Қазақстаннан Нью-Йоркке тікелей рейс іске қосу кейінге қалды: Жаңа мерзім қандай
Алматы немесе Астанадан Нью-Йоркке тікелей рейс 2027 жылдың екінші жартысында іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Нью-Йоркке тікелей рейс 2027 жылдың басында ашылуы мүмкін екені айтылған еді. Алайда Қазақстан тарапы әзірге АҚШ-қа ұшақтың Алматыдан немесе Астанадан ұшатынын нақтылаған жоқ.
"Институционалдық тұрғыдан бізде Америкамен келісім жасалды. Ол "ашық аспан" режимінде жасалып, ратификацияланды. Яғни, рейстерді бастауға барлық негіз бар. Қазір біз техникалық аудиттен өтіп жатырмыз. Сондай-ақ рейстерге қажетті рұқсаттарды алып жатырмыз. Dreamliner ұшағы жылдың соңына дейін келеді. Менің ойымша, тікелей рейс 2027 жылдың екінші жартысында басталады", – деді ол.
Тікелей рейсті іске қосу үшін техникалық аудиттен өтіп, қажетті ұшақтарды алумен қатар, Нью-Йорк әуежайынан ұшу және қону слоттарын алу қажет. Сонымен бірге ұшқыштар жаңа ұшақтарды сынақтан өткізуі тиіс. Бұған дейін Air Astana тікелей рейсті ашу үшін кемінде үш ұшақ қажет екенін мәлім еткен еді.
Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрахим Жанлыел қыркүйекте компания Қазақстаннан Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстер орындау үшін пайдалануды жоспарлап отырған алғашқы Boeing 787 Dreamliner ұшақтары желтоқсанда Қазақстанға жеткізілетінін айтқан.
Қазақстаннан Нью-Йоркке рейстердің қай қаладан орындалатыны әзірге белгісіз. Еліміздің көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, әуежайды таңдау мәселесі әлі қарастырылып жатыр.
"Қазір көптеген фактор бар. Біз бұл мәселені компаниямен бірлесіп зерттеп жатырмыз. Мұнда коммерциялық және басқа да мәселелер бар. Сондықтан нақты ұшу бағытын айтуға әлі ерте. Бірақ жұмыс жүріп жатыр. Қазақстанға АҚШ-тан аудиторлар тобы келді. АҚШ-қа рейс ашқысы келетін елдер үшін аудиттен өту процесі әдетте 2-3 жылға созылады. Алайда Қазақстан бұл процесті жеделдете алды", – деді Талғат Ластаев.
Айтуынша, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі енгізген жүйе алдын ала жақсы бағаланған. Бірақ асығыс қорытынды жасамауға шақырды. Белгілі бір рәсімдер жасалып, алдағы айларда олар ресми бағасын беретінін айтты.
Оның айтуынша, Қазақстан АҚШ-қа рейс ашуға қажетті санатты алу үшін бірнеше жыл жұмыс істеген. Ол мұның авиакомпания қабылдаған шешім екенін және олардың коммерциялық көрсеткіштерге сүйенетінін атап өтті.
Сонымен қатар алдағы уақытта Алматыдан Токиоға рейстердің бастапқы жоспардан да жиі орындалуы мүмкін. Вице-министр бұл рейсті мемлекет субсидиялай ма деген мәселе әлі зерттеліп жатқанын айтты.
Бұған дейін SCAT әуе компаниясы Астана – Токио тікелей рейсін іске қосқанда, ол бюджеттен субсидияланған. Қазір бұл рейс орындалмайды.
Бұған дейін Air Astana басшылығы Қазақстаннан Токиоға рейстердің тиімділігіне қатысты мәселе бар екенін айтқан. Бұған Жапонияның қарапайым төлқұжатпен жүретін Қазақстан азаматтарына виза беру талаптарының қатаң болуы себеп болып отыр.
Жапония азаматтары Қазақстанға қысқа мерзімді сапармен 30 күнге дейін визасыз келе алады. Қазақстан тарапы визалық режимді жеңілдетуге тырысқанымен, әзірге бұл бағытта айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Талғат Ластаев визалық мәселе күн тәртібінде тұрғанын және Көлік министрлігі де бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын растады.
"Қазір біз Қазақстандағы Жапония елшілігімен жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені визалық талаптардың жеңілдеуі кез келген бағыттағы әуе қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Виза режимі либерализацияланған кезде әуе қатынасы мен байланыстардың дамуына жақсы серпін береді. Бізде Оңтүстік Корея және Қытаймен де осындай жағдай болды", – деді ол.
Оның айтуынша, визасыз режим болған жағдайда қазақстандықтар белгілі бір елге сапарын және билет сатып алуды оңай жоспарлай алады.
Бір аптада жүріп-тұрудан әрі сөйлеуден қалған: Қазақстандық қыз қызылша салдарынан ауыр дертке шалдықты