Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚазҰУ 20 жыл тәжірибесі бар оқытушылардан бас тартқан: Журналистика факультетінде дау туды

ҚазҰУ
Фото: Farabi University

Соңғы күндері әлеуметтік желіде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіндегі төрт оқытушының жұмыстан кетуіне қатысты дау қызу талқыланып жатыр. Олардың қатарында факультетте 12 жыл дәріс берген ақын, журналист әрі баспагер Темірғали Көпбай да бар. Бұрынғы оқытушы университет басшылығының бұл шешімін 2023 жылдан бері жалғасып келе жатқан жанжалмен байланыстырады. Ал ҚазҰУ оқытушылардың еңбек шартының аяқталуы және конкурстық іріктеу нәтижелері негіз болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Журналистика факультетін тәмамдаған түлектер ұстаздарының жұмыстан босатылғанына наразылық танытып, бұл туралы әлеуметтік желіге жарыса жазды. Сөздерінше, факультет білікті мамандарды жұмыс орнынан алып тастаған.

комент Казну
Фото: Әлеуметтік желіден

Желі қолданушыларының бірі кезінде журналистика факультетінде дәріс берген ұстаздарын ардақтап жүргенін айтып, олардың сабақтары қызықты өткенін және өздерінен журналистиканың қыр-сырын үйренгенін жеткізді. Сонымен қатар олар ҚазҰУ-дың аталған оқытушыларға қатысты әрекетін түсінбейтінін айтып, университетте "қара тізім" бар-жоғын сұрады.

Тағы бір қолданушы Кәкен ағаның журналистика саласындағы көргені мен тәжірибесін факультеттегі өзге ұстаздардан кездестіру қиын екенін атап өтті.

“Бүгінде депутат және түрлі салада басшылық қызмет атқарып жүрген көптеген танымал тұлға осы ұстаздан білім алған. Алайда олардың қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірмей отырғанына таңым бар. Журналистика факультеті оқытушыларының Темірғали ағаның жазбаларына тек реакция білдіріп отыр, не себепті ашық пікір білдіруге ешкімнің батылы жетпейді”, – дейді желі қолданушысы. 

Ал тағы бір желі қолданушысы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде екі жыл бойы негізінен конспект жаттап айтумен шектелгенін, ал үшінші курста Мұрат ағайдың сабағы басталғаннан кейін журналистиканың шын мәнінде мақала жазу екенін түсінгенін жазды.

“Ұстаз студенттерге журналистік зерттеу, аналитика, сын және сатира жанрларында материал жаздырды. Сонымен бірге студенттердің тілін түзеп, калька сөздерді азайтуға және өзіндік стилін қалыптастыруға ықпал етті. Мұрат ағайдың жұмыстан шығарылуы факультет үшін үлкен өкініш. Енді СОЛ ҰСТАЗДЫ шығарып жатса, журфактың соры қалың екен. Кешіріңдер, талапкерлер… ”, – деді ол. 

Жұмыстан босатылған ұстаздар:

  • Кәкен ҚАМЗИН – филология ғылымдарының докторы, профессор, прозаик, 8 жеке кітаптың авторы. Журналистика факультетінде 32 жыл дәріс берген ардагер ұстаз.
  • Темірғали КӨПБАЙ – ақын, журналист, баспагер, ғалым. "Құрмет" орденінің иегері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, 15 жеке кітаптың авторы, журналистика факультетінде 12 жыл дәріс берген ұстаз.
  • Мұрат ШАЙМАРАН – ақын, әдебиеттанушы, публицист. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты. 5 жеке кітаптың авторы. Журналистика факультетінде 20 жыл дәріс берген ұстаз.
  • Ермахан ШАЙХЫ – жазушы-сатирик, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты. 16 жеке кітаптың авторы. Журналистика факультетінде 20 жыл дәріс берген ұстаз.

 

2023 жылғы декан сайлауы

Stan.kz тілшісі журналистика факультетінің бұрынғы оқытушысы болған Темірғали Көпбайға хабарласып, нақты не болғанын анықтап сұрады. Оқытушының сөзінше, университет тарапы олардан өш алу үшін бұндай қадамға барған, ал бұл даудың түп тамыры сонау 2023 жылдан бері келе жатыр.

