ҚазҰУ жатақханасындағы бойжеткеннің жұмбақ өлімі: Оқиға бойынша не белгілі
Өткен аптадағы жұмадан сенбіге қараған түні ҚазҰУ-дағы Журналистика факультетінің студенттері тұратын №5 жатақханада белгісіз себептермен 1-курс студенті қайтыс болды. Осы жайт бойынша әзірге ештеңе белгісіз. Марқұмның жақындары әлеуметтік желіге ол туралы бейнероликтер де жариялап жатыр. Бұл туралы Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.
Бөлмеден шықпаңдар, терезеге қарамаңдар
Бойжеткеннің қазасынан кейін студенттер отыратын WhatsApp тобында ҚазҰУ қалашығының өкілдері жатақхананы тексеруге келетіні жайлы айтылып, жатақхана тұрғындарына бөлмеден мүлдем шықпауға, тіпті терезеге мүлдем қарауға болмайтыны жайлы жазылған.

“Бұрын бала кезден бері араласатын құрбым еді”
TikTok желісінде қолданушы марқұммен бірге бала кезде бірге өскен құрбысымын деп таныстырды. Желі қолданушысының сөзінше, ол ҚазҰУ-ға оқуға түскеніне қатты қуанған.
“Біз бала кезде бірге ойнағанымен, қазір олай жиі араласпай кеттік. Мен онымен алдыңғы күні ғана сөйлескен едім. Өте жақсы әрі мейірімді қыз еді. Бала кезінен киноға түсетін еді”, – деді желі қолданушысы.
Автордың айтуынша, олар Шымкент қаласында балалық шақтарын бірге өткізген. Есейе келе бір-бірімен тек әлеуметтік желі арқылы ғана сөйлесіп отырған.
“Мен әлі де сене алар емеспін. Маған жан-жақтан суреттер жіберіп жатыр. Мен әлі де түсіне алар емеспін. Құрбымның жақындарына қайғыра көңіл айтамын”, – деді желі қолданушысы.
“Қош бол құрбым, қоштасайық жырақтан”
Марқұмның құрбысы оның қазасына байланысты өлең де шығарып, оны әлеуметтік желіге жариялаған.

Алайда өлеңнің авторы жариялаған постын көп ұзамай өшіріп тастады.
Студенттер тіс жармайды
Оқиға болған күні ертесінде тілшілер 5-жатақхананың өзіне барып, ақпарат алып қайтты. Жатақхана студенттері болған жайт бойынша ештеңе айтпайды. Сөздерінше, ақпарат таратуға немесе оқиға жайлы айтуға тыйым салынған. БАҚ өкілдеріне тек факультеттің студенттік деканы ғана жауап берген.
“Өкінішке қарай, әзірге ештеңе айта алмаймыз. Өйткені ресми түсініктеме берілген жоқ”, – деді ол.

Оқиға қалай болды?
Қайғылы оқиға кешкі сағат 21:00-де болған. 1-қабаттағы асханада тамақ пісіріп жатқан студенттерге бір қыз жүгіріп келіп, жоғары қабатта мәйіт жатқанын айтқан. Ер балалар бірден бөлмеге барғанымен, ол жерге кіруге жүрексінген. Марқұмның денесі бөлмеде асылып тұрған. Студенттер денесін түсіріп, оны төсекке жатқызып, жүрек соғысын тексерген, алайда қыз жан тапсырған.
“Полиция шамамен жеті-сегіз минуттан кейін келді. Жедел жәрдем қызметкерлері олардан бір-екі минут өткен соң жетті”, – деді студент.
Полиция қызметкерлері куәгерлерден жауап алып, криминалистер бөлмені тексерген. Оқиға болған жерге бөгде адамдарды кіргізбеген.
“Оның құрбылары бар еді. Олар жылап, ішке кіріп, қызды көргісі келді. Бірақ біз оларды тоқтатуға мәжбүр болдық. Жатақхананың сол бөлігіне ешкімді кіргізбей, тәртіпті қадағаладық”, – деді студенттердің бірі.
Stan.kz редакциясына келіп түскен ақпарат
Редакциямызға марқұм студенттің өліміне қатысты қосымша ақпараттар келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша, Жанель есімді студент биыл Шымкент қаласынан Алматыға оқуға түсіп, ҚазҰУ-дың бірінші курсында білім алған.
Сондай-ақ редакцияға студенттің оқу орнында факультетін ауыстыру мәселесі бойынша деканатқа жүгінгені туралы ақпарат жетті. Алайда оның бұл өтінішіне не себеп болғаны және оқу орнында қандай да бір келіспеушіліктің болған-болмағаны әзірге белгісіз.
Редакция аталған мәліметтерді өзге дереккөздер арқылы тексеріп жатыр.
Ал марқұмның жақындарының бірі Threads желісінде жазба жариялап, оқиғаға қатысты әзірге нақты себептер анықталмағанын мәлімдеді. Ол желі қолданушыларын тексерілмеген ақпарат таратпауға және асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
"Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы мен себептері толық анықталған жоқ. Сондықтан асығыс қорытынды жасамауды және расталмаған ақпаратты таратпауды сұраймыз", – деп жазды ол.
Сондай-ақ марқұмның жақындары қызбен жақын араласпаған адамдардың оқиғаны әлеуметтік желіде жарияламауын сұрағанын, алайда бұл өтініш ескерусіз қалғанын айтты. Жазба авторының пікірінше, кейбір адамдар қайғылы жағдайды өзіне назар аударту және хайп жинау үшін пайдаланған.
"Бізбен жақында ғана сөйлескен еді, сол кезде бәрі жақсы болатын. Сондықтан бұл хабар біз үшін үлкен соққы болды. Бүгінгі күнге дейін болған оқиғаның шынайы себептері бізге де белгісіз", – деді ол.
Жазба авторы марқұмның бала кезінен өмірді жақсы көргенін, өзін әртүрлі бағытта дамытып, үйірмелерге қатысқанын атап өтті. Сондай-ақ оның киноға түсіп, өнер әлемінде бағын сынауды армандағанын жеткізді.
Полиция департаментінің жауабы
Алматы қалалық полиция департаменті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмғанын растады. Қыздың өліміне қатысты тергеу басталған.
"Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді", – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, осыдан 1 жыл бұрын ҚазҰУ ректоратының 14-қабатынан студент секіріп, қаза болған еді.