Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбе түрмесінен бүлік шықты: Абақтыда білектерін кескен бір топ сотталушы қайтадан сот алдына келді

Сотталушылар
Фото: Stan.kz

Ақтөбеде жазасын өтеп жатқан 10 сотталушыға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Білектерін кескен сотталушылар колонияда бүлік жасады деп айыпталады. Олардың арасында адам өлтіру, зорлау, қарақшылық және терроризмді насихаттау қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқандар бар. Прокурор оларды тағы бірнеше жыл абақтыда қалдыруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақтөбедегі №8 колонияда отырғандарды сот залына арнайы күзетпен әкеледі. Сотталғандарға “топтасып бағынбау әрекетін ұйымдастырды” және “мекеме қызметкерлеріне күш қолданды” деген айып тағылған.

Тергеу мәліметіне сүйенсек, оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында сотталғандарды флюорографиялық тексеруден өткізу кезінде болған. Айыптау нұсқасында әр қатысушыға жеке міндет жүктелгені, медициналық тексеруден бас тартқаны айтылады. Сондай-ақ өздеріне дене жарақатын салып, мекеме қызметкерлеріне күш қолданып, мүлікті бүлдіру арқылы бүлік жасады делінген.

Осы оқиғадан кейін 10 сотталушыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олардың барлығы дерлік – 20-30 жас аралығындағы жастар.

Сотталушылар
Фото: Stan.kz

Ал сотталушылар түрме қызметкерлері өздеріне күш қолданып, ұрып-соққанын айтады. Кейбірі бұған наразылық ретінде өз білектерін кескенін мәлімдеді.

Сотталушы Нұрлан Рахымбек білегін кескен алмасты жерден тапқанын мәлімдеді.

“Сынған қолымды қайырды. “Бақырдың” деп басымды жерге басты. Терезесі жоқ жерге жауып тастады. Мен тек “балаларды жіберіңдер, ұрмаңдар” дедім. Тыңдамады. Ұрып, теуіп тастады. Алмасты жерден таптым”, – деді ол сотта.

Сотталушы Жанадилов те наразылық білдіру үшін өзіне дене жарақатын салғанын айтты.

“Жабылып, мені шлюзден шығарып жіберді. Жасаққа барып, жерден кескіш зат тауып алдым. Наразылық ретінде, осындай нәрсені тоқтату үшін прокурор шақыру үшін өз-өзіме қол жұмсадым”, – деді ол.

Алайда олардың сөзі қаншалықты шындыққа сәйкес келетіні сот барысында анықталуға тиіс.

Сотталушылардың әрқайсысына тағылған айып әртүрлі. Басым бөлігі қылмыстық кодекстің 428-бабының 3-бөлігі бойынша, яғни “қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына топтасып бағынбады” деген айыппен сотталып жатыр.

Бірқатарына қылмыстық кодекстің 429-бабы бойынша мекеме қызметкерлеріне күш қолданды деген қосымша айыптар тағылған.

Сотталушылар:

  • Жасур Жанадилов – 25 жаста. Өзбекстанда туған, ұлты қазақ. 2022 жылы Алматыда қарақшылық жасағаны үшін 5 жылға сотталған. Бостандыққа шығуына жеті ай қалғанын айтты. Жаза өтеу кезінде бірнеше рет тәртіптік жауапқа тартылған.
  • Қасымхан Нағыметов – 21 жаста. Ақтөбе облысында туған. 16 жасында адам өлтіргені үшін 7 жыл 6 айға сотталған. Төрт жылдан бері жазасын өтеп жатыр.
  • Нұрлан Рахымбек – 24 жаста. Ақтөбе облысының тумасы. Тонау қылмысы үшін үш жылға сотталған.
  • Марлен Набиев – 23 жаста. Бұған дейін тонау және бұзақылық баптары бойынша бірнеше рет сотталған. Жаза өтеу кезінде 16 рет тәртіптік жауапқа тартылғаны айтылды.
  • Данияр Салықбаев – 33 жаста. Зорлау қылмысы үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылған.
  • Әлішер Нысаналиев – 20 жаста. Бұған дейін Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша терроризмді насихаттағаны үшін үш жылға сотталған.
  • Барысхан Қосай – 28 жаста. Аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін алты жылға сотталған.
  • Ақылбек Абажанов – 21 жаста. Адам өлтіру қылмысы үшін 11 жылға сотталған.
  • Бекзат Құрманбек – 24 жаста. Ұрлық және қорқытып алу қылмыстары бойынша жазасын өтеп жатыр. Бұған дейін бірнеше рет сотталған.
  • Бағдат Расмағамбетов – 21 жаста. Қорқытып алу және алаяқтық қылмыстары бойынша жазасын өтеп жатыр.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды тағы 6-13 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сот жарыссөзі жалғасып жатыр.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 19:16