Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда 12 жастағы оқушы ChatGPT-ге зорлыққа ұшырағанын айтып, көмек сұраған: Қыздың нағашысы 20 жылға сотталды

ChatGPT
Фото: Getty Images

Павлодарда 12 жастағы оқушы қыз ChatGPT-ге бала кезінде өзіне жасалған жыныстық зорлық-зомбылық туралы айтып, көмек сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жасанды интеллект оқушы қызға психологқа жүгінуге кеңес беріп, жедел қызметтердің байланыс нөмірлерін ұсынған. Осыдан кейін оқиғаның мән-жайы анықталып, қыздың 39 жастағы нағашысы сотқа тартылды. 

Сот үкімі 3 қарашада Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында емес, мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында жарияланды.

Сот мәліметінше, қылмыс 2020 жылдың 20 наурызында болған. Ол кезде ер адамның жиен қызы алты жаста болған. Оқиға сотталушының әпкесінің, яғни жәбірленуші қыздың анасының пәтерінде болған. Оқиғадан кейін ер адам Алматы облысына көшіп кеткен. Ал кішкентай қыз қорқыныш пен үрейдің салдарынан басынан өткен жағдайды жылдар бойы ешкімге айтпаған.

Ауыр естеліктер 2025 жылдың қарашасында, нағашысы қызға қайта-қайта қоңырау шалып, хабарлама жаза бастаған кезде қайта есіне түскен.

Ер адам қыздың анасы арқылы оның телефон нөмірін алған. Анасы туысының қызына гитара сыйламақ болғанын ғана білген. Алайда қыз оған жауап бермей, байланысқа шығудан қорыққан.

Қыздың анасының айтуынша, қызы басынан өткен жағдайды ChatGPT-ке жазып, өзіне қол жұмсау туралы ойлары бар екенін және бұлай өмір сүргісі келмейтінін айтқан. Чат-бот оған психологқа жүгінуге кеңес беріп, жедел көмек қызметтерінің нөмірлерін ұсынған.

Осыдан кейін оқушы алдымен 111 байланыс орталығына хабарласқан. Ондағы мамандар оны психологпен байланыстырған. Қыз психологқа өзіне нағашысы жасаған әрекеттерді айтып берген. Кейін психолог анасына хабарласып, жағдайды жеткізген.

Оқиға бойынша сотта қыздың 111 байланыс орталығына қоңырауын қабылдаған маман мен оның құрбысы да куәлік берген. Анасы қызының басынан осындай жағдай өткеніне алғашында сенбегенін айтқан.

Судья Нұрлан Айтбаевтың мәлімдеуінше, сотталушы сот отырысында кінәсін мойындамаған. Алайда сотқа дейінгі тергеу кезінде қорғау құқығы бар куәгер ретінде жауап бергенде, ол жасаған әрекетін толық мойындаған болып шықты.

Бастапқыда айыптау актісіне 2019 жылғы 17 желтоқсан мен 2020 жылғы 18 қаңтарда болған тағы екі эпизод енгізілген. Алайда олар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелмегендіктен, сот бұл эпизодтарды айыптау көлемінен алып тастаған.

Сот ер адамның бұрын сотталмағанын және тұрғылықты жерінен берілген оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерген. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сотталушы Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі “жас балаға қатысты жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері” бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін ChatGPT-ге ұлын өлтіргісі келетінін жазған ер адам қамауға алынғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 22:16