Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда екі сотталушы түрмедегі бейнебақылау камераларын жұдырықпен ұрып істен шығарған

түрмеде сотталушылар камераларды сындырған
Фото: magnific.com

Маңғыстау облысындағы түрмеде екі сотталушы бейнебақылау камераларын жұлып, үшеуін істен шығарған. Сот олардың әрқайсысына тағы бір жыл түрме жазасын қосты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Маңғыстау облысындағы №77 мекемесінде болған. Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, бірінші жағдайда сотталушы бейнебақылау камерасын жұдырығымен ұрып, кейін оны жалғанған сымдарымен бірге жұлып алған. Соның салдарынан құрылғы толық істен шыққан.

Екінші сотталушы бірден екі камераны бүлдірген. Ол құрылғыларды қосалқы бөлшектерімен және жалғау сымдарымен қоса жұлып тастаған.

Осы әрекеттердің салдарынан мекемедегі үш бейнебақылау камерасы істен шыққан.

"Сот екі жағдайды да қарап, тәртіп бұзғандарға қосымша жаза тағайындады. Әр сотталушының бұрынғы бас бостандығынан айыру мерзіміне тағы бір жыл қосылды. Сондай-ақ бүлінген мүлік үшін олардан материалдық шығын өндірілді", – деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.

Мекеме әкімшілігі мүлікті қасақана бүлдіру заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.

Еске салсақ, Ақтөбеде жазасын өтеп жатқан 10 сотталушыға қатысты қылмыстық іс сотта қаралған еді. Білектерін кескен сотталушылар колонияда бүлік жасады деп айыпталады.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 13:42