Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сынып жетекшілеріне төленетін қосымша ақы өсуі мүмкін

Мұғалім
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда мұғалімдердің сынып жетекшілігі үшін алатын қосымша ақысын арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрылтайда өткен брифинг барысында журналистер оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға педагогтерге сынып жетекшілігі үшін шамамен 8 мың теңге қосымша ақы төленетінін айтып, бұл соманың мұғалімдердің атқаратын жұмысы мен балаларға бөлетін уақытына қаншалықты сәйкес келетінін сұрады.

Министрдің айтуынша, білім беру саласында қосымша ақыға қатысты бірқатар мәселе бар. Министрлік алдымен педагог-психологтардың еңбекақысына қатысты түйткілді шешкен. Қазір оларға шамамен 60 мың теңге көлемінде қосымша ақы төленеді.

"Қазір арнайы педагогтердің қосымша ақысын арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Себебі бұл салада қажеттілік жоғары екенін көріп отырмыз. Ал келесі кезеңде сынып жетекшілерінің мәселесін қарастырамыз", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның сөзінше, қазір сынып жетекшілерінің атқаратын жұмысына, соның ішінде өткізетін сынып сағаттарының санына қатысты талдау жүргізіліп жатыр.

Министр бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін әзірге айту ерте екенін жеткізді. Өйткені қосымша төлем мөлшерін арттыру республикалық бюджеттің мүмкіндігіне де байланысты.

Сондай-ақ арнайы педагогтердің қосымша ақысын көтеру мәселесі 2029 жылға қарай қарастырылып жатқанын атап өтті.

"Сынып жетекшілеріне қатысты мәселе де күн тәртібінде тұр. Себебі тәрбие жұмысының сапасы көп жағдайда олардың еңбегіне байланысты. Нақты мерзімін айта алмаймын, бірақ министрлік бұл бағытта жүйелі әрі кешенді жұмыс жүргізіп жатыр", – деді министр.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда сынып жетекшілігінен бас тартатын мұғалімдер көбейгені туралы жазған едік. Себебі оқушылардың сабаққа қатысуын бақылап, ата-аналармен байланыс орнататын педагогке ай сайын небәрі 8,5 мың теңге қосымша ақы төленеді. Ұстаздар еңбектің лайықты бағаланбайтынын айтып, мәселені әлеуметтік желіде көтерді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 20:36