Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында екі оқушы 10 жастағы баланы зорлады деген ақпарат тарады

зорлық
Фото: "Не молчи" қоры

Қостанай облысында 10 жастағы бала жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырады деген ақпарат тарады. Бұған алтыншы сыныпта оқитын 11 және 12 жастағы екі баланың қатысы болуы мүмкін. Полиция аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы "НеМолчи.kz" қоғамдық қоры мәлімдеді. Ұйымның хабарлауынша, Қостанай облысында 10 жастағы оқушыға жыныстық зорлық-зомбылық жасалған болуы мүмкін. Қор өкілдері бұған алтыншы сыныптың екі оқушысы қатысы бар деген ақпарат алған. Қоғамдық қор осы оқиғаға байланысты облыстық полиция департаменті мен прокуратураға жүгінген. Өйткені ұйым өкілдерінің айтуынша, аудандық полиция бөлімінің басшысы істің жабылуы мүмкін екенін айтқан. Қор мұндай шешімге балалардың жасы себеп болуы мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан олар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, істі соңына дейін тергеуді сұрап отыр.

Бұдан бөлек, қор өкілдері жәбірленген баланың анасына қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Олар отбасын қорқытуға, қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрлеуге немесе тергеуге кедергі келтіруге жол бермеуге шақырды. Ұйым бұл істі назарда ұстап, баланың отбасына қолдау көрсететінін жеткізді.

Полиция не дейді?

Қостанай облыстық полиция департаменті оқиға Қамысты ауданында тіркелгенін растады. Полицияның мәліметінше, 16 қарашада қылмыстық іс қозғалған. Қазір тергеушілер нақты не болғанын және оқиғаға кімдердің қатысы барын анықтап жатыр.

"Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп жатыр. Асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылғанын ескертеміз. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жарияланбайды", – деп хабарлады полиция.

Әзірге полиция екі оқушының бұл оқиғаға қатысы барын ресми растаған жоқ. Сондай-ақ баланың анасына қысым көрсетілгені туралы ақпаратқа да нақты жауап берілмеді. Қылмыстық істің қалай аяқталатыны тергеу нәтижесінде белгілі болады.

Еске салсақ, бұған дейін Қызылордада 1000 теңгеге бола туындаған жанжалдан жасөспірімнің қаза тапқанын жазған едік. Марқұмның туыстарының айтуынша, 13 жастағы танысы оның кеуде тұсына бұрауыш сұғып алған. Полиция жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алайда жанжалдың нақты себебі әзірге ресми расталған жоқ

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 17:40