Қазақстанда жасөспірімдерге қалааралық автобуспен жалғыз сапарға шығуға рұқсат етіледі
Қазақстанда балалардың қалааралық және халықаралық автобустармен жүру тәртібі өзгерді. Енді 7 жастан асқан балалар ата-анасының нотариалды куәландырылған келісімімен жалғыз сапарға шыға алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өзгерістер Көлік министрлігінің 2026 жылғы 10 қарашадағы №317 бұйрығында көрсетілген. Жаңа талап бойынша, 7 жасқа толмаған балалар халықаралық және облысаралық қалааралық автобустармен тек ата-анасының немесе заңды өкілінің қасында жүре алады. Ал 7 мен 16 жас аралығындағы балаларға жалғыз сапарға шығуға мүмкіндік берілген. Ол үшін ата-анасы немесе заңды өкілі жазбаша келісім беруі керек. Құжат нотариус арқылы расталуы қажет.
Келісімді автобусқа мінген кезде қағаз түрінде немесе цифрлық құжаттар сервисі арқылы көрсетуге болады. Жүргізуші не тасымалдаушының өкілі құжатты тексереді. Егер бала келісімді ұсынбаса, оны автобусқа отырғызбайды. Ал 16 жастан асқан жасөспірімдерге ата-анасының рұқсаты қажет емес. Олар халықаралық және облысаралық қалааралық бағыттармен өз бетінше жүре алады.

Дегенмен жасына қарамастан, 18-ге толмаған жолаушыларға түнде жалғыз жүруге шектеу қойылған. Бұйрыққа сәйкес, ересек адамның еріп жүруінсіз жүрген балаларды сағат 23:00 мен таңғы 06:00 аралығында автобусқа отырғызуға болмайды. Яғни ата-анасының нотариалды келісімі болса да, бұл уақытта бала жалғыз сапарға шыға алмайды. Бұл талаптар халықаралық және облысаралық қалааралық автобустарға қатысты. Қала ішіндегі қоғамдық көлікпен жүру тәртібі өзгермейді.
Енді бір қала немесе ауыл ішіндегі барлық автобус бағытында жолақы орташа тарифке сүйеніп, бес теңгеге еселенетін сомаға дейін дөңгелектеніп белгіленеді. Дегенмен бұл ел бойынша тариф бірдей болады немесе міндетті түрде қымбаттайды дегенді білдірмейді.
Еске салсақ, бұған дейін елімізде сабақтан себепсіз қалатын оқушылар полицияның бақылауында болатынын хабарлаған едік. Сондай-ақ мектептегі буллингтің алдын алу тәртібі өзгереді.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті