орнынан тұрып, оны айтады немесе тыңдайды. Қазақстан азаматтары бұл ретте оң қолын жүрек тұсына қоюы керек.
Алайда заңгер Әнұранға қосылып ән айтпау өздігінен құқық бұзушылық болып саналмайтынын жеткізді. Өйткені заң оны орнынан тұрып тыңдауға да мүмкіндік береді.
"Әнұранға қосылып ән айтпаудың өзі құқық бұзушылық емес. Заң оны орнынан тұрып тыңдауға да мүмкіндік береді. Ал орнынан тұрмау мәселесінде нақты жағдай бағалануға тиіс. Денсаулығына байланысты тұра алмау мен заң талабын саналы түрде елемеу бірдей емес", – деді ол.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 458-бабының бірінші бөлігінде Мемлекеттік Әнұранды заң талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Алайда бапта Әнұран орындалғанда орнынан тұрмаған тыңдаушыға жеке санкция арнайы көрсетілмеген. Сондықтан орындалу кезінде тұрмаған әр адамға автоматты түрде 50 АЕК айыппұл салынады деуге болмайды. Нақты жағдайда құқық бұзушылықтың белгілері мен адамның кінәсі анықталуға тиіс.
Мемлекеттік рәміздерді қорлаған жасөспірімге қандай жаза қолданылады?
Заңгердің айтуынша, кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі құқық бұзушылық жасаған кездегі жасына байланысты анықталады. Қылмыстық кодекстің 15-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады. Сондықтан 16 жасқа толмаған бала Қылмыстық кодекстің 372-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылмайды. Мұндай жағдайда онымен тәрбиелік және профилактикалық жұмыстар жүргізілуі мүмкін.
"Ата-анасының жауаптылығы да автоматты түрде туындамайды. Олардың өз міндеттерін орындамау белгілері бөлек анықталуға тиіс", – деп түсіндірді Альбина Бахтиярқызы.
Ал 16–17 жастағы жасөспірім мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Дегенмен оған кәмелетке толмағандарға арналған арнайы құқықтық нормалар қолданылады.
Қылмыстық кодекстің 11-бабына сәйкес, ең жоғары жазасы екі жылдан аспайтын бас бостандығынан айыру болып белгіленген қасақана әрекеттер онша ауыр емес қылмыс санатына жатады. 372-баптағы ең жоғары бас бостандығынан айыру мерзімі де екі жыл болғандықтан, бұл құқық бұзушылық осы санатқа кіреді.
Қылмыстық кодекстің 81-бабының 7-бөлігіне сәйкес, онша ауыр емес қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда оларға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.
Ал әрекет әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланса, жауаптылық 16 жастан басталады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 66-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарға салынатын айыппұл 10 АЕК-тен аспауға тиіс. Егер жасөспірімнің айыппұл төлеуге жеткілікті мүлкі болмаса, оны ата-анасы немесе оларды алмастыратын адамдар төлеуі мүмкін.
Сөз соңында заңгер мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – заң талабы екенін еске салды. Сонымен бірге адамды жауапқа тарту туралы шешім қоғамдық пікірге емес, нақты дәлелдерге, адамның кінәсіне және заңда белгіленген негіздерге сүйенуі керек екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Қазақстандық блогер Бота mia (Ақбота Нұрахын) тағы да даудың ортасында қалды. Осы жолы желі қолданушылары оны Қазақстанның мемлекеттік туын орынсыз пайдаланып, мемлекеттік рәмізді қорлады деп сынға алды. Себебі ол қырғызстандық балаға сыйға тартқан аттың үстіне Қазақстан туы бейнеленген жабуды төсеген. Осыған байланысты Stan.kz заңгерден мұндай әрекет заң бұзу болып санала ма және ол үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.
Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай