"228 миллион шығын": Ақтөбеде жасамаған қылмысы үшін сотталған кәсіпкер ақталып шықты

Ақтөбеде жасамаған қылмыс үшін сотталған кәсіпкер ақталып шықты. Оған кәсіпорындарға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, мемлекетке 228 миллион теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Диапазон” порталына сілтеме жасап хабарлайды.
37 жастағы кәсіпкер іс жүзінде орындалмаған жұмыс пен көрсетілмеген қызметтер бойынша шот-фактуралар жазып берді деген айыппен сот алдында жауап берді.
Тергеу нұсқасы бойынша, ол сыбайластарымен бірге кәсіпорындарға салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, мемлекетке 228 миллион теңге шығын келтірген. Прокурор айыптау нұсқасын кәсіпкердің компаниясында жұмысшылар, техника, нақты жеткізушілер, база мен ғимараттар болмағанымен түсіндірген. Яғни, оның айтуынша, кәсіпкер ЖШС атынан жалған құжаттар рәсімдеген.
Алайда сот процесі барысында айыптау тарапы өз нұсқасын дәлелдей алмады. Ал айыпталушы мен оның адвокаты Жұмабай Арыстанов тағылған айыптың негізсіз екенін дәлелдеді.
"Айыпталушының компаниясы кеме отынын сатумен айналысқан. Нақтырақ айтқанда, делдал болған және мәміледен өз пайызын алған. Сатып алу-сату шарты жасалғаннан кейін тапсырыс өндіруші зауытқа жіберілген. Тауарды сатып алушының өзі алып, өз базасына тасымалдаған. Сондықтан мұндай жұмыс жүйесінде кәсіпкерге сақтау базасы, техника немесе жұмысшылар қажет болмаған. Оған тек ноутбук пен ұялы телефон жеткілікті болған", – деп жазды басылым.
Сот отырысында кәсіпкермен жұмыс істеген компания өкілдері де жауап берді. Олар тауарды кәсіпкердің серіктестігі арқылы шынымен сатып алғандарын жеткізді. Себебі оларда өнімді тікелей зауыттан алуға мүмкіндік болмаған.
Нәтижесінде сот істің барлық мән-жайын зерттеп, кәсіпкердің әрекетінде қылмыс құрамы жоқ деген шешіммен оны толық ақтады. Облыстық сот алқасы бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Енді ақталған азамат заңсыз қылмыстық қудалау үшін мемлекеттен өтемақы талап ете алады.
Оқыңыз