"2023 жылдың мамыр айында Журналистика факультетінің деканы болып тағайындалдым. Көп ұзамай инфаркт алып, жазда күрделі отаға түстім. Мен ауруханада жатқанда, күзде менің орныма деканның орынбасары болып бір адам сайланды. Жаңа оқу жылының қыркүйек айында болуы керек, факультетте Кемел Тоқаевтың кабинеті ашылатын болды. Сол ашылу салтанаты кезінде факультетімізге "Азаттық" тілшісі келді. Ал басшылық зәресі ұшып, тілшіні ішке кіргізбеуге барынша тырысты", – деді Темірғали Көпбай.

Оқытушының айтуынша, факультетке келген "Азаттық" тілшісі ректорға өткір сұрақ қойып, алайдa ректор жауап беруден барынша жалтарған. Ал сол оқиғаға әлеуметтік желіде "мұнысы дұрыс болмаған екен" деген пікір білдірген Журналистика факультетінің оқытушысын деканның орынбасары жұмыстан босатып жіберген.

“Студенттерге сабақ беріп отырған жерінен заттарын қолына ұстатып, “сіз боссыз, кете беріңіз” деп шығарып салған. Оқытушы бірден кетуге көнбей жоғары жақта министрлікке шығады. Осы іске Аида Балаева, Саясат Нұрбек араласып, оқытушыны жұмыста қалдырады. Осыдан кейін әріптестеріміз наразылық танытып, жиналыс болады. Мені ректордың өзі шақырып алып, барлық шындықты айтуды сұрады. Ректораттың 15-қабатында деканның орынбасарына әріптестер қарсылық танытып, нәтижесінде оны жұмыстан босатады”, – деді оқытушы.

2026 жылғы дау

Темірғали Көпбайдың айтуынша, арада 3 жыл өткен соң, мамыр айында қайтадан декан сайлауында, кезінде деканның орынбасары болып қызмет атқарған адамды декан етіп сайламақшы болған.

“Оны естіген соң біз тағы да наразы болдық. Ол кісіге қарсы болғандықтан, біз жоғары жаққа хат жаздық. Кейін ректораттан талабын сұрап, хатты алып тастау туралы өтінді. Кейін этикалық кеңес болып айтарымызды айттық. Сөйтсек ол жақта хатқа қол қойған адамдарды түртіп, жазып алған. Кейін бізді бақылап, үнемі тексеріп отыруды шығарды”, – деді Журналистика факультетінің бұрынғы оқытушысы.

Сондай-ақ Темірғали Көпбай жоғары жаққа жазылған хатқа қол қойған адамдар 4 оқытушыдан да көп екенін айтты. Сөзінше, басқаларды жұмыстан босататындай себеп болмаған.

“Бір қол қойған оқытушымыздың Scopus-та мақаласы шыққан. Оған ештеңе істей алмайды, ал тағы бір оқытушыға қатаң ескерту берілген. Оған: “сіз бақылаудасыз, келесіде тәртіп бұзушы болмаңыз” деп ескерткен. Сол 4 оқытушы болып тұрмыз ғой. Ештеңе етпес, енді ол жаққа шақырса да бармаймыз. Әлеуметтік желіде фейк парақшалармен біз туралы нашар жазбалар да жазылып жатыр”, – деді Темірғали Көпбай.

Факультеттің бұрынғы оқытушысы зейнетке келіп тірейтін болса, университетте біршама адам зейнеткер екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ бұл – “репрессиялық әдіс” деп баға берді.

“Келісімшарт аяқталды дейді, оны созуға не кедергі? Жылда созып келе жатқан келісімшарт емес пе? Биыл ғана ұзартпай қойып отыр”, – деді бұрынғы оқытушы.

Әлеуметтік желіде Темірғали Көпбай тілге тиек еткендей, фейк парақшалар арқылы жұмыстан кеткен 4 оқытушы туралы кереғар пікірлер де жазылып жатыр. 

