Алматыда алапат өрттен аспанды қара түтін басты
Алматының Алмалы ауданында Брусиловский көшесіндегі екі қабатты ғимараттан ірі өрт шықты. Қою қара түтін қаланың бірнеше аймағынан байқалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қою түтін туралы алматылықтар әлеуметтік желіде жазды.
“Алматыда өрт болып жатыр ма? Жақын маңда тұратындар бар ма? Мен алаң жақтан, Қонаев пен Мақатаев көшелерінің тұсынан көріп тұрмын”, “Біз марафон жүгіріп жатқанда, жақын маңда өрт болды. Не болғанын білетіндер бар ма? Барлығы аман-есен болса екен”, “Дәл қазір Тастақ ауданында ірі өрт болып жатыр”, – деп жазды желідегілер.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Алматының Алмалы ауданындағы Брусиловский көшесінде орналасқан екі қабатты ғимараттан өрт шыққан.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде ғимарат ашық жалынға оранған. Өрттің жақын маңдағы нысандарға таралу қаупі болған.
Өрттің ауқымы алыстан байқалған. Қою қара түтін қала үстіне көтеріліп, тіпті таулы аймақтардан да көрінген.
Қазір өрт сөндірушілер жағдайды бақылауға алған. Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар жанып жатқан ғимараттың кімге тиесілі екенін анықтап жатыр.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, өрт сағат 09:37-де оқшауланған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 40-50 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан 350 мыңға жуық тұрмыстық газ баллоны қауіпті деп танылды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов оларды шұғыл ауыстыру қажеттігін айтып, ескі пештер мен тазаланбаған мұржалар да өрт қаупін арттыратынын ескертті. Өткен жылыту маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты жеті оқиға тіркелген. Осыған байланысты жауапты министрліктерге газ баллондарын жаңарту, жарамсыздарын айналымнан шығару және өрттің алдын алу шараларын күшейту тапсырылды.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма
