"101-ден тапсырма!" Ақтөбеде прокурор полиция майорына 6 жыл абақты жазасын сұрады
Прокурор №4 Ақтөбе қалалық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бастығының бұрынғы орынбасары Александр Бакшановты 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Полиция майорына қатысты сотта мемлекеттік айыптаушы полковник Ардана Саймағамбетовтың атын бірнеше рет атап, “101” деген сөзбен байланыстырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бакшановқа Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы -билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша айып тағылды.
Іс материалына сәйкес, ол 2025 жылы 25 cәуір мен 15 мамыр аралығында мемлекеттік басқаруға қарсы жемқорлық қылмыс жасаған. Құрылыс нысанында жұмыс істеген 8 шетелдікке қатысты әкімшілік іс заң талаптарына сай емес.

Полиция бөліміне жеткізілген сегіз шетелдіктің тек үшеуіне әкімшілік хаттама толтырып, бесеуін жауапкершіліктен босатқан. Бакшановтың өз өкілеттілігін асыра пайдаланып, олардың ас-сусыз 5 сағат ұстағаны айтылды.
Айыптау тарабының мәліметінше, Бакшанов шетелдіктердің құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берген. Кейін олардың бір бөлігі полиция ғимаратында, соның ішінде қызметтік кабинетте ақысыз жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ істе лауазымды полковниктің есімі аталды.
“Бакшанов бастығы 101-ден тапсырма түскенін, 8 адамның тек үшеуін ғана тіркейтінін айтады. Полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетовті 101 деп атаған.
Оларды әкімшілік жазаға тартпас үшін келісіп, бес адамды босатқанын айтты. Азамат есімді бригадир бір жерде жөндеу жүргізу керек екенін айтады. Құрылыс басына Александр келіп, полиция бөлімінің жөндеу жұмысына алып кетті. Полиция учаскесі, соның ішінде мекеме басшысының қызметтік кабинетін жөндеу керек екенін айтты. Жөндеу жүргізді, ақысыз.
Бакшанов сот шешімімен Қазақстаннан шығарылуға тиіс адамдарды бірден өз кабинетіне кіргізеді. Кабинеттегі жөндеу жұмыстары видеоға түсіп қалады. Бакшанов камера обьективін қағазбен жапқан”, – деді прокурор.
Бақшанов сотта өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сот залынан босатуды сұрады. Кінәсіз екенін, қызметтен өз еркімен кеткенін алдыға тартты.
Бақшанов “101” деген сөздің айтылғанын жоққа шығармады. Алайда оның Саймағамбетовке қатысты айтылғанын дәлелдейтін бейнежазба, аудиожазба немесе басқа да объективті дәлел жоқ екенін айтты.
“101” деген сөз айтылғанымен, оның Саймағамбетов екені дәлелденген жоқ. Қылмыстық істің барлық материалдары, бейне және аудиожазбалар зерттелді. Бірақ “101” дегеннің Саймағамбетов екеніне бірде-бір объективті дәлел жоқ”, – деді Бакшанов.
Сот жарыссөзге келді. Сөз сотталушыға берілді. Бакшанов сөзін 4 қыркүйекте жалғастырады.
Астанада 68 жастағы қарияны металл іздегіштен өтерде шалбарын шешкені үшін жазаға тартты