Қарағандыда 500 адамды алдады деп айыпталған кәсіпкер әйел сотталмақ
Қарағандыда 500-ден астам адамның сеніміне кірді деп айыпталған кәсіпкер әйелге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Ол Қытайдан тауарларды арзан бағамен жеткізіп беруге уәде берген. Алайда азаматтар оған сеніп, жалпы сомасы бір миллиард теңгеге жуық ақша аударған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленуші Анастасия Семёнова адамдардың кәсіпкерге сенуіне оның сенімді сөйлеп, түрлі жарнама арқылы жұртты иландыра алуы себеп болғанын айтты.

“Адамдар оның әдемі сөйлегеніне сенді. Жақсы алдапты. Мысалы, көлік сатып алуға қатысты түрлі жарнама жасайтын. Олар жарнаманы басқа адамдарға ұсынатын, бірақ көліктерді өздері жеткізбейтін. Осылайша адамдардың сеніміне кіріп, олардан барлық ақшаны аудартқан. “Автовозда соңғы орын қалды, үлгеріп қалыңыздар, сатып алыңыздар” деп асықтыратын”, – деді ол.
Ақмола облысының тұрғыны мессенджерлер арқылы елдің түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдап, алдын ала төлем жинаған. Ол тұрмыстық заттар, киім-кешек, тіпті көлік те сатуға уәде берген. Қызметін блогерлер арқылы жарнамалап, әлеуметтік желіде сән-салтанатты өмірін көрсеткен.
Алайда тауарды алғашқы клиенттер ғана алған. Қалған сатып алушылар екінші жыл қатарынан тапсырыстарын күтіп жүр.
Қазір кәсіпкер әйел мен оның менеджері үйқамақта отыр. Айыпталушының жеті баласы болса, менеджерінің кәмелетке толмаған баласы бар.
Жүздеген жәбірленуші екі әйелді 10 жылға бас бостандығынан айырып, келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттеуді сұраған. Ал прокурор кәсіпкер әйелге бір жылға кейінге қалдыру шартымен 6 жыл 8 ай жаза тағайындауды сұрады.
Айыпталушы өзін ақтауды сұрап, кәсіптегі қиындықтардан соң осындай жағдайға тап болғанын айтты. Оның сөзінше, бостандықта жүрсе, адамдардың ақшасын қайтарып бере алады.
“Жеткізуші ретінде өз міндеттерімді орындай алмадым. Тапсырыс берушілер өте көп болды, сондықтан тауарларды жеткізу мерзімі де ұзарып кетті. Өз мүмкіндігімді асыра бағалап, тауарларды жеткізе алмадым. Адамдарға ақшасын қайтаруға мүмкіндік беруіңізді сұраймын”, – деді айыпталушы.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда клиенттерін 80 миллион теңгеге алдаған туристік агенттік басшысы түрмеден құтылып кеткені туралы жазған едік.
"Танысым да, жұмысым да болған жоқ": Катарда 300-ге жуық маманды басқарып отырған қазақ жетістікке қалай жеткенін айтты