Владимир Пресняковтың Алматыдағы концертінде әйел сахнаға шығып, орамалын шешіп, әншіні сүймек болған
Алматыда ресейлік әнші Владимир Пресняковтың концертіне келген әйел сахнаға шығып, орамалын шешкен. Кейін әртісті құшақтап, сүймек болған көрерменнің әрекеті желіде қызу талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 14 қарашада өткен концерт кезінде болған. Әлеуметтік желіге тараған видеода орамал таққан әйелдің сахнаға көтеріліп, әншінің жанында билегені көрінеді. Ол Пресняковты құшақтап, сүймек болып ұмтылған. Би билеп жүріп басындағы орамалын да шешкен.
Көрерменнің бұл әрекетіне қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі оны сынап, орамал таққан әйелге мұндай қылық жараспайтынын жазды.

Ал енді бірі әйелді қолдап, сүйікті әншісін көргендегі қуанышын түсінетінін жеткізді. Сонымен қатар әртістің көрерменге жылы қарым-қатынас танытқанын атап өтті.
“Әйел жарады!”, “Владимир маған қатты ұнайды. Өте ақкөңіл, мейірімді әнші”, “Бұл әйел үшін қуанып отырмын. Арманын орындады”, – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, Владимир Пресняковтың 13 қарашада Астанада өтуге тиіс концерті тоқтатылған еді. Бұған дейін қазақстандықтардың бір бөлігі әншінің саяси ұстанымына қарсылық білдірген. Ал Алматыдағы концерті жоспарға сай өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ресейлік әнші Валерий Меладзенің концерті жанжалға ұласқаны хабарланған еді. Оқиға 4 қарашада Almaty Arena кешенінде болған. Әнші Алматыда екі күн қатарынан, 3 және 4 қарашада концерт берді. Куәгерлердің айтуынша, концерттің аяқталуына шамамен 10–15 минут қалғанда екі әйел көпшіліктің арасынан сахнаға жақындауға тырысқан. Олар алдыңғы қатарда тұрған көрермендерді итеріп, өтуге әрекет жасаған. Соңы сөзге келіп, жаға жыртысуға ұласқан.
Сахна маңындағы шуды байқаған Валерий Меладзе әнін кілт тоқтатып, жанжалдасқан әйелдерге ескерту жасады. Осы сөздерден кейін өнер иесі сахнадан кетуге оқталған. Алайда залдағы көрермендер шулап, одан концертті жалғастыруды сұраған. Меладзе көпшіліктің өтінішін қабыл алғанымен, тәртіп бұзылған жағдайда өнер көрсетуін бірден тоқтататынын ескертті.