Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қант тапшылығын пайдаланған: Алматылық кәсіпкер компанияларды 52 миллион теңгеге алдаған

Қант сататын алаяқ кәсіпкер
Фото: ЖИ

Алматыда қант жеткіземін деп бірнеше компания мен кәсіпкерлерді алдаған ер адам 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот 59 жастағы Қайрат Жанәбіловті аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленушілер қатарында екі ірі компания мен бірнеше жеке кәсіпкер бар. Қайрат Жанәбілов “Әлеуметтік тапсырыс үстелі “Алтын Жайлау” жеке кәсіпкерлігінің басшысы әрі “Altyn Zhaylyau” ЖШС-нің бас директоры болған. Ол елде қант тапшылығы сезілген кезеңді пайдаланып, кәсіпкерлерге қантты көп көлемде әрі нарықтан төмен бағамен жеткізіп беремін деп уәде берген.

Оқиға 2022 жылы басталған. Сол кезде Қазақстан қаңтар оқиғасынан кейін енді ғана еңсе тіктеп жатқан еді. Нарықта қант тапшы болып, өндіріс орындары шикізат іздеуге мәжбүр болды. Осы жағдайды пайдаланған Жанәбілов жарнама сайттарына қант жеткізуге мүмкіндігі бар екенін жазып, хабарландыру тарата бастаған.

Сол тұста “Евразиан Фудс Корпорэйшн” АҚ майлы және сүт өнімдерін өндіру үшін қантқа шұғыл мұқтаж болған. Компания өкілдері Жанәбіловпен байланысқа шыққан. Бірнеше телефон әңгімесінен кейін ол екі тонна қант жеткіземін деп 1 миллион 100 мың теңгеге шот ұсынған.

Алайда қоймаға бар болғаны 300 келі қант жеткізген. Кейін тағы 7 тонна қант әкелуге уәде беріп, шамамен 4 миллион теңгеге келісім жасаған. Оның 6 тоннасын шынымен жеткізген. Осылайша ол компания менеджерлерінің сеніміне кірген.

Тергеу мәліметінше, Жанәбілов “Евразиан Фудс Корпорэйшн” қантты кез келген көлемде сатып алуға мәжбүр екенін түсінген. Содан кейін ол 20 тонна қант үшін тағы 11 миллион 600 мың теңге төлеуді сұраған. Ақша оның жеке кәсіпкерлік шотына түскен соң, ол байланысқа шықпай қойған.

Кейін сот сараптамасы Жанәбіловтің әрекетінен “Евразиан Фудс Корпорэйшн” АҚ-на 13 миллион 115 мың теңге көлемінде материалдық шығын келгенін анықтады.

Осы компаниядан ақша алып жүрген кезде Қайрат Жанәбіловпен “Феникс компани” ЖШС өкілдері де байланысқан. Олар да өз өндірісінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қант жеткізуші іздеп жүрген. Жанәбілов кез келген көлемде қант жеткізе алатынын, әрі бағасы нарықтан төмен болатынын айтқан.

2022 жылғы 27 мамырда “Феникс компани” бухгалтері “Әлеуметтік тапсырыс үстелі “Алтын Жайлау” жеке кәсіпкерлігінің шотына 40 тонна қант үшін 24 миллион 80 мың теңге аударған. Алайда Жанәбілов шамамен 1 миллион теңгеге ғана, яғни бір тонна қант жеткізген. Қалған ақшаны өзіне қалдырып, тағы да жоғалып кеткен. Сотта “Феникс компани” ЖШС-не келтірілген шығын 23 миллион 105 мың теңге деп есептелді.

Арада бір ай өткен соң кәсіпкер Тараздан бір-ақ шыққан. Сот оның “Атыгаева” жеке кәсіпкерлігінің кеңсесінде кәсіпкер әйелге өзін ірі саудамен айналысатын, кез келген тауарды кез келген көлемде сатып алып, сата алатын адам ретінде таныстырғанын анықтады. Кәсіпкер оның сөзіне сеніп, “Altyn Zhaylyau” ЖШС директорына 43 миллион теңгеден астам азық-түлік берген.

Жанәбілов оған шамамен 28 миллион теңге ғана аударған. Қалған соманы өнімдер сатылған соң, бірнеше айдан кейін төлеймін деп уәде берген. Тараптар келісіп, құжаттарды рәсімдеген. Алайда Жанәбілов тауарды алып кеткен соң, ақшаның қалған бөлігін төлемеген. Кейін кәсіпкер Бахталы Атыгаева 15,5 миллион теңгеге жуық шығын келгенін мәлімдеді.

Осыдан кейін Қайрат Жанәбілов біраз уақыт көрінбей кеткен. Ол қайтадан 2025 жылғы наурызда пайда болған. Бұл жолы оған әлеуметтік желі арқылы “Ай-Ханым” жеке кәсіпкерлігінің өкілдері шыққан. Олар да өз өнімдерін өндіру үшін қант жеткізуші іздеген.

Жанәбілов өзінде қанттың мол қоры барын, ірі көлемде және қысқа мерзімде жеткізіп бере алатынын айтқан. 2025 жылғы 19 наурызда ол “Ай-Ханым” жеке кәсіпкерлігіне 3 тонна қант үшін 1 миллион 320 мың теңгеге шот ұсынған. Бұл жолы ол тауардың бір бөлігін шынымен жеткізген. Бірақ төленген қанттың жартысын ғана әкеліп, қалғанын екі-үш күнде жеткіземін деп уәде берген. Кейін әдеттегідей байланысқа шықпай кеткен.