комент Казну
Фото: Әлеуметтік желіден
“Өзін ұстаз санайтын адамдар факультетті екіге бөлмей, ұстаздық қызметін атқаруы керек. Темірғали Көпбаевсыз да факультет өмір сүріп келген. Ары қарай да өмір сүреді. Көпбаевтың тылақ көрсеткеніне ешкім зәру емес. К.Хамзин үйінен айырылғанда ақшасын төлеп берген, көмектескен ҚазҰУ болатын. Қыздары емес. Қыздары үйіне де кіргізген жоқ. Рақмет айтудың орнына Көпбаевтың айтқанына еріп, факультетке қарсы жұмыс істеді. Факультеттің абырой-беделін түсірді. Хамзин өлсе де факультет өмір сүреді.”

Тағы бір желі қолданушысы ұстаздың 80 жасқа келгенін айтып, демалуы керек деген пікір білдірді. Оның сөзінше, оқытушы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де 20 жыл жұмыс істеген, сондықтан енді жеткілікті екенін атап өтті. Сонымен қатар ол ҚазҰУ-да өмірінің соңына дейін жұмыс істеу міндет пе деген сауал тастады.

Кәкен Қамзин де өзінің Facebook парақшасында осы оқиға аясында өзінің пікірін білдірді.

“Қазақта "Өзің су ішкен құдығыңа түкірме" деген тәмсіл бар. Бірақ кезінде мұнтаздай таза құдықтың суы борсып бара жатса, оны әлсін-әлсін тазартып тұрған пайдалы емес пе? Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени, кадрлық реформалардың мақсаты да сол. Оң-солын шамалаған адамға қоғамдағы эволюция үдерісі, орын басу реакциясы дегеніміздің өзі осы емес пе?”, – деп жазды Кәкен Қамзин.

Оқытушы өз жазбасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – ұлттық ғылыми, біліми, шығармашылық бренд. "Аталмыш жоғары оқу орны – түстіктікі де, терістіктікі де, батыстыкі де, шығыстыкі де емес, қазақ ұлтінікі, Қазақстан халқынікі. Университетті де, өзгеше ойды да ешкім жекешелендіре алмайды. Біз осы арқа сүйер мықты тіректі санамыздан ешқашан шығармауымыз керек", – деп түйіндеді сөзін.

Университет мәлімдемесі

Бұл оқиғаға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті де үнсіз қалмады. Өздерінің ресми парақшасында университет оқытушылардың кейбіреуінде еңбек мерзімі аяқталса, кейібіреуінде академиялық біліктілігін анықтау мақсатында өткізілген конкурстық комиссия отырысында мәселелер туындаған.

“Журналистика факультетінің профессоры Кәкен Хамзин мен доцент Темірғали Көпбаевтың еңбек шарттарының қолданылу мерзімі аяқталды. Аға оқытушы Ермахан Шайхы академиялық біліктілігін анықтау мақсатында өткізілген конкурстық комиссия отырысына қатыспады және белгіленген рәсімнен өтуден бас тартты. Аға оқытушы Мұрат Шаймаран академиялық талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізілген конкурстан өте алмады. Лауазымға қабылдау рәсімі жоғары оқу орындарында белгіленген тәртіпке сәйкес жыл сайын жүргізіледі. Арнайы құрылған конкурстық комиссия өтініш берушілердің ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектерін, педагогикалық тәжірибесі мен дәріс беру біліктілігін және өзге де белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалайды. Тиісті шешімдер қолданыстағы заңнамаға және университеттің ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес қабылданады”, – деп мәлімдеді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті.

Айта кетейік, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері жатақхана жағдайына шағымданды. Олардың айтуынша, ғимаратта биыл жөндеу жүргізілгенімен, оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі бөлмелер суық, төрт білім алушыға бір ғана шкаф берілген, ал кей жиһаздардың әбден тозығы жеткен. Оған қоса, бір студенттің жатақханада тұру ақысы 275 мың теңге. Студенттер мұндай жағдай үшін қомақты қаржы төлеуге наразы.

Ислам Әден
Сейсенбі, 15 Қыркүйек, 2026 12:24