Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда клиенттерін 80 миллион теңгеге алдаған туристік агенттік басшысы түрмеден құтылып кетті

сот
Фото: Kozachkov offside

Алматыда туристік агенттік басшысы шетелге саяхаттау үшін клиенттерден 80 миллион теңге алып, келтірілген шығынды өтемеген. Оған қатысты сот өтті, алайда ол түрмеге қамалған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жуырда Алматы соттарының бірінде Travel Way Kz ЖК басшысы, 27 жастағы Лиана Тавмурзаеваға қатысты үкім шықты. Бұған дейін ол туризм саласында қарапайым менеджер болып жұмыс істеген. Ал 2024 жылы өз компаниясын ашқан.

Әйел бизнесті бастаған соң клиенттер тауып, оларға туристік пакеттер сатқан. Десе де мүлде қызмет көрсетпеген. Кейбір туристер шетелге мүлде ұша алмаған. Тіпті оларға әуе билеттері де рәсімделмеген. Ал басқа клиенттердің қонақүйлері үшін ақы төленбеген.

Осының салдарынан 2025 жылдың жазына қарай 37 адам турагентке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған.

Осыдан кейін Тавмурзаева ұсталып, тіпті бірнеше күнге уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кейін оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.

Кейін әйел екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасады деген айыппен сот алдына келді. Бұл бап бойынша оған 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін еді.

Сотта не деді?

Лиана Тавмурзаева өз кінәсін мойындамаған. Ол керісінше, өзі де алданғанын айтып, туристерден түскен ақшаны серіктесі мен күйеуі иемденіп кеткенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, компанияда қаржылай қиындық туындаған. Бір клиенттен түскен ақшаны басқа клиенттердің сапарын ұйымдастыруға жұмсауға мәжбүр болған. Алайда белгілі бір кезеңде ақша толық таусылып, келтірілген шығынды өтеуге қаражаты қалмаған.

Сот Тавмурзаеваның бұл уәждеріне сын көзбен қарап, оның өзгенің қаражатын иемдену ниеті болған деген қорытындыға келген. Демек сот әйелдің адамдарды бастапқыдан-ақ алдауды жоспарлағанын анықтаған.

Нәтижесінде Лиана Тавмурзаева алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Алайда ол қазір түрмеге қамалмайды.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар жалғызбасты аналарға тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасының орындалуы бала белгілі бір жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін. Осыған байланысты Тавмурзаеваның жазасын өтеуі 2 жылға кейінге қалдырылған. Бұл оның кейін міндетті түрде түрмеге түсетінін білдірмейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар туристік компанияға алданып, шетелде қалып қойғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 11 Тамыз, 2026 09:39