Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

100-ден астам жаңа жұмыс орны: Алатауда құны 4,9 миллиард теңге тұратын BIGBON өндірістік желісі іске қосылды

Алматы облысының Алатау қаласындағы “Маревен Фуд Тянь-Шань” зауытында тостағандағы BIGBON тез дайындалатын кеспесін шығаратын жаңа өндірістік желі іске қосылды. Бұл – Қазақстандағы осы форматтағы алғашқы желілердің бірі. Құны 4,9 миллиард теңге болатын жоба жас қаланың экономикасына қосылған қомақты үлес болып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

 

Үйдің іргесіндегі тұрақты әрі заманауи жұмыс

Алатау мен оған жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары үшін кәсіпорынның кеңеюі - мегаполиске бармай-ақ, өз үйінің іргесінде тұрақты жұмыс табудың нақты мүмкіндігі. Бүгінде қала ірі өндірістік алаң ретінде қарқынды дамып келеді, ал жұмыс істеп тұрған жаңа желілердің ашылуы өңір халқын ұзақмерзімді әрі сенімді жұмыспен қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда “Маревен Фуд Тянь-Шань” зауыты Алматы облысындағы ірі жұмыс берушілердің қатарына кіреді. Кәсіпорында 720 адам еңбек етеді, ал өндірістік бөлімше қызметкерлерінің 95%-ы – Алатау мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Жаңа желінің іске қосылуы ұжым қатарына тағы жүзден астам маманды тартуға жол ашады.

Инвестиция және өңірдің дамуына қосылған үлес

Жаңа өндірістік желіні іске қосуға салынған инвестиция көлемі 4,9 миллиард теңгені құрады. Оның өндірістік қуаты жылына 12 мың тоннадан астам өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорынның дамуы өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласына тікелей оң әсерін тигізіп отыр:

Ауқымды өндіріс пен салықтық түсімдер. 2017 жылдан бері зауытты дамытуға 39,9 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылып, бүгінде 10 өндірістік желі жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын облыстағы ірі салық төлеушілердің бірі: 2025 жылы бюджетке 5 миллиард теңге аударса, 2026 жылдың он айында салық көлемі 4,4 миллиард теңгеге жетті.

Өңірге арналған әлеуметтік жобалар. Компания Алматы облысының инфрақұрылымын қолдауға да атсалысады: бұған дейін Қонаев қаласында балалар ойын кешенін салып берсе, 2025 жылы Алатау қаласына 1 жедел жәрдем көлігін және облыстық денсаулық сақтау басқармасына тағы 10 жедел жәрдем көлігін табыстады.

Жастарға қолдау және мансаптық өсу мүмкіндігі

Жаңа BIGBON желісі Жапония, Швейцария және Германияның озық технологияларымен, автоматты бақылау және бейнекөру жүйелерімен жабдықталған. Сондықтан кәсіпорын қызметкерлерді заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеуге оқытып, жас мамандардың кәсіби өсуіне басымдық береді:

Ішкі мансаптық өсу. Компания дерегінше, кәсіпорындағы қызметтік жоғарылаулар мен ауысулардың 60%-ы осында бұрыннан еңбек етіп жүрген қызметкерлердің үлесіне тиеді.

Оқушылар мен студенттерге кәсіби бағдар. Зауыт Алатау қаласының жоғары сынып оқушылары мен студенттеріне арнап өндіріске экскурсиялар мен кездесулер ұйымдастырады. Жастар заманауи автоматтандырылған тамақ өндірісінің қалай жұмыс істейтінін өз көзімен көріп, сұранысқа ие мамандықтармен таныса алады.

ЖОО-лармен серіктестік және ақылы тағылымдама. Кәсіпорын жастар орталықтарымен және инженерлік, техникалық, өндірістік бағыттағы мамандар даярлайтын университеттермен тығыз жұмыс істейді. Студенттер мен түлектер үшін әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар ақылы тағылымдама бағдарламалары қарастырылған.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 17:33