Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мұғалімдер жалақысы аз болғандықтан сынып жетекшілігінен бас тартып жатыр

мұғалім
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық мұғалімдер сынып жетекшілігінен бас тартуға мәжбүр. Себебі оқушылардың сабаққа қатысуын бақылап, ата-аналармен байланыс орнататын педагогке ай сайын небәрі 8,5 мың теңге қосымша ақы төленеді. Ал міндеті мен жауапкершілігі аз емес. Ұстаздар еңбектің лайықты бағаланбайтынын айтып, мәселені әлеуметтік желіде көтеріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде мұғалімдер сынып жетекшілігінің машақаты көп екенін айтып, шағымдана бастады. Олардың сөзінше, сынып жетекшісі оқушылардың сабаққа қатысуын қадағалап қана қоймай, ата-аналармен де тұрақты байланыста болуы керек. Балалардың оқу үлгерімі, тәртібі мен сыртқы келбеті, сыныпта туындаған жанжалдар – мұның бәрі сынып жетекшінің жауапкершілігінде.

Оған қоса, сынып сағаттарын өткізу, түрлі байқаулар ұйымдастыру, ата-аналар жиналысын өткізу, сенбіліктерге қатысу, есептер мен мониторингтерді толтыру сияқты міндеттер де бар. Алайда осыншама жұмыстың өтеуі ретінде ай сайын төленетін қосымша ақы – 8,5 мың теңге ғана.

Бұрынғы депутат Ирина Смирнованың айтуынша, сынып жетекшілігіне төленетін ақының аздығы көп жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Бірақ мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенімен, сынып жетекшілігі үшін берілетін төлем сол күйі қалған.

“Сынып жетекшілігі үшін төленетін ақы бұрыннан өте төмен. Қазір мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті, алайда сынып жетекшілігіне берілетін қосымша ақы мүлде артқан жоқ. Шамамен соңғы 10-15 жыл бойы бұл жұмысқа төленетін ақы талапқа сай келмейді”, – деді Ирина Смирнова. 

Оқу-ағарту министрлігі мәселе бойынша пікір білдіруден бас тартқан. Ведомство бұл мәселенің қаралып жатқанын ғана хабарлаған.

Ал мектеп басшылығы мұғалімдерді сынып жетекшілігін алуға көндірудің түрлі жолын қарастыруға мәжбүр. Ғабиден Мұстафин атындағы мектепте мұғалімдерді сынып жетекшілігіне қосымша сабақ сағаттарын ұсыну арқылы ынталандырады. Сонымен қатар бұл жұмыс аттестаттау кезінде қосымша балл жинауға мүмкіндік береді.

“Педагог мәртебесіне сәйкес, мұғалімдерге 16 сағат жүктеме берілуі керек. Сынып жетекшілігін ұсынған кезде мұғалімдерді қосымша сағат беруге болатынын айтып ынталандырамыз. Сонымен қатар қазір педагогтерді аттестаттау ережесіне сәйкес, сынып жетекшілігі үшін қосымша балдар да қарастырылған”, – деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Дәуітбекова. 

Дегенмен ұстаздардың бір бөлігі мамандығына деген сүйіспеншілігі мен балаларға жанашырлығының арқасында бұл міндетті атқарып жүр. Бірақ жауапкершіліктің көптігі мен еңбектің лайықты бағаланбауы мұғалімдердің кәсіби тұрғыда қажуына әкелуі мүмкін.

Ирина Смирнова мәселені шешудің бір жолы ретінде сынып жетекшілігін жеке штаттық бірлікке айналдыруды ұсынады. Оның пікірінше, арнайы педагог бірнеше сыныпқа жауапты болып, негізгі міндеті тек тәрбие жұмысына бағытталуы керек. Сонда пән мұғалімдеріне түсетін қосымша жүктеме де азаяр еді.

Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы оқу-ағарту саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек екенін айтқан еді. Президент оқу-ағарту саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетудің орнына, цифрлық есептілікті көбейтіп отырғанын сынға алған.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 10 Қараша, 2026 08:10