Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Денесінде бұған басшылық кінәлі деген жазуы бар": Түрмеден шығуына санаулы күн қалған қазақстандық ер адам қаза тапты

оооооо
Фото: Марқұмның жақындарынан

Атбасардадағы түзеу мекемесінде өзінің жазасын өтеп жатқан Ержұман есімді ер азамат бостандыққа шығуына санаулы күндер қалғанда өз-өзіне қол жұмсап қаза тапты. Марқұмның қарындасы осы оқиға бойынша әлеуметтік желіге әділдік талап етіп, бейнеролик жариялады. Stan.kz тілшісі ер адамның қарындасына хабарласып, мәселенің мән-жайын білді.

Қарындасының сөзінше, Ержұман қазан айының соңына қарай бостандыққа шығатын болған. Алайда 9 қазан күні өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапқан. 

“Анамның WhatsApp месенджеріне түзеу мекемесінің өкілі қаза болғаны туралы хат жазып жіберіпті. Кейін сол түзеу мекемесінің кезекшілеріне хабарласып мән-жайды сұрасам, дүйсенбі күні хабарласуымды сұрады. Ал ағамның қаза болғаны жайлы айтып бастап келе жатқанда, телефонды қоя салды”, – деді Ержұманның қарындасы.

оооооо
Фото: Марқұмның жақындарынан

Осы жағдайдан кейін бірден Ержұманның ағалары Астанаға жол тартып, оның денесін алып келген. Денесінде “Бұған кінәлі басшылық” деген жазу болған. Қарындасының сөзінше, жазуды ол өзі жазуы мүмкін.

“Естуімше, ағамды еден жууға мәжбүрлеген. Ол жерде 20-25 шақты жазасын өтеп жатқандар бар. Ағам еденді жуудан бас тартып, оған басқа жұмыс беруін өтінген. Заң бойынша ағам ол жерді жууға міндетті емес. Ол жерде жұмыс істейтітін белгілі адамдары болады екен. Алайда оны уақытша ұстау изоляторына 1 күнге қамап тастаған. Сол жерде ол 10-15 минут ішінде өзінің сырт киімін шешіп, асылып қалған болып тұр”, – деді Ержұманның ағасы.

Ержұманның қарындасының сөзінше, марқұмның денесінің кей жерлері мен басы тігілген. Марқұмның отбасы бостандыққа шығуына санаулы күндер қалғанда, оның өз-өзіне қол жұмсауына сенбейді.

“Ағам әскерге барып келген соң шаштаразбен айналысты. Кейін Астанаға барып ойын-сауық орындарында балмұздақ, түрлі тәттілер сатып, өзінің бизнесін ашқан болатын. Сол жұмысын істеп жүргенде, жанындағы бір кісімен ерегісіп қалған еді. Ол адам бизнесті алдап тартып алған”, – деді Ержұманның қарындасы.

Ержұманның қарындасының сөзінше, ағасы кәсібін сол адаммен бірге ашқан. Жанжалдан кейін серіктесі оны көлікке апарып, сөйлесуге шақырған. Ержұман бизнесін тартып алғаны үшін тағы да үстіне 500 мың теңге ақша төлеуін ұсынған, алайда серіктесі бас тартқан. Ашу үстінде ол көліктің ішінде отырып, серіктесінің ішіне қайшы сұғып алған. Осы жағдайдан кейін айтқанының барлығын істеймін деп уәде берген. Алайда көліктен шыққан соң бірден полиция қызметкерлеріне барып, мән-жайды басқаша түсіндірген. Оқиға болған жерде полиция департаментінің мекемесі жақын болған еді.

“Көліктен шығып, қолын көтеріп, “мені ұстаңдар, пышақты сұққан мен” деп кінәсін бірден мойындаған. Сот кезінде де өз кінәсін мойындап, 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Міне, биыл ол бостандыққа шығу керек болған”, – деп сөзін қорытындылады қарындасы.

Қазір марқұмның жақындары әділ тергеу болғанын қалайды. Редакция Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен пікір сұраған болатын, әзірге ешқандай жауап жоқ.

Еске сала кетейік, Қарағандыда 500-ден астам адамның сеніміне кірді деп айыпталған кәсіпкер әйелге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Ол Қытайдан тауарларды арзан бағамен жеткізіп беруге уәде берген. Алайда азаматтар оған сеніп, жалпы сомасы бір миллиард теңгеге жуық ақша аударған.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 17:36