Осыдан кейін тергеу басталып, іс сотқа жетті. Қайрат Жанәбіловті бірнеше кәсіби адвокат пен қоғам белсенділері қорғаған. Алматы қаласы Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында ол өзіне тағылған аса ірі көлемдегі алаяқтық айыбын мойындаудан үзілді-кесілді бас тартты.

Жанәбіловтің айтуынша, ол бизнеспен 10 жылдан бері айналысады және “Евразиан Фудс Корпорэйшн” компаниясынан қант үшін ақша алғанын жоққа шығармайды. Ол 20 тонна қант жеткізуге уәде бергенін, бірақ іс жүзінде 6,3 тонна ғана жеткізе алғанын айтты. Сотта кәсіпкер өзін серіктестері алдап кеткенін алға тартты.

Оның сөзінше, Е. Амрин есімді адам Меркі қант зауытынан 20 тонна қант жеткіземін деп уәде еткен, бірақ тек 3 тонна ғана сатқан. Ал “Евразиан Фудс Корпорэйшн” алдындағы міндеттемесін орындау үшін Жанәбілов Қ. Қызылалиевке ірі көлемде ақша беріп, қалған 17 тонна қантты Қырғызстаннан сатып алуды тапсырғанын айтқан. Бірақ ол жақта да алданып қалғанын, алайда Қырғызстан полициясына арыз жазбағанын жеткізген. Себебі, оның айтуынша, тәртіп сақшылары мұндай арыздан нәтиже болмайтынын айтқан.

Яғни прокурордың әр уәжіне Жанәбіловтің өз жауабы болған. Ол өз кінәсін мойындамай, тауар жеткізілмей қалуына өзін емес, серіктестерін кінәлады.

Алайда жәбірленушілер оның бұл уәждерін жоққа шығарды. “Евразиан Фудс Корпорэйшн” өкілдері сотта Жанәбіловтің әрекет схемасын егжей-тегжейлі айтып берді. Олардың айтуынша, ол Қырғызстандағы мәселелерді сылтау ете бастағанда, компания қалған қантты Қырғызстандағы филиалына жеткізуді ұсынған. Бірақ Жанәбілов бұл ұсынысты орындамаған.

“Феникс компани” ЖШС бойынша да Жанәбілов 40 тонна қант үшін ақша алғанын мойындаған. Алайда 1,5 тонна ғана жеткізе алғанын айтқан. Қалған 38,5 тонна қантты, яғни 23 миллион 105 мың теңгенің тауарын жеткізбеуін ол “Байлық” жеке кәсіпкерлігіндегі контрагенттерінің кінәсімен түсіндірген. Бірақ “Феникс компани” өкілдері бұл уәжді сотта жоққа шығарды.

Сотта “Феникс компани” ЖШС қауіпсіздік қызметінің жетекші маманы А. Баратов та куәлік берді. Оның айтуынша, компания Жанәбіловтің сенімділігін тексерген кезде оның бұрын алаяқтық үшін сотталғанын анықтаған.

Ал кәсіпкер Бахталы Атыгаевамен арадағы мәселеге қатысты Жанәбілов сотта басқа нұсқа айтты. Оның сөзінше, Атыгаева оның компаниясына 43 миллион емес, 52 миллион теңгенің тауарын жеткізген. Алайда контрагенттері ақшасын қайтармағандықтан, оның алдында 15 миллион 467 мың 500 теңге қарыз пайда болған. Осы ақшаның 4 миллион теңгесін Бішкектен қант сатып алу үшін Қызылалиевке бергенін айтты. Жалпы, Жанәбілов Қырғызстанға 37 миллион теңге бергенін мәлімдеген.

Жанәбілов тарапынан бірнеше куәгер сотта жауап берді. Алайда сот оның бұрынғы жары мен курстасының сөздері тағылған айыптың мәніне қатысы жоқ деп санады. Судья бұл жауаптар сотталушының кінәлі немесе кінәсіз екенін анықтауға ықпал етпейді деген қорытындыға келді.

Нәтижесінде судья Қасымбеков Қайрат Жанәбіловтің кінәсі толық дәлелденді деп тапты. Ол аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін кінәлі деп танылып, колонияға жіберілді. Сот одан жәбірленушілерге келтірілген 52 миллион 325 мың 500 теңге материалдық шығынды өндіріп алуға шешім шығарды.

Бұған қоса, сотталушы 1 миллион 247 мың 655 теңге мемлекеттік баж төлеуге және жәбірленушілерге өтемақы қорына 78 мың 640 теңге аударуға міндеттелді.

Жанәбілов сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Ол және оның қорғаушылары бірінші сатыдағы сот үкімін жоюды, ал Қайрат Жанәбіловті қылмыс жасағаны дәлелденбеді деген негізбен толық ақтауды сұраған. Сондай-ақ қорғау тарапы процессуалдық заң талаптары бұзылып алынған дәлелдерді жарамсыз деп тану қажет екенін мәлімдеген.

2026 жылғы 12 мамырда оның шағымын Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы қарады. Істі судьялар Руслан Баишев, Нұржан Қарабаев және Айгүл Маликова қараған.

Алқа Жанәбіловтің әрекеті дұрыс сараланған деген қорытындыға келді. Сот оның алаяқтық жасау ниеті сатып алушылардың ақшасын иемдену схемасын құру арқылы дәлелденген деген пайым шығарды. Яғни оның нақты тауары да, келісілген мерзімде жеткізуге шынайы мүмкіндігі де болмаған.

Қалалық сот жәбірленушілерге өтемақы қорына төленетін соманы сәл азайтып, оқиғаның кейбір тұстарын нақтылаған. Алайда бұл өзгерістер бірінші сатыдағы сот үкіміне айтарлықтай әсер еткен жоқ. Қайрат Жанәбіловке шыққан үкім заңды күшіне енді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 18:17