Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сабақтан себепсіз қалатын оқушылар полицияның бақылауында болады

бала
Фото: Алматы Білім басқармасы

Қазақстанда 21 қарашадан бастап сабақтан себепсіз жиі қалатын оқушылар туралы мәліметтер полициямен келісіліп отырады. Сондай-ақ мектептегі буллингтің алдын алу тәртібі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматы қаласы Білім басқармасының мәліметінше, енді 18 жасқа дейінгі балалар туралы ақпарат бірыңғай базаға енгізіледі. Онда баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні мен мекенжайы көрсетіледі. Базаға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, сондай-ақ білім алумен қамтылмаған балалар туралы мәліметтер де жинақталмақ. Сабақтан себепсіз жиі қалатын оқушылар да есепке алынады.

"Сабаққа жүйелі түрде қатыспайтын балалар туралы мәліметтер ай сайын ішкі істер органдарымен келісіледі. Ақпарат Ұлттық білім беру базасына әр айдың 10-на дейін енгізілуі керек", – делінген хабарламада.

Жаңа тәртіп мектептегі буллингке де қатысты. Енді әлімжеттік туралы ақпарат түскеннен кейін жергілікті білім басқармасы оны бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Мектептер әлімжеттікке ұшыраған және оған қатысқан балаларға психологиялық көмек көрсетіп, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізуі тиіс.

Егер мектепішілік есепке алынған баланың мінез-құлқы алты ай ішінде өзгермесе, оның ісі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде буллингке қатысты 355 дерек анықталған. Жаңа талаптар 2026 жылғы 21 қарашадан бастап күшіне енбек.

Еске салсақ, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы мектептерде оқушылардан ақша бопсалап, бағынбағандарды жазалайтын бейресми "Жүйе" болғаны анықталған еді. Прокуратура үш жасөспірімнің қазасы мен оқушылар арасындағы ақша бопсалау деректерінің өзара байланысты екенін мәлімдеді. Осы іске қатысты жеті адамға айып тағылып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Өңір мектептерінде жүргізілген тексеруден кейін төрт ауданның әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына қатаң сөгіс жарияланды.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 10